Білікті криминалист болу – білімнен

Қылмысты ашуда, тергеуде және қылмыстың алдын алуда криминалист-мамандардың атқаратын рөлі ерекше. Айғақ заттарды іздеп табу, оның қылмысқа қатыстылығын зерттеу сияқты бұлтартпайтын шараларға негіз болатын әдістерді меңгерудің де өзіндік қыр-сыры мол.
Сонымен қатар, криминалистикада қолданылатын техникалар да жыл сайын жаңарып, жетіліп келеді. Яғни, білікті криминалист болу үшін бір саланы ғана меңгеру аздық етеді. Ішкі істер органдарында криминалистердің білімін жетілдіріп отыруға, заманауи техникаларды жетік меңгеруге машықтандыруға айрықша көңіл бөлінеді.
Жуырда Ішкі істер министрлігінің Алматы қаласындағы Оқу орталығының «Криминалистика және арнайы техникалар» циклында криминалистердің біліктілігін жетілдіруге арналған шара өтті. Атап айтқанда, цикл бастығы, полиция подполковнигі Бимаханбет Рысқұловтың бастамасы бойынша 2-курс тыңдаушыларының Алматы қалалық Ішкі істер департаментінің білікті криминалист-мамандарымен кездесуі ұйымдастырылды. ІІД Жедел-криминалистикалық басқармасының бас криминалистері, полиция майоры Эльмира Құсайынова мен полиция капитаны Алмас Далабаев «Сот сараптамасын өткізу тәртібі» атты тақырыпта жан-жақты әңгіме өткізді.
Оқу орталығында бастапқы дайындық курсында оқып жатқан болашақ криминалистер қылмыстарды тергеу барысында сараптаманың қалай жасалатыны, қылмысты тергеу мен ашудың жаңа әдіс-тәсілдері мен техникалардың ерекшеліктері туралы мол мағлұматқа қанықты. Бұл кездесудің мақсаты – Оқу орталығындағы «Арнайы дайындық» және «Криминалистика» пәнінен дәріс алатын тыңдаушылардың теориялық білімдерін тереңдетіп, білікті криминалист-мамандардың тәжірибесін үйрену. Осы мақсаттың орындалуына атсалысқан Алматы қалалық ІІД Жедел криминалистикалық басқармасының мамандарына ризашылық білдірген Оқу орталығының басшылығы оларды «Алғыс хатпен» марапаттады.

Гүлнәр МАҒЗҰМОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*