Күміс көмей көлік сақшылары

Жуырда Ақтөбеде Көліктегі Ішкі істер департаментінің қолдауымен Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында Астана қаласының 20 жылдығын мерекелеуге және «Бақытты балалық шақты қорғау» жобасын іске асыруға арналған «Ел жүрегі – Астана» атты патриоттық ән байқауы өтті.
Республикамызда іргелі оқу орнына айналған, Қазақстанды әлемге танытып жүрген Димаш Құдайбергеновтің түлеп шыққан киелі оқу орны – А. Жұбанов атындағы музыкалық колледжінде салтанатты түрде өткен шараға Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал, Қандыағаш ішкі істер желілік бөліністерінің қызметкерлері және олардың өнерге жақын отбасы мүшелері қатысты.
Бұл ән байқауы ұрпақтар сабақтастығын қамтамасыз етуге, ішкі істер органдары қызметкерлерін мәдени және рухани тұрғыда дамытуға, сондай-ақ, қазақстандық полицияның оң имиджін нығайтуға бағытталды. Батыс өңірінің ішкі істер желілік бөліністерінің қызметкерлеріне сый-сияпат көрсетіліп, жан-жақтан келген өнерпаздарға алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Сонымен қатар, «Ел жүрегі – Астана» ән байқауының жоғары деңгейде өтуіне ұйытқы болған Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ бастығы, полиция полковнигі С. Сәрсеновке департамент басшылығы тарапынан грамота табыс етілді. Сайыс тәртібі бойынша ең үздік деп танылғандар алдағы уақытта аумақтық ішкі істер бөліністері арасында өтетін ән-байқаудың 2-кезеңінде Көліктегі ІІД намысын қорғайтын болады.

Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*