Оқу орталығындағы бір күн

Астана іргесіндегі 40-шы стансада орналасқан ІІМ-нің Оқу орталығы – тыңдаушыларды жоғары адамгершілікті, тұлғалық және кәсіби маманданған азамат ретінде қалыптасуға дайындайтын іргелі білім мекемелерінің бірі. Соңғы 25 жыл бойы ішкі істер саласының жол-патрульдік, учаскелік, күзет қызметіне мамандар дайындап келе жатқан оқу ордасының бір күндік жұмысымен, дайындық сабақтарымен танысып, кураторлармен және тыңдаушыларымен етене жақын әңгімелесіп қайтқан едік.
Оқу орталығына келген бойда «Әлеуметтік және жалпықұқықтық пәндер» циклінің аға оқытушысы, полиция подполковнигі Мұрат Мейрамұлы бізді білім мекемесімен, басшы құраммен таныстырып өтті.
Жалпы оқу орнының тарихына келер болсақ, 1993 жылы 8 қаңтарда ІІМ бұйрығымен Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасының қатардағы және кіші басшы құрамның кәсіби даярлық мектебі болып құрылған. Білім ордасының құрылуына бастамашылық еткен – Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбековтің еңбегін ерекше атап өту керек.
1993 жылдан 2001 жылға дейін мектепке КСРО ІІМ-нің жоғарғы тергеушілік мектебінің түлегі, қатардағы тергеушіден Ақмола облыстық ІІД-нің бастығы лауазымына дейін көтерілген, 2001 жылы зейнеткерлік жасқа жетуіне байланысты демалысқа кеткен полиция полковнигі В. Тарасенко басшылық еткен.
Оқу орталығына заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі С. Қаракүшевтің басшылық жүргізген 2001-2013 жылдар аралығында білім ордасы уақыт озған сайын қоғам дамуына ілесіп, өркен жая түскен.
Қазіргі таңда Ішкі істер министрлігінің құрылымдық бөлімшелерінің бірі болып табылатын Астана қаласындағы Оқу орталығын 30 шақты ғылыми еңбектің авторы және 10-нан аса оқу құралын жазған, практикалық және ғылыми педагогикалық қызметте тәжірибесі мол заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Мұрат Исмағамбетов басқарып отыр. Мұрат Әшкенұлы оқу орталығында қызметкерлердің ғылыми жұмыстармен айналысуына жағдай туғызып қана қоймай, сонымен бірге, спортқа да ерекше көңіл бөледі. Өзі қоян-қолтық ұрыстан спорт шебері, сондықтан болар, оқытушылар құрамы мен тыңдаушылардың спорттық жарыстарға дайындалуына әрдайым жағдай жасап, жүлделі орындар алуларына басты себепкер болып келеді.
Оқу орталығы туралы сұрағанымызда:
– Өзім жетекшілік етіп отырған оқу орталығына 2014 жылдың мамыр айында басшы болып тағайындалдым. Ол кезде біздің Оқу орталығы Ақмола облыстық ІІД-нің құрамына кіретін. 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап ІІМ-нің Астана қаласындағы Оқу орталығы деп аталды. Бүгінгі тыңдаушы – ертеңгі құқық қорғау органдарының қызметкері. Сондықтан біз осы саланың болашақ мамандарын даярлаймыз, – деді Мұрат Әшкенұлы.
Сұхбат барысында оқу орталығында кәсіби мамандығына сай арнайы заңдар оқытылып, құқықтық тәрбие жүргізіліп қана қоймай, күдіктіні, қылмыскерді қалай ұстау керектігі және оларды тексеру, тағы басқа практикалық сабақтар оқытылатынынан хабардар болдық.
«Сабақ үстінде жаңаша әдіс-тәсілдер мен слайдтар, кодекстер, заңнамалар мен нормативтік-құқықтық актілер кеңінен пайдаланылады. Ашық сабақтар мен көрнекі сабақтар және жас оқытушыларды дайындау мектебі жұмыс жасайды. Тыңдаушылар сабақта топтарға бөлініп, жарыс түрінде өткізіледі. Мұндағы негізгі мақсатымыз – әр жас қызметкердің ашылып сөйлеп, өз ойларын заңды түрде дәлелдеулеріне үйрету, – деді Мұрат Исмағамбетов.
