«КҮН АСТЫ» ҚАЛАСЫНДАҒЫ КЕРЕМЕТ КҮН

Өз қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау мен қорғау – Ішкі істер министрлігі мен оның бөліністері қызметінің басты бағыттарының бірі. Осы мақсатта үш жыл бұрын министрлік жанынан Ішкі істер органдары қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қоры құрылып, ішкі істер саласының ардагері Кемел Жұмашевтың төрағалