Латын әліпбиі ұлтты ұйыстырады

Оралдағы қалалық М. Горький атындағы кітапханада Елбасымыздың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Латын әліпбиі кабинеті» ашылды.
Кабинеттің ашылуына Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің өкілдері, мәдениет мекемелерінің басшылары, ҰҰ «Батыс» өңірлік қолбасшылығы мен 5517 әскери бөлімнің тіл мамандары қатысты.
Ашылған латын әліпбиі кабинетінде ұлттық алфавит, семинар-тренингтер, оқу курстары, лингвист ғалымдардың онлайн кеңестері оқытылатын болады. Сондай-ақ, мұнда тек кітапхана қызметкерлері емес, барлық қала тұрғындарымен қатар, Ұлттық ұланның жеке құрамы да латын әліпбиін үйрене алады.
Салтанатты жиында М. Горький атындағы кітапхана директоры Гүлайым Ақашаева, Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тіл секторының меңгерушісі Роза Зайнуллина, Ұлттық ұлан «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жанындағы Халық мәдениеті университетінің ректоры Шәміл Меңдіғалиев, «Батыс» өңірлік қолбасшылығы тәрбие және әлеуметтік-құқықтық басқармасының офицері, капитан Өміржан Ғабит сөз сөйледі.
М. Горький атындағы кітапхана директоры Гүлайым Ақашаеваның сөзіне қарағанда, латын графикасын оқытуға арналған мұндай кабинеттер алдағы уақытта облыс аудандарындағы барлық кітапханаларда ашылмақ. Ал, Батыс Қазақстан облыстық кітапханасында мұндай кабинеттің ашылуы – тарихи мәні бар оқиға.
– Біз тәуелсіздік алғанмен, жазуда тәуелсіздікке қолымыз жетпей жүрген еді. Ал, 2017 жылдың 26 қазанында Елбасы олқылықтың орнын толтырды. Енді жаңа әліпби үлгісі қабылданды. Бұрын екі тілде 76 әріп қолданып келсек, енді бір тілде 32 әріппен жазатын боламыз. Жаңадан ашылып жатқан кабинеттің латын графикасын меңгеруде алар орны ерекше, – деді Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі тіл секторының меңгерушісі Роза Зайнуллина.
Ал, Ұлттық ұланның «Батыс» өңірлік қолбасшылығы жанындағы Халық мәдениеті университетінің ректоры Шәміл Меңдіғалиев өзінің осы графикаға ауысуды 2000 жылдан бері күтіп келгенін айтып, латын жазуының қазақты топтастыруы керектігін алға тартты.
– Біздің бірлігіміз, тірлігіміз мықты болуы керек. Осы жерде жастарға айтарым, латын жазуы – біздің болашағымыз. Сондықтан осы жазуды қазірден бастап үйренуге, жазуға шақырамын, – деді қоғам қайраткері.
– Латын әліпбиіне көшу – заман талабы, жаһандану үдерісіндегі өркениетке апарар жол. Сондықтан латын қарпіне көшетін кезең нақ осы шақ, – деді «Батыс» өңірлік қолбасшылығы Тәрбие және әлеуметтіқ-құқықтық басқармасының офицері, капитан Өміржан Ғабит.
Кітапхана қызметкері Гүлнұр Алғазы латын әліпбиіне көшудің мәні мен маңызын түсіндіріп, латын графикасына негізделген қазақ тілінің жаңа әліпбиімен таныстырды. Жаңа әліпбиде кездеспейтін «ц», «э», «ю» әріптерінің қалай жазылатындығы, сондай-ақ, компьютерде кириллицамен терген мәтінді автоматты түрде латын графикасына аудару үшін конвертерді қолдану, қазіргі пернетақталардағы қазақ тіліне тән әріптерді латын графикасымен жазу үшін пернетақтада қалай теру тәсілі туралы түсіндірді.
Шара барысында көрермендер «Латын әліпбиі кабинетінде» қойылған 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген латын графикасы негізіндегі қазақ кітаптары мен мерзімді басылымдардың көрмесіне куә болды.

Гүлзада ҒҰМАРОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*