Саналы сақтықты ойлайды

Жаз мезгілінде көпшілік адам өзен, көл жағасында демалып, уақыт өткізгенді жақсы көреді. Өкінішке орай, жазатайым оқиғалар осындай кездері жиі орын алуда.
Өзен-көлдердегі адам қазасының негізгі себептері: суға мас күйінде түсу, балалардың үлкендердің қарауынсыз суға түсуі және жүзе білмеуі, т.б.
Осыған орай Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері адамдардың судағы өлімінің алдын алу мақсатында, Шалқар көлі, Казёнка өзені жағалауларында рейд ұйымдастырды. Шара барысында демалушыларға судағы қауіпсіздікті сақтау ережелері түсіндірілді.
Бөлім қызметкерлері тұрғындарға су жағасында спирттік ішімдік ішпеу керектігін, оның соңы қайғылы жағдайға әкеліп соқтыруы мүмкін екенін, суға түспес бұрын өз өміріңді, өзіңе жақын адамдарыңды ойлау қажеттігін ескертті.
Сондай-ақ, ата-аналарға әрдайым балаларды қадағалап жүру қажеттілігі айтылды.
Демалушыларға аудан аумағындағы су қоймаларында орын алған төтенше жағдайлар жөнінде айта отырып, су айдындарындағы қауіпсіздік шаралары жөнінде 37 жадынама таратылды.
Бүгінде көпшілік суға шомылатын орындарда 3 тыйым салу белгісі орнатылған, белгілерді жаңарту және қосымша белгілер орнату жұмыстары жүргізілуде.

Б. НЫҒМЕТЖАНОВ, Батыс Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*