Сақшыға сабыр мен төзім керек

Құқықтық тәртіпті нығайту, қылмысқа қарсы күресті өрістету тұрғысында қолға алынып жатқан ауқымды шаруалар баршылық. Заң талаптары құқық қорғау органдарына, оның ішінде ішкі істер органдары қызметкерлеріне үлкен міндеттер жүктейді. Осы жолда полиция қызметкерлерінің көтерер жүгі де жеңіл емес. Олар егемен еліміздің құқықтық мемлекет болып қалыптасуына үлестерін қоса отырып, қоғамымыздағы белең алған заңсыз іс-әрекеттерге және қылмыс атаулының барлығымен белсене күрес жүргізуде.
Осы орайда, біз мызғымас тәртіптің арқасында қызмет қөрсететін аумағында тыныштықты ретке келтіріп, қоғам игілігіне жұмыс жасап отырған тәртіп сақшыларының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында осы салада табан аудармай қызмет жасап келе жатқан білікті азамат, ЖПҚ Темір жол ПБ бастығының орынбасары, полиция майоры Серік Өнербаевтың пікірін білуді жөн көрдік.
– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «Ел азаматтары полиция қызметкерлерін өздерінің қорғаушысы ретінде танып, өз қауіпсіздіктерін сезінуі тиіс» деп атап өткен болатын. Бұл әрбір тәртіп сақшысына үлкен жауапкершілікті жүктейді. Өйткені, еліміз үшін адам өмірінің қауіпсіздігі – басты назарда, – деп бастады әңгімесін Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің бастығының орынбасары Серік Сенбекұлы. – Біздің бөлімшеде бүгінгі таңда 22 қызметкер жұмыс істейді. Олардың басты мақсаты – қоғам тыныштығын күзетіп, халықтың бас амандығын қамтамасыз ету.
Серік Өнербаев күнделікті қызметте адамдармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау мәселелерін шешуге атсалысып, бүгінгі күні полицияның абыройын асқақтатып жүрген жандар жайлы да айта кетті. Өздеріне жүктелген қызметтік міндеттерін адал атқарып, аудан тұрғындарының тыныштығын қамтамасыз етуде, қылмыспен күресте айтулы еңбек етіп, қырағылық танытып жүрген бөлімше озаттары ретінде полиция бөлімшесінің учаскелік инспекторлары, полиция майоры Иман Абаханов, полиция капитандары Ерасыл Сейілхан, Евгений Валетин және Қанат Айтжановты мақтанышпен атап өтуге болады.
Темір жол полиция бөлімінде қоғамдағы тыныштықты сақтау жолында аянбай еңбек етіп, қылмыстың алдын алу мен оны анықтауда мол үлес қосып келе жатқан майталман мамандармен қатар жастар да баршылық. Мәселен, Асыл Жұманов пен Жалғас Тұрсынов сынды жас мамандар бүгінде сенімге ие болып, артылған міндеттерді жауапкершілікпен атқаруда.
Серік Сенбекұлының айтуынша, қабылданып және іске асырылып жатқан іс-шаралар нәтижесінде Темір жол полиция бөлімінің қызмет көрсететін аумағында криминогендік ахуал тұрақты. Жыл басынан бері қызмет көрсететін көшелерде жиі орын алатын бұзақылықтардың біршамасы тыйылған. Әрине, мұның барлығы бойына борыш пен намысты, ар ұғымы мен адалдықты серік еткен, қоғамымыздағы тыныштықты сақтауда, қылмыспен күресте аянбай еңбек етіп жатқан тәртіп сақшыларының ерен еңбегінің нәтижесі екені анық.
Қоғам қауіпсіздігі жолында еңбектеніп жүрген сақшылар ұдайы қоғамдық шараларға да қатысып отырады. Ішкі істер бөлімі қызметкерлері арасында ұйымдастырылатын көркемөнерпаздар байқауы мен спорттық сайыстарда өз өнерлерін паш етіп жүрген қызметкерлер аз емес. Мәселен, Абылай Сатбаев, Қанабек Азиров сынды спортшы азаматтар облыстық, қалалық волейбол жарыстарында жүлделі орындарға ие болып жүрген жандар. Әңгіме соңында Темір жол ПБ бастығының орынбасары С. Өнербаев әріптестеріне лебізін білдірді.
– Әріптестерімнің отбасыларына амандық, бірлік, жұмыстарына жетістік тілеймін. Қоғамның тыныштығы, халықтың қауіпсіздігі – біз үшін аса маңызды міндет. Осынау абыройлы да аса жауапты міндет биігінен көріну жолында біздің Ішкі істер бөлімі қызметкерлері күш-жігерін аянбай, ел алдындағы антына адал қызмет ете берсін, – деді.
Полиция қызметкері болу онай емес. Ол үшін білім де, білек те керек. Сабыр төзім және қажыр-қайрат қажет. Шапшандық пен жылдамдық, тез шешім қабылдап, жылдам әрекет ете білу қабілетті полицейге қажетті басты қасиеттердің қатарында. Ұстамды болуы, адамдармен араласа білуі, сыпайы болуы да аса маңызды. Олай болса, осындай толып жатқан талаптардың үдесінен шығып жүрген полиция қызметкерлеріне шын жүректен жұмыстарына толағай табыстар тілейміз.

Сәулет ХАМЗЕҚЫЗЫ, Қарағанды қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*