ІІД қызметкері – үздік ойыншы

Солтүстікқазақстандық күш құрылымдарының қызметкерлері шағын футболдан өткен жарысты қорытындылады.
Полицейлер, құтқарушылар, Қылмыстық атқару жүйесі, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес, Ұлттық қауіпсіздік комитеті департаменттері мен Ұлттық ұлан Әскери институтының қызметкерлері өз араларында мықтыны анықтады.
Шағын футбол «Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамы өткізген спартакиаданың бағдарламасына енген жеті спорт түрінің бірі болды. Футбол десе, ішкен асын жерге қоятын жігіттер бұл ойын түрін сүйіп ойнайды. Өйткені, футбол топ болып жұмыс істеуге үйретеді әрі үлкен төзімділікті қажет етеді.
Жарыс өткен екі күннің нәтижесі бойынша финалға ҰҚКД мен Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД аппаратының командалары шықты. Соңғы шешуші кездесу тартысты өтіп, гол соғуға оңтайлы сәттер көп болды. Осындай сәттерді ҰҚКД-ның қызметкерлері жақсы пайдаланып, жеңіске жетті. Есеп 6:2. Осылайша олар жақында өткен өздерінің кәсіби мерекелері – Ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері күніне орай сыйлық жасады. Екінші орын – облыстық ІІД қызметкерлерінде, құрметті үшінші орын – Қылмыстық атқару жүйесі департаментінің командасына бұйырды.
«Динамо» денешынықтыру-спорт қоғамының бас маманы Галина Скорых айтып өткендей, «Үздік ойыншы» номинациясында ІІД қызметкері Таңат Мәденов, «Үздік қақпашы» аталымында ҚАЖД-дан келген Андрей Юнусов және «Үздік қорғаушы» аталымында ҰҚКД қызметкері Бахтияр Дүйсенов бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жүлделі орын алған командалардың капитандарына кубоктар мен грамоталар табысталды. Қатысушылар спорттық костюмдермен, футболкалармен, «Динамо» логотипі бейнеленген медальдармен марапатталды.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*