Оқу орталығында жалпы саны 58 қызметкер болса, оның 37-сі – офицерлік лауазымдағылар. Оқытушылар қатарында 2 заң ғылымдарының кандидаты, 5 магистр және 5 спорт шебері бар.
Оқу орталығы жалпы төрт циклде жұмыс істейді. Олар: «Әскери пәндер және денешынықтыру дайындығы», «Әлеуметтік және жалпықұқықтық пәндер», «Криминалистика және арнайы техника» және «Арнайы пәндер» циклдері.
Қатардағы және кіші құрам тыңдаушылары мен орта басшы құрам тыңдаушыларына теориялық білім: жалпықұқық, кәсіби даярлық, криминалистика негіздері, психологиялық дайындық, арнайы техника, атыс даярлығы, жауынгерлік күрес тәсілдері, алғашқы медициналық көмек, адам құқығы, жарғылар және факультативтік пәндер бойынша жүзеге асады.
Жасалған қылмыстарды ашуда криминалистиканың атқаратын рөлі үлкен. «Криминалистика және арнайы техника» циклінің бастығы, полиция подполковнигі Саят Болатбекұлы осы салада 15 жылдан астам қызмет етіп келеді. «Криминалистика негіздері» пәні туралы:
– Криминалистика сабағында тыңдаушыларға саусақ таңбаларын алуды үйретеміз. Олар дактокарталарды толтырады және термокриминалды фотоаппаратпен жұмыс істейді. Сол арқылы қылмыс болған орындарды түсіріп, арнайы бағдарлама бойынша фоторобот жасаймыз. Әртүрлі жағдайды талқылап, сабақ барысында шешуге тырысамыз, – деді Саят Болатбекұлы.
Одан кейін «Адам құқықтары» пәнінен сабақ жүргізіп жатқан отставкадағы полиция подполковнигі Алмагүл Ерсайынқызының сабағына келдік. Онда Астана қаласы мен Ақмола облысынан біліктілігін жоғарылату үшін екі аптаға оқуға келген қызметкерлер білім алып жатыр екен. Олар үш жылда бір рет біліктілігін арттыру үшін оқуға келіп отырады. Біліктілігін арттыру және қайта даярлау курсының тыңдаушылары өз салалары бойынша жаңадан шыққан заңнамалар мен оларды жаңа мәтінде қалай қолдану керектігін үйреніп, кәсіби біліктіліктерін көтереді. Сабақтар аяқталған соң, сертификат алып, қызметке аттанады.
«Әлеуметтік және жалпықұқықтық пәндер» циклінің оқыту деңгейімен, тыңдаушылармен атқарылатын тәрбие жұмыстарымен, жыл бойы циклдің жасаған іс-шараларымен жете таныстық. Циклдің негізгі мақсаты – методикалық оқу жұмыстарын ұйымдастыру. «Жалпықұқық», «Адам құқығы», «Алғашқы медициналық көмек», «Психологиялық дайындық» пәндері бойынша дәріс және тәжірибелік сабақтарды оқытумен айналысады. Цикл бастығы, полиция подполковнигі Наталья Витальевна өз циклінде осы оқу жылында бірнеше дөңгелек үстел өткізгендігін және ол туралы БАҚ-та мақалалар шығып жатқанын айтты. Ал «Мемлекеттік тіл және ақпарат» тобының инспекторы Зұлқия Тұрсынбайқызы жұмыста іс-шаралардың барлығы мемлекеттік тілде өтіп жатқанын әңгімеледі.
«Әскери пәндер және денешынықтыру дайындығы» циклінің «Жауынгерлік күрес тәсілдері», «Атыс даярлығы» сабақтарында тапанша мен автоматты қарудың жалпы құрылысы, негізгі бөлшектері және қаруды қалай дұрыс қолдану үйретіледі.
Оқу орталығында 5 дәрісхана, компьютер сыныбы, мәжіліс залы, кітапхана, асхана, казарма және спорт кешені бар.
