Веложолақтар 4 жыл салынады

Астана қалалық Сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Бақтыбай Тайталиев веложолақтарды дамыту жоспары туралы айтып берді.
«Біз велосипед инфрақұрылымын дамытудың бес жылдық жоспарын әзірледік. Осы орайда әлемдік тәжірибені де жан-жақты зерттеп шықтық. Арнайы нұсқаулықты дайындадық. Жаңадан құрылыс нормалары мен ережелерін де жазып шықтық. Сөйтіп, барлық жұмыстарды бес жылға жоспарлап қойдық», – деді Б. Тайталиев Халықаралық сәулетшілер конгресінде.
Басқарма басшысының айтуынша, жоспар үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімге сәйкес, мектеп, балабақша, дүкен және басқа да күнделікті нысандарға дейін веложолақтар тартылуы қажет. Одан кейін саябақ сияқты тынығу орындарына дейінгі веложолақтар болуы шарт. Ал үшінші бөлім аясында туристік маршруттар болады. Ондайда қаланың барлық айшықты жерлерін веложолақтармен жүріп көруге мүмкіндік жасалады.
«Жалпы, қала бойынша 1 717 шақырым веложолдар салынатын болады. Биыл 57 шақырым төселді. Қалғаны алдағы төрт жылда жасалады. Бұның барлығы көліктерді азайтып, қаланың экологиясын айтарлықтай жақсартады деген сенім бар», – деп атап көрсетті Б. Тайталиев.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*