Ашуын «аялдамадан» алған…

Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері қала орталығындағы аялдама павильонын қасақана бүлдірген бір топ жастарды ұстады.
Өткен аптада кешкісін бір топ жастар Жамбыл көшесі бойындағы аялдама павильонының маңынан өтіп бара жатып, кенет олардың бірі аялдамаға соққы жасаған. Бұдан кейін олар жан-жаққа қаша жөнеліпті. Оқиға орнына жедел жеткен көлік жасағы олардың барлығын анықтап ұстады. «Жедел басқару орталығының кезекшісінен белгісіз азаматтардың Жамбыл көшесі бойындағы аялдаманы зақымдағаны туралы хабар келіп түсті. Аялдамаға келген соң, бізге қарсылық көрсеткен екі азаматты ұстап, қалалық бөлімге жеткіздік», – дейді Петропавл қалалық ІІБ Жергілікті полиция қызметі жол-патрульдік полициясы батальонының взвод командирі, полиция аға лейтенанты Андрей Шнайдер.
Ашуға бой алдырған 20 жастағы жігіт бұл әрекетін неліктен жасағанын жөнді айтып бере алмады. Аталған фактіге қатысты материал жиналып, сотқа жөнелтілді.
Полицейлер ескерткендей, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 434-бабы 5 айлық есептік көрсеткішке дейінгі көлемде айыппұл салуды көздейді. Бұл – 12 мың теңге не болмаса 10 тәулікке қамауға алынуы мүмкін.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*