Академия – үздіктер қатарында

Астана қаласының 20 жылдығына орай Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы сәуір айында StreetWorkout челленджін бастаған болатын. Аталған жобаға еліміздің барлық өңірінен 167 адам, соның ішінде танымал спортшылар мен кино және экстрада жұлдыздары да қатысты.
7 маусым күні челленд өз мәресіне жетіп, Астанадағы «Этноауылда» оның қорытындысы шығарылды. Нәтижесінде Түркістан облысының тұрғыны Азамат Сапар жеңімпаз деп танылып, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан 500 мың теңге сыйақысын алды.
Жалпы, бұл челленджде еліміздің тұрғындарымен қатар, АҚШ, Қытай мемлекеттерінен де қатысушылар белсенділік танытты.
Қатысушылар арасында елімізге танымал Серік Сәпиев, Әділ Ахметов, Қайрат Нұртас, Денис Тен, Галиб Джафаров, Қанат Ислам, Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко, Нұрбақыт Теңізбаев, Әсет Иманбаев, Ардақ Назаров, Мөлдір Әуелбекова, «Меломен» тобы және басқа да спорт және өнер қайраткерлері бар.
«Осы челленджге қатысқан барлық азаматтарға алғыс білдіремін. Спорт – ұлттың саулығы, еліміздің ертеңі болып табылатын жас ұрпақтың саламатты өмір салтын ұстануы. Елбасымыз халқымызды жаппай спортпен шұғылдануға шақырып келеді. Бұл соңғы акция емес, мұндай шаралар алдағы уақытта көптеп қолға алынады», – деді Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Ең үздік роликтің авторы ақтаулық Эльдар Ягьяев. Ол 10 мың дауыс жинады. Енді оның қаласында кәсіби көше алаңы пайда болады.
Челлендждің ең жас қатысушысы, Ақтөбе қаласының 8 жастағы тұрғыны Мұса Туркумбаев та ынталандыру сыйлығына ие болды.
Сондай-ақ, осы жобаға арнайы қатысқан ІІМ Қостанай Академиясы «Үздік командалық бейнежазба» аталымында үздік шықты. Академия бастығы, полиция генерал-майоры Мирлан Қызыловқа министр Арыстанбек Мұхамедиұлы арнайы «Алғыс хат» табыстады.
– Спорт – мемлекеттің мәртебесін, ұлттың намысын айқындайтын көрсеткіш. Осы орайда, халықаралық аренада Қазақстан спортының беделі жыл санап көтеріле түскенін аңғара аламыз. Осының бір айшығы ретінде бүгінгі республикалық StreetWorkout KZ-тің спорттық шарасына құрметті қонақ ретінде қатысып отырғанымызға өте қуаныштымын.
167 өтінім беруші арасында ең мықты он команданың ішіне еніп, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедияұлының оң көзқарасына ілігіп, Алғыс хат алғанымыз біз үшін үлкен жетістік.
Жалпы бұл спорттық шараны біз қашанда қолдап келеміз. Біздің мақсатымыз – болашақ полицей қызметкерлерінің бойында күш, қайрат, төзімділік, ептілік және жылдамдықтың қайнар көзін қалыптастырып, ойы ұшқыр, дене бітімі сау және рухани жағынан дамыған курсанттарды тәрбиелеу.
Бұқаралық спорт түрі StreetWorkout KZ-тің бастамасын бірінші курсқа қабылданған курсанттардың бойына қалыптастыру бағытында оларға қызметтік қолданбалы спорттың 8 түрімен шұғылдануға жағдай жасаудамыз.
Елбасының қанатты сөзімен айтқанда «білімді, денсаулығы жақсы адам ғана жеңіске жетеді» дегендей, бізде бүгін көпшіліктің арасынан дара шығып, Астана төрінде марапатқа ие болып отырғанымызға қуаныштымыз, – деді Мирлан Қызылов.
Жалпы, айта кетейік, StreetWorkout – бұқаралық спорт түрі болып табылады. Мұнда адамдар турник, қоссырық секілді шынығу орындарында әртүрлі жаттығулар жасаумен айналысады. Бұл арнайы қолайлы жағдайды қажет етпейтін, көпшілікке қолжетімді, кез келген адам еркін шұғылдана алатын әрі денсаулыққа өте пайдалы спорт түрі.

Ескендір ЕРҒАЛИҰЛЫ, суретті түсірген Бек ИМЕКЕШОВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*