Атырау жеріндегі ауқымды істер

Таяуда қызметтік іссапармен Атырау қаласына барып, облыстық Ішкі істер департаменті тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайттық. Шыны керек, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев басшылық еткен кейінгі үш жылда аталған департаментте біраз мәселе шешімін тапқан. Енді ол үш жылдық еңбектің нәтижесі өз алдына, біз биылғы 23 маусымда болған үш үлкен жаңалыққа тоқталмақпыз.

1. Полицейлерге пәтер сыйлады
Қазақстан полициясы күніне орай, Атырау қаласындағы бас алаңда өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандырудағы еңбегін жоғары бағалады. Одан кейін өз қолымен жергілікті 5 полицейдің отбасына «Береке» шағын ауданындағы үйдің пәтер кілттерін табыс етті. Ал Атырау облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев бұл жолғы баспанамен қамтуда алдымен көп балалы, пәтер кезегін ұзақ жыл күткен әріптестер мен жалғызбасты әйел қызметкерлердің жағдайы ескерілгенін айтты. Сондай-ақ, мерекелік шара барысында атыраулық біраз қызметкерге ІІМ тарапынан жолданған марапаттар тарту етіліп, омырауларына төсбелгілер тағылды.
Еске сала кетсек, былтыр Атырау облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің өкілдеріне 21 пәтер табыс етілген болатын. Ал биыл ондай баққа 30 сақшының қолы жетіп отыр. Одан бөлек, бүгінде 80 полицейдің жалға алып отырған тұрғын үйлеріне өтемақы төленуде.
Пәтер кілттерін табыстау рәсімінде әкім Нұрлан Ноғаев биыл облыстық күре жолдарда құрылысы жүріп жатқан 4 полиция бекетінің маңыздылығына да тоқталып өтіп, ІІД басшылығына қоғамдық тәртіпті бақылаудың кешенді жүргізілуі тиістігін тапсырды. Өз кезегінде Аян Дүйсембаев ішкі істер құрылымдарына айрықша көмек көрсетіп жүрген облыс басшысына алғыс білдіріп, алдағы уақытта өңір бойынша пайдалануға берілетін жаңа 34 учаскелік полиция бекетінің де тыныштықты қамтамасыз етуге сеп болатынын жеткізді.

2. Жылыойда ЖБО ашылды
Атырау облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев сол күні өткен Жылыой ауданының әкімшілік орталығы – Құлсары қаласындағы Жедел басқару орталығы жаңа ғимаратының ашылу салтанатына да қатысты. Бұл ретте, Жылыой ауданының әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы жаңа нысанның қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңыздылығына тоқталды. Оның айтуынша, көшелерге ауа райын талғамайтын 250 басқару камерасы орнатылған. Ал кейін көше қозғалысын бір сәтте нысандағы 500 камерадан бақылауға мүмкіндік туғалы тұр. Бұл жаңалыққа негізінен күндіз-түні қоғамдық тәртіпті қадағалайтын аудандық 12 инспектор қуанып қалды.
– Бұрын 3 бөлімге ортақ 1 жазу машинкасын пайдаланатындықтан, күдіктілер топтап құрықталғанда, солар туралы қағаздарды басып шығару үшін кезекке тұратынбыз. Машинкада сия мен қағаз бітпесін деп тілейтінбіз. Өйткені, орталыққа баратын көлік көп артыла бермейтін. Міне, қазір мына жастар үшін қуанып отырмыз. Барлық полиция қызметкерлеріне ел алдындағы міндетін адал атқарып, халық құрметіне бөлене берулеріне тілектеспіз, – деді тергеу саласының ардагері, зейнеткер подполковник Таппатия Бекенов.
Лента қию рәсімінен кейін сала ардагерлері бастаған барлық қатысушылар зәулім ғимараттың ішін аралады. Жалпы аумағы 2 500 шаршы метр ғимарат дербес жылу қазандығы мен генератор, сондай-ақ, өрт қауіпсіздігі үшін аса маңызды сыйымдылығы 50 тонналық су сақтайтын құтымен қамтылған.
Осылайша, төменгі қабатта орналасқан ату тирінен бастап, «102» операторларының жұмыс орны, қару-жарақ сақтау қоймасы, мұрағат бөлмесі, бейнебайланысы бар мәжіліс залымен танысқан меймандар полиция қызметкерлерінің жұмысына сәттілік тіледі. Ал облыстық ІІД бастығы Аян Дүйсембаев өңірде баламасы жоқ лазерлі-мультимедиялық жылжымалы нысандары бар ату тирінің мүмкіндіктеріне тоқталып өтті. Сол сәтте ол тирде қырағылық пен мергендік танытқан полиция қызметкерлерінен бұрын атқан оғын нысанаға дөп тигізді. Айтуынша, мұндай тирлер республиканың біраз өңірінде әлі жоқ көрінеді.
Жалпы, биыл Жылыой аудандық ІІБ-інде тіркелген қылмыс саны алдыңғы жылмен салыстырғанда 28,5 пайызға төмендеген. Орын алған 218 құқық бұзушылықтың ішінде аса ауыр қылмыстар жоқ. Бүгінде бұл ауданның 81 170 тұрғыны бар десек, оның 59 мыңы Құлсары қаласында тұрады.

