Жоспарланбаған ерлік

Түркістан облысының полиция қызметкері Нұрлан Тасболатов өз өмірін қауіпке тігіп, ер азаматты өрттен құтқарды.
3 шілде күні Шымкент қаласы, Қазығұрт шағын ауданындағы тұрғын үйлердің бірінде газ баллон жарылып, өрт орын алған. Полиция капитаны Нұрлан Тасболатов өз өміріне қауіп төніп тұрса да, ерекше ерлік танытып, өрт болған үйден ер азаматты құтқарып алып шыққан. Нұрлан ары қарай өртті сөндіруге белсене көмектеседі. Құтқарушылар жеткенше қарап тұрмай, өрт сөндіргіш құралдардың көмегімен жалынды сөндіре бастаған полиция қызметкері сол кезде көк түтін басқан үйдің ішінен еніп кетіп, өзін де күйік шалып қалады.
«Ол алдымен шуды естіп, далаға шыққан кезде өрт тұтанып жатқанын көреді. Өрт сөндірушілерді күтпей-ақ, ол бірден үйге бет алып, ер азаматты алып шығады. Бұл іс-әрекетімен полиция қызметкері Нұрлан Тасболатов төтенше жағдай орын алған жағдайда адамдарды құтқару азаматтық парызым деп білетінін тағы да бір дәлелдеді», – дейді Түркістан облыстық ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақ командирі, полиция подполковнигі Талғат Сматов.
Қазіргі таңда полиция қызметкері Нұрлан Тасболатов ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы қалыпты. Түркістан облыстық ІІД Жылдам қимылдайтын арнайы жасақтың аға инспекторы, полиция капитаны Нұрлан Тасболатов ішкі істер органдарында 2012 жылдан бері қызмет атқарып келеді. Жоғары білімді заңгер. Спортты жанына серік еткен Нұрлан бокстан спорт шебері. Спорттық жетістіктерінің нәтижесінде ішкі істер органдарына қабылданған. Ұжымда сыйлы, әріптестерінің арасында абыройлы Нұрлан Тасболатов өзін жақсы қызметкер ретінде көрсетіп келеді. Жұбайы екеуі 2 қыз, 1 ұл тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы.

Түркістан облыстық ІІД Мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*