ШЫҒЫСТЫҢ ПАРИЖІ

ҚР Ішкі істер министрлігі мен ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасындағы меморандум негізінде қызмет бабында қаза тапқан тәртіп сақшыларының жұбайлары мен балалары Аспан асты еліне саяхатқа шыққанын жазған болатынбыз. Қытайдың ежелгі астаналарының бірі – Сиань қаласында 2 күн болғаннан кейін, 3 шілдеде біз «Шығыстың Парижі» атанып кеткен Шанхай қаласына ат басын тіредік.
Шанхай – Қытайдың ең ірі қаласы. Оның қысқаша атауы – Ху екендігін қалаға келгенде бізді қарсы алған Алексей есімді гидтің аузынан естіп-білдік. Расында жергілікті көліктердің нөмірлерінде қытай иероглифімен «ху» деп жазылыпты. Ал «Шанхай» атауы «өзеннің теңізге барып құятын жері» деген мағынаны білдіреді екен. Қытайдың әлемге әйгілі екі ірі өзенінің бірі – Янцзы дәл осы Шанхайдың ішімен өтіп барып, Шығыс Қытай теңізіне құяды. Бұрынғы заманнан ішкі Қытайдың балықшылары Янцзымен теңізге дейін жүзіп барып, балық аулайды екен. Ең алғаш «Шанхай» деген атауды солар қолданған деседі.
Ал біз өзімізше «Шанхай» сөзін «шаңқай түс» деген мағынамен сәйкестендіріп тәпсірлеп жібердік. Себебі, бұл жақтың ауа райы нағыз аптап ыстық орнайтын шаңқай түс мезгілін еске түсіреді екен. Оның үстіне Тынық мұхитына жалғасып жатқан Шығыс Қытай теңізі жағалауынан орын тепкендіктен, бұл жақта ауаның ылғалдылығы қатты байқала түсті. Жергілікті халықты қайдам, басқа жақтан келген біз тас төбеге шыққан күннің астында ыстықтап, бүкіл денеңді ылғал басып, терлеп-тепшігенде өзімізді моншада жүргендей сезінгенімізді де несіне жасырайық…
Алексей бізге Шанхайдың Қытайдағы ең еуропалық стильдегі шахар екендігін егжей-тегжейлі айтып берді. Расында, бұл жақта қытайдың ұлттық стилімен өрнектелген қайқы шатырлы үйлерді аз кездестіресің. Көше қуалай қаз-қатар тығыз тізіліп, бір-бірін басып озғысы келгендей көкке мойын созып жатқан заманауи көпқабатты үйлері өзіміз бармасақ та, теледидардан көріп жүрген Нью-Йорк, Чикаго сынды қалаларды еске түсіреді екен. Сан мың адамы мен көлігі сапырылысып, тіршілігі қыз-қыз қайнап жатыр.
Бір қызығы, бір миллион халқы бар Астанада сағаттап тұратын көлік кептелісіне көзіміз үйреніп, көндігіп қалған біз 25 миллион адам тұратын Шанхайға келгенде кептелістің көкесін көретін шығармыз деп ойлап едік. Сөйтсек, қала көшелерінде кептеліс жоқ. «Шанхайда 6 миллион көлік бар» деп таныстырып жатқан жолбасшымыз Алексейден (бұл негізі оның орысша лақап аты, қытайша шын аты-жөнін біздің тіліміз келмейтін болған соң айтпады) жалма-жан бұл жұмбақтың мән-жайын сұрадық.
– Көлік кептелісі негізінен адамдар жұмысқа баратын және қайтатын кезде, таңғы сағат 7-ден 10-ға дейін және кешкі 5-тен 8-ге дейін болады. Осы уақыттарда аспалы жолдармен Шанхайдың көліктері ғана жүре алады. Басқа жақтың көліктері тек жер жолдармен жүреді, – деп түсіндірді ол.
Иә, Шанхай зәулім үйлер арасымен айқыш-ұйқыш өтіп жатқан жердің бетімен жүретін аспалы жолдарымен және бірнеше деңгейлі сақиналы қиылыстарымен ерекшеленетін қала екен. Халық үшін жасалған осынау құрылыстар қала көшелерінде көлік кептелісін тудырмауға бірден-бір себеп болып отырған көрінеді. Шіркін, осы өркениеттіліктің бір пұшпағы біздің өлкелерге де қанатын жайса деген арман-тілек ішімізде бүлк ете қалды.
