Дәстүрлі БАҚ-қа сенім жоғары

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев дәстүрлі БАҚ пен жалған ақпараттар туралы пікірімен бөлісті.
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатынан кейін тілшілер министрге сауал қойып, қазақстандық БАҚ көздеріне қаншалықты сенетінін сұрады.
«Дәстүрлі БАҚ-қа сенімім өте жоғары. Ал фейк-ньюс мәселесі жыл сайын талқыланып жатыр. Осы тенденция жалғасып кете бере ме деп қорқамын. Бәрі де «хайп» ұстап, бірдеңе айтып қалуға асыққанымен, жалған ақпараттарды таратқаны үшін жауапкершіліктің барын да түйсіну керек. Бұл қалжың мен жалған ақпарат арасындағы өте маңызды фактор. Менің білуімше, жалған ақпарат таратқан адамдардың жауапкершілікке тартылып жатқандары да бар», – дейді министр.
Абаев өз сөзінде Астанада санаулы күндерден кейін басталатын «Азия медиа диалогі» қазақстандық БАҚ үшін маңызды болатынын айтып өтті. «Көзге ұрып тұрған трендтердің бірі – әлеуметтік желілер ғана емес, жалпы интернет пен онлайн-алаң да қатты дамып келеді. Келешекте бәрі де онлайнға көшеді деген ойдамын. Бұл бірінші тренд. Екіншісі – телевидение немесе радио деп бөлінбей, бәрі де өзгеріп, ыңғайлы бола түседі. Біз 5G-дің дамуы жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын айтып отырмыз. Осы жылы тесттік режимде оның қалай жұмыс істейтінін көреміз. 2020-2021 жылдары бұның бәрі бәрібір келеді де, тілшілерге жаңа мүмкіндіктер жолын ашады. Бір телефонмен ғана журналистика бір-біріне жақын ақпарат көздерінің орнын ауыстыруға қауқарлы болады. Журналист бұрынғыдан да жылдам әрі мобильді бола түседі», – дейді ол.
Еске сала кетсек, елорданың 20 жылдық мерейтойы құрметіне 10-12 шілде аралығында Астанада «Азия медиа диалогі» жобасы аясында семинарлар мен конференциялар өтпек.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*