Бүлдіршіндер үшін пайдалы дәріс

Облыстық ТЖ департаменті қызметкерлері «Солтүстік Қазақстан облысының жастар саясаты мәселелері басқармасы» КММ, «Солтүстік Қазақстан облысы Жастар ресурстық орталығы» КММ және «Нұр Отан» партиясының «Жас Отан» Жастар қанаты еріктілерімен бірлесіп, Солтүстік Қазақстан облыстық Балалар ауруханасы базасында стационарда емделуде жатқан балалармен сабақ өткізді.
Профилактикалық жұмыс барысында балаларға суда өзін қалай ұстау керектігі, қаладағы шомылуға тыйым салынған орындар туралы ақпарат беріліп, суда зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсету ережелері көрсетілді. Оқу материалдарын жетік ұғыну үшін балаларға азаматтық қорғау тақырыбы бойынша бірқатар мультипликациялық фильмдер ұсынылды. Сабақ барысында балалар азаматтық қорғау саласындағы негізгі аспектілер бойынша жақсы білімдерін көрсетіп, белсенділік танытты.
Балаларға өрт қаупі кезеңінде қауіпсіздік шараларын сақтау, табиғатқа шыққан уақытта отты пайдалану кезіндегі ықтимал қауіптер туралы мәліметтер жеткізілді. Құтқарушылармен бірге түсіндіру жұмыстарына еріктілер қатысты. Жастар ресурстық орталығының өкілдері мен «Жас Отан» Жастар қанаты еріктілері оқушылармен өртке қарсы ережелер бойынша викторина өткізіп, оларға жаднамалар тапсырды.
Оқу қорытындылары бойынша облыстық Балалар ауруханасының басшылығы ТЖ департаменттің қызметкерлеріне кішкентай емделушілермен өткізілген сабақ үшін алғыстарын білдірді.

Қуат МАХМЕТОВ, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*