Парламенттік бақылау арта түсті

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің төрағасы Жеңіс Нұрғалиев пен Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің мүшесі Еділ Мамытбеков Ташкент қаласында өткен «Демократияландыру және саяси жүйені жаңғырту жағдайындағы заң шығару және парламенттік бақылау: Өзбекстан тәжірибесі» атты халықаралық дөңгелек үстел отырысына қатысты.
Шараға бірқатар елдердің парламентшілері, сарапшылар, түрлі мемлекеттік органдардың, халықаралық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелдің мақсаты – заң шығарудың халықаралық тәжірибесін талқылау, атқарушы органдарды парламенттік бақылауды талдау және Өзбекстанда жүзеге асқан реформалардың тиімділігін қарастыру болды.
Шараға қатысушылар заң шығару қызметінің қазіргі заманғы әдістері мен қағидаттары, мемлекеттік басқару жүйесіндегі саяси партиялардың рөлі мен орны, Қазақстан, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Италия, Жапония, Канада және басқа елдердегі парламенттік бақылау тәжірибесін салыстырмалы талдау туралы баяндама жасады.
Ж. Нұрғалиев өз сөзінде дөңгелек үстелге қатысушыларды еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық жаңғырту жөніндегі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен таныстырды. Депутат Қазақстанның ішкі саясатының негізгі бағыттары, негізгі стратегиялар мен бағдарламалық құжаттары туралы айтып берді. Ж. Нұрғалиев президенттік өкілеттігінің бір бөлігін биліктің атқарушы және заң шығарушы тармақтарына беру туралы Мемлекет басшысы бастамасының маңызына тоқтала келіп, Қазақстан Парламентінің қызметі туралы хабардар етті. Атап айтқанда, дөңгелек үстелге қатысушылар біздің елімізде жүзеге асқан конституциялық реформа жайында таныстырылды, оның нәтижесінде Парламенттің бақылау міндеттері арта түскені және әлеуметтік-экономикалық саясатты жүзеге асыру мен елдің жай-күйіне Үкіметтің жауапкершілігі күшейтілгені айтылды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*