Бүгінде Оқу орталығында 7 отыздық білім алып жатыр. Олардың екеуі офицерлік, бесеуі сержанттық құрамды оқытады.
Ең жас тыңдаушы, 1999 жылы дүниеге келген Бахаш Қайратқызы:
– Мен Маңғыстау облысынан келдім. Құқық қорғау саласында қызмет ету бала күнгі арманым болған. Келгеніме бір айдан аса уақыт өтті. Оқу орнының күн тәртібіне, жарғылық талаптарына жаттығып қалдым. Осы салада жұмыс істеп, еліме өз үлесімді қосқым келеді, – деп ойымен бөлісті.
Ал тыңдаушылардың ең үлкені Айсұлу Иманова 1984 жылы дүниеге келген. Екі баланың анасы. Бірнеше жыл бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеп, осы Оқу орталығында дайындық курсынан өтіп, жұбайы сияқты құқық қорғау саласында қызмет етуді мақсат тұтатынын айтты.
Орталықтың оқытушысы, полиция аға лейтенанты, гуманитарлық ғылымдардың магистрі Әлия Берікқызы оқу орнында сабақ беріп қана қоймай, ғылыми ақпараттық мақалалар жазады. 2016 жылы заң ғылымдарының кандидаты, полиция полковнигі Мұрат Әшкенұлымен бірге Қылмыстық кодекс бойынша оқу құралын жазған. Бүгінгі таңда бұл оқу құралын басқа оқу орталықтары өздерінің қызметтерінде қолданып жүр..
Репортажымыздың соңында спорт кешенінде денешынықтыру дайындығы жұмыстарына куә болдық. Оқу орталығында самбодан спорт шебері Данияр Хайратұлы, Дамир Аманжолұлы, боксшы Бауыржан Сматов, тағы да басқа спортшылар бар. Бауыржан Сматовтың өзге спортшылармен бірге жүргізіп жатқан жаттығу жұмыстарын тамашаладық.
Бізге Оқу орталығының тыныс-тіршілігін таныстырған Мұрат Мейрамұлы тыңдаушыларға жалпықұқықтық және психология пәндерінен сабақ береді. Өз пәнінде құқықтың негізгі салалары туралы, Конституция, тәуелсіз мемлекеттің құрылымы бойынша түсініктер мен әкімшілік, қылмыстық құқық бұзушылықтар туралы тақырыптарды қарастырады. Алдын алу шаралары, қолданылатын жазаның түрлері туралы негізгі түсініктеме жасайды. Тәжірибелік сабақтарында тыңдаушылармен жарыс түрінде әкімшілік және қылмыстық баптарды сабақ барысында талдайды. Ал «Психологиялық даярлық» пәнін құқық қорғау органдарының экстремалды жағдайларында қызметкердің заңдылықты сақтап, тез шешім қабылдауға және қаруды қолдана білуіне үйретіп, толық міндеттерін заңға сүйене орындауға жаттықтырады.
Ал курс бастығы Мұрат Дауылбайұлының міндетіне Оқу орталығына келген тыңдаушыларды қабылдау, олардың іс-қағаздарымен танысу, оқу орнының ішкі тәртібімен таныстыру, топ-топқа бөліп, отыздық командирлерін тағайындау, оқу орталығының аумақтарын қадағалау, таңертеңгі, түскі және кешкі асты өткізіп, топ командирлеріне бұйрықтар беріп, саптық дайындық жүргізу кіреді.
Елордамыздағы полиция қызметі үшін мамандар дайындайтын жалғыз оқу орнында сабақ өткізетін дәрісханалардың жеткіліксіздігі мен казарманың тарлығы болмаса, Оқу орталығы жыл сайын қанат жайып, білікті басшының жетекшілік етуімен, оқытушылар құрамы бойындағы бар білімі мен мол тәжірибесін болашақ полиция қызметкерлеріне үйретуден жалықпай, беделді оқу орындарының қатарында келе жатқанына куә болдық.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суреттер Қанат КӨЛБАЕВТІКІ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*