5 келі героин

Петропавлда жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Интернационал және Театральная көшелерінің қиылысында есірткі бизнесіне қарсы күрес бөліністерінің қызметкерлері күдікті автокөлікті тоқтатып, оның ішінен есірткі затын тәркіледі.
Аса ірі мөлшерде есірткі заттарын сақтады деген күдікпен көліктің ішіндегі петропавлдық үш жолаушы ұсталды.
Автомашинаны қарау барысында артқы жолаушы орындығынан спорттық сөмке тәркіленіп, ішінен полимерлік материалмен оралған және «Лавр жапырағы» – арнайы дәмдеуішпен жасырылған 7 пакет шықты. Әр пакеттегі ақшыл түсті, арнайы иісі бар ұнтақ тәрізді затқа сот-химиялық сараптама жүргізілгенде салмағы 4 келі 975 грамм болатын героин есірткі заты екені анықталды.
«Қазіргі уақытта күдікті адамдар Петропавл қалалық ІІБ уақытша ұстау изоляторына орналастырылды. Аталған фактіге қатысты Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу әрекеттері жүргізілуде. Бұл бап 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады. Сотқа дейінгі тергеу аясында есірткі заттарының облыс аумағына қайдан келгені анықталмақ», – деді Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Жандос Басыбаев.
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысы аумағында есірткімен байланысты 150 қылмыс анықталып, заңсыз айналымнан 70 келіден астам есірткі заттары алынған.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*