Автокөлік өртіне абай бол

Атырау облысында автокөліктердің жануы тұрғын үй секторындағы өрттерден кейін екінші орын алады. Сондықтан Атырау облысы Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері автокөліктердегі өрт қауіпсіздігіне үлкен көңіл бөледі.
Жуырда облыстық ТЖД қызметкерлері Ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметімен бірігіп, «Автокөліктердегі өрт қауіпсіздігі» іс-шарасын өткізді. Шара барысында Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері автобустар мен жеңіл автокөліктерді тоқтатып, ал аудандық Төтенше жағдайлар бөлімдерінің қызметкерлері жүргізушілерге іс-шараның мақсатын түсіндіріп, сонымен қоса, автокөліктердегі өрт жағдайы туралы ақпарат беріп, өрт сөндіргіш құралының бар-жоғын тексерді.
Автокөліктегі өрттердің көбі көліктердің техникалық ақауынан және қозғалтқыш бөлігіндегі ток сымдарының қысқаша тұйықталуынан орын алады екен. Осыған байланысты төтенше жағдайлар мамандары автокөлік жүргізушілеріне көліктегі ток сымдарына назар аударып тұру маңызды екенін ескертті.
Аудандық ТЖБ қызметкерлері жүргізушілерге көлікте өрт болған жағдайда қандай шара қолдану керектігін айтып, «101», «112» нөмірлеріне хабарласу керектігін де еске салды. Қосымша жадынамалар таратылып, жүргізушілерге ақ жол тіледі.
Шара барысында 250-ге жуық автокөлік тоқтатылды. Айта кететіні, көлік жүргізушілері де бұл шараға түсіністікпен қарады.

Сәбит БОРАШЕВ, Атырау облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*