3. Азғыр ауылында – жаңа полиция бөлімі
Бір күндегі үшінші үлкен жаңалық – Құрманғазы ауданындағы Азғыр ауылдық округінде жаңа полиция бөлімінің ашылуы. Ендігі ретте ондағы қылмыстың алдын алу, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету ісінде еш кідіріс болмақ емес. Өйткені, тәртіп сақшылары бұрын Азғырға 300 шақырымдағы аудан орталығынан ат арытып қатынаса, қазір тәртіпті ауылдың өзінде отырып-ақ күшейтуге мүмкіндік мол. Бөлімнің ашылу салтанатына келген аудан әкімінің орынбасары Жастілек Хасанов, бұрын бұл 7 мыңға жуық тұрғыны бар өңірде құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу бағытындағы жұмыстарды жеделдету өзекті мәселе болғанын айтты. Полицейлерді жаңа бөлімнің ашылуымен құттықтап, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ішкі істер органдары қызметін қолдау ісі жалғасатынын жеткізді.
Ал Атырау облыстық ІІД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Сұлтан Молдашев құқық қорғау органдарының қызмет нәтижесіне тоқталып, биыл облыста қылмыс санының төмендегенін айтты. Енді заманауи құралдардың көмегімен облыс аудандарындағы әр полиция бөлімінің кезекші қызметін ІІД-нің жедел сараптамалық пультіне қосу жұмыстары жүргізілуде. Сұлтан Молдашевтің айтуынша, 58 мың тұрғыны бар Құрманғазы ауданында былтыр 15 қылмыс тіркеліп, оның 11-і ашылған. Бүгінде Сүйіндік, Балқұдық, Азғыр, Асан, Үштаған ауылдарына қызмет көрсететін Азғыр полиция бөлімінде 17 полиция қызметкері жұмыс істейді.
Айта кетсек, 2016-2017 жылдары өңірдегі Қызылқоға, Исатай аудандарының шалғай елді мекендерінде ашылған полиция бөлімдері өміршеңдігін дәлелдеп, қылмыспен күресте нәтижелі жұмыс атқарып келеді. Мәселен, Қызылқоға ауданының Сағыз селосында ашылған полиция бөлімінің 2018 жылғы қызмет қорытындысында аса ауыр қылмыстар мүлде тіркелмеген. Ал оған дейінгі ауыл-аймақтар полиция бөлімімен қамтылмаған жылдары бұл аумақта 3 ауыр және 10 орташа қылмыстар тіркелген екен. Қазір стратегиялық маңызы жоғары Құрманғазы аудандық ІІБ құқықтық тәртіпті күшейтумен қатар, көші-қон, Каспий теңізіне таяу маңдағы заңсыз балық айналымы мәселелерінде шешуші рөл атқарады. Осы жыл басталғалы бері Ресей-Қазақстан тоғысында орналасқан шекара бекеті арқылы елімізге өткен 40 мыңдай көлік қадағаланыпты.

Суреттер Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметінен алынды

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*