Кондукторлар жұмыссыз қалмайды

Астана LRT Басқарма төрағасы қоғамдық көлікте келешекте кондукторлар болмайды деген БАҚ ақпаратына түсініктеме берді.
Автобус жолақысы үшін жаңа тарифтің енгізілуі туралы баспасөз конференциясында «Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов жаңа жүйенің енгізілуімен қатар кондукторлардың қызметіне де қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, кондукторлардың бір бөлігі қоғамдық көлік саласында жұмысын жалғастыра береді.
«Біз бұрын да айтқанбыз, қазір де қайталаймыз, кәсіби шеберлігін көрсете білген кондукторлар Көліктік бақылау департаментіне жұмысқа шақырылды, департамент қоғамдық көлік саласындағы бұзушылықтарды анықтап, жоюды жүзеге асырады. Сонымен қатар, кондукторлардың бір бөлігі автопарктердің бақылау-желілік қызметіне ауысады. Кондукторлардың тағы бір бөлігі автобустарда ЖТЭЖ жұмысы жөніндегі кеңесші болып жұмыс істейтін болады», – деді Игенбердинов.
Сондай-ақ, басқарма басшысы жаңа жүйенің енуіне байланысты алаяқтықпен күресу жолдарын да айта кетті. «Алаяқтықты болдырмау мақсатында көліктік бақылау департаментінде арнайы инспекторлар жұмыс істейді. Олар кез келген уақытта, кез келген автобусқа кіріп, валидаторды істен шығарып, жолаушылардың картасын арнайы құрылғы арқылы тексеріп шығады, жолаушының жолақыны төлемегені анықталған жағдайда қолма-қол төлеу талап етіледі. Егер одан бас тартса, «қоғамдық көлікте жол жүргені үшін ақы төлеуден жалтару» және «қалалық жəне қала маңындағы қоғамдық көлікті пайдалану қағидаларын бұзу» айыптары бойынша екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде (2018 ж. 2 АЕК – 4 810 теңге) айыппұл салынады», – деді басқарма басшысы.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*