Бір таң қалғанымыз – Қазақстандағы Алматы мен Астана секілді Қытайдың ең ірі екі мегаполисі – Шанхай мен Бейжіңнің тұрғындары бір-бірінің тілін түсінбейді екен. Екеуі де қытайша сайрап тұрмын дейді. Бірақ, қытай тіліндегі диалектілер арасының алшақтығы сондай, тіпті бір-бірін түсінбейтін дәрежеге дейін жетеді екен. Елдің шеткері бір түкпіріндегі адам аяғы баса бермейтін шалғай аймақтар болса бір сәрі, Шанхай мен Бейжіңнің бір-бірін түсінбеуі мен үшін шынымен парадокс болды.
Сонымен, біздің осынау әсем қаладағы алғашқы серуеніміз – Янцзы өзені жағалауынан орын тепкен «Шығыс маржаны» деп аталатын биіктігі жарты шақырымға жуық телемұнараға шығудан басталды. Лифтімен 350 метр биіктікке көтерілгенде қаланы алақанға салғандай тамашалауға болатын жабық алаңқайға аяқ бастық. Бұл жерден көкжиекке дейін созылып, кеуде керіп жатқан Шаңхайды және телемұнара орналасқан Пудун жартыаралын айналдыра ағып жатқан сұлу Янцзыны төбесінен көруге болады екен. Керемет көрініс!
Алаңқайдың шеткі жиегін айналдыра әйнек көпір сияқты дәліз орналасыпты. Адамның жүрегінің түгі қаншалықты «ұзын» екенін айна-қатесіз айқындап беретін осы жерге келгенде көбі тайсақтап қалады екен. Өйткені, астың 350 метрлік құз. Сен шынының үстінде тұрсың. «Бәйтерекке» шыққанда басы айналатын біздің кейбір адамдар одан үш есе жоғары әйнек көпірге қалай аяқ бассын?!
Дегенмен, экстремалдарға арналған дәлізге келгенде «тежегішін» басып жатқан кейбір ересек адамдардың қасында біздің топтағы жас балалар одан еш қаймыққан жоқ. Қанша дегенмен, қоғам тыныштығы мен халықтың қауіпсіздігі үшін қызмет етіп, сол жолда өмірлерін қиған батырлардың ұрпағы емес пе! Солардың бірі – азаматтық қорғау майоры Руслан Кәкішевтің қызы Гүлім Русланқызы.
– Осындай биіктен мынадай әсем қаланы өмірімде бірінші рет тамашалап тұрмын, – деді ол таңданысын жасырмай. – Шанхай – өте үлкен әрі сұлу қала екен. Бұл сапар менің жадымда мәңгі сақталады.
Гүлімнің анасы Күлкен Байзақова – Астана қаласы ТЖД-не қарасты №5 Өрт сөндіру қызметінің экономисі. Оның жолдасы Руслан Қожахметұлы өртке қарсы қызмет саласында 21 жыл еңбек етіпті.
– Руслан тумысынан намысшыл, отаншыл азамат еді. Біз 2008 жылы Семей қаласынан Астанаға қоныс аудардық. Жолдасым: «Астана – балаларымыздың болашағы. Сол жақта жаңа өмір бастаймыз», – деп бастамашы болып, арман қуып елордаға келіп едік. Айым, Гүлім атты егіз қызымыз дүниеге келді. Күйеуім Астанадағы №6 Өрт сөндіру қызметінің бастығы болатын, – дейді Күлкен Айтуғанқызы.
Иә, ол оқиға сол кезде бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде көп жазылып, қоғамда дүрбелең туғызғаны есімізде. «Әлем» базарындағы бомбапанада болған өртті сөндіруге барған Руслан Кәкішев пен оның әріптестері – Өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары Саят Абеев және полковник Валерий Зайцев те оқиға орнында қаза тапқан болатын.
Күлкен Байзақова сол уақытта екі жарым жастағы егіз қыздарымен жалғыз қалды. Дегенмен, Русланның жұмыстастары тарапынан да, мемлекет тарапынан да көп қолдау болғандығын және әлі де болып келе жатқанын жеткізген ол:
– Күйеуіме сол кездегі Төтенше жағдайлар министрі В. Божко «Айбын» орденін берді. Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов өзі үйімізге келіп, көңіл айтып, сол кісілердің көмегімен арендалық баспанаға кезектен тыс қол жеткіздік. Қазіргі күнге дейін басшылық тарапынан қолдау-көмектер болып тұрады. Бізді ұмытпай, жолдасымның ел үшін еткен қызметін елеп-ескеріп жатқан оларға рахметімді айтудан жалыққан емеспін. Бүгінгі Қытайға саяхатымызды ұйымдастырған Ішкі істер министрлігі басшылығына қасымдағы тағдырлас аналар атанын алғысымды айтамын, – деді.
Сонымен, біздің Шаңхай сапарымыз «Шығыс маржаны» телемұнарасының жанындағы қалалық музейде жалғасын тапты. Мұнда қаланың қалай пайда болғаны, қалай өсіп-өркендегені толықтай туристер назарына ұсынылған. Қытайлардың өз тарихын дәріптеу, өткенін насихаттау жағынан өзге көп халықтан оқ бойы озық тұрғанын еріксіз мойындап, бас иесің. Сиань қаласында болғанда қытай елінің туристер үшін барлық жағдайды жасағанын, туризмнен орасан зор пайда тауып отырғанын жазған болсақ, бұл қалада да туризм гүлденіп тұр.
Жалпы, «Шығыс маржаны» телемұнарасы орналасқан жер – «Пудун» деп аталатын Шанхайдың ең заманауи ауданы екендігін жоғарыда айтқан болатынбыз. Бұл ауданда телемұнарадан басқа көпшілік «Ашқыш» («Открывашка») деп атап кеткен Шанхайдың бүкіләлемдік қаржы орталығы және биіктігі жөнінен Дубайдағы Бурдж-Халифа мен Токиодағы Аспан ағашы ғимараттарынан кейін әлемде үшінші орын алатын Шанхай мұнарасы орналасқан. Оның биіктігі – 632 метр.
Біз осы алып ғимарат маңында Янцзы өзеніндегі кеме-мейрамханадан кешкі асты ішіп, одан әрі саяхат кемесімен өзенге жүзіп шықтық. Шанхайды көктен тамашалаған қандай ғанибет болса, «Шығыс Парижінің» өзен бойындағы түнгі келбетін кемемен жүріп тамашалау одан өткен әсерлі екен! Бұл қаланың түнгі сұлулығын көрген де арманда, көрмеген де арманда. Пудунды айнала жүзген кемедегі жолаушы туристермен жағаласа жүріп, біз де айналаны таспаға тартып, әсем қаланы артқы фонға алып суретке түсіп қалуға тырысып жатырмыз.
Алматылық Майкүл Кәшкенова бұл сапарға 15 жастағы кіші ұлы Алмас Ержановпен бірге келіпті.
– Қытай халқының мәдениеті мен өнеріне таң қалып жатырмыз. Сиань қаласында болдық. Қытайдың ежелгі тарихымен таныстық. Өзінің өткен тарихын осынша дәріптеп, әлем назарына ұсынып отырған ел өркендемей қоймайтыны анық. Шанхай өзінше бір әлем екен. Ұлым Алмасқа, әсіресе, осы қала қатты ұнады. Мұнда келгенде өзіңнің шетелде жүргеніңді анық сезінесің, – деді ол.
Біз осы сапарда жүргенде Майкүл апайдың Алматыда қалған үлкен ұлы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетін тәмамдап, диплом алыпты. Осы оқу орнында әскери кафедраны да бітіріп, лейтенант шеніне қол жеткізген екен.
– Ұлым менің үмітімді ақтап, өзінің қалаған оқуын жақсы аяқтады. Алдағы уақытта заң саласында қызмет етуді жоспарлап жүр. Әкесінің жолын қуып, ішкі істер саласына келуі де ғажап емес, – дейді баласының жетістігіне марқайған ана.
Майкүл апайдың жолдасы Ержан Қайрақбаев Алматы қаласында жол-патрульдік полициясы қатарында ұзақ жыл қызмет атқарыпты. 2012 жылдың 28 шілдесінде таңертең жұмысқа кетіп, сағат таңғы 8-9-дар шамасында әріптесі Ерназ Қожахметов екеуі Бекмұханов көшесінде күдікті жеңіл көлікті тоқтатады. Оның ішінде бақайшағына дейін қаруланған бірнеше террорист отырған болатын. «Жүк салғышыңды аш» деген сақшылардың бұйрығына жауап ретінде ішінде отырған лаңкестердің бірі оқ жаудырып, екеуін де сол жерде жер жастандырады.
Бірақ, Ерназ Қожахметов басынан оқ тисе де, рациямен дереу басқаларға хабар беріп, террористердің қандай адамдар екенін, қандай көлікте жүргенін айтып үлгеріпті. Артынша Алматының барлық полиция күші жұмылдырылып, тікұшақпен іздеп жүріп, 3 күннен кейін лаңкестердің көзін жояды.
– Алпамсадай екі ер азамат қыршын кетті. Террористердің жазасын бергеніне ризамын. Жолдасым 39 жаста ғана болатын. Мен екі ұлыммен қалдым. Дегенмен, бізді жолдасымның жұмыстастары, басшылары жалғыз тастаған жоқ. Қолдан келген көмектерін аямады. Бұл сапарды ұйымдастырған Ішкі істер министрлігінің басшылығына да алғысым мол, – деп ризашылығын білдірді Майкүл апай.

***

Шанхайдағы Диснейленд – ауқымы мен келушілер саны жағынан әлем бойынша Париж Диснейлендінен кейін екінші орын алады екен. Бірнеше гектар аумақты алып жатқан ойын-сауық кешенін кішігірім қала деуге болардай. Іші небір аттракциондар мен балаларға, тіпті ересектерге арналған түрлі көңіл көтеру орындарына толы. Біз Шанхайдағы екінші күнімізді толықтай осы Диснейлендке арнадық.
Мұнда кіру билетінің құны – 400 юань шамасында. Бізше 20-25 мың теңге. Қытайда мектептер мен жоғары оқу орындарында сабақтар шілде айында бітеді екен. Сол кезде Диснейлендтің нағыз маусымдық қызған шағы басталып, билет құны 500 юаньға дейін көтеріледі. Бірақ, ішіне кіргеннен кейін аттракциондардың бәрі тегін. Қалағаныңа барып, отыра бересің.
Дегенмен, құжынаған қытай Диснейлендтің ішінде де құмырсқадай қаптап жүр. Оған біз секілді алыс-жақын шетелдерден келген туристерді қосыңыз. Сол себепті әрбір аттракционның алды ұзын-сонар кезек. Тіпті, кейбіріне жету үшін 3 сағатқа дейін кезекте тұруға тура келеді.
Ал Диснейлендтің ішіндегі ойын-сауық орындарының қай-қайсы болмасын өзінше бір ертегі әлемі. Оған бір барып көрген адам Диснейлендтке кіру үшін төлеген 20-25 мың теңгесін де, сағаттап кезекте тұрғанын да ұмытып кетердей.
Біздің топпен барған ішкі істер органдары қызметкерлерінің жас балалары үшін Қытай сапарында ең ұнаған әрі есте қалған серуен осы Диснейлендке барған күн болды. Біз оған балалардың өздерімен тілдесу кезінде көз жеткіздік. Қостанай қаласынан келген Дәулет Қайыржанұлы бұл күні бірнеше аттракционға отырғанын, одан күшті әсер алғанын айтып тауыса алар емес.
– Мен биыл 2-сыныпты тәмамдадым. Жақсы оқығаным үшін маған грамота берді. Анам: «Жақсы оқысаң, сені шетелге апарамын», – деп уәде берген еді. Сол уәдесін орындап, міне, Қытайға келдік. Өте қуаныштымын. Енді сабақты бұдан да жақсы оқитын боламын, – дейді қуанышымен бөліскен оқушы.
– Қытайда саған ең ұнаған нәрсе не?
– Әрине, Диснейленд! Мұндағы әрбір аттракцион маған ұмытылмастай әсер қалдырды.
Дәулеттің анасы Гүлжанның айтуынша, ұлының жастайынан ел-жер көруі, Қытайдың әсем қалаларын аралауы оған жақсы оқығаны үшін жасалған теңдессіз сыйлық әрі стимул. Мұндай сапарлар, шетелдің көрнекі жерлерін көру жасөспірімдердің ой-санасын дамытып, дүниетанымын кеңейтетінін айтады ол.
Дәулеттің әкесі Қайыржан Жаппасбаев жол полициясы қатарында еңбек етіп, 2009 жылы қызмет барысында қаза болған.
– Ең алдымен Қостанай облыстық Ішкі істер департаментінің басшылығына рахметімді айтамын. Олар биыл Қытайға сапарға баратындар тізіміне мені қосуға себепші болды. Астана қаласына дейінгі жолымды да төлеп берді. Қоғам тыныштығы жолында өмірлерін қиған біздің жұбайларымыздың артында қалған отбасыларын ұмыт қалдырмай, қолдап, көмектесіп отыратын Ішкі істер министрлігіне үлкен алғыс.
Қытай сапарының мен үшін де қызығымен қоса орасан зор пайдасы болды. Мен бұл жақта жүріп болашақта баламды ағылшын және қытай тілдері курстарына беремін деп шешім қабылдадым. Өйткені, ағылшын тілі секілді қытай тілі де келешектің тілі болатынына көз жеткізіп жатырмыз. Шетелге шыққанда тіл білмеген қиын екен. Ертең балаларымыз да біз секілді қиналмау үшін осы екі тілді білсе, әлемнің кез келген түкпіріндегі адамдармен еркін сөйлесеріне күмән жоқ, – дейді Гүлжан Жаппасбаева.
Шығыстың Парижі – шырайлы Шанхайдан біз «Осындай Диснейлендтердің бірі Астана қаласында да ашылса, елордамыз әлемдік деңгейдегі туристік шахарға айналар еді» деген арман-қиялдың жетегінде қайттық.
(Жалғасы бар)

Ескендір ТАСБОЛАТ,
суреттер автордікі
(Жалғасы. Басы газеттің №50 санында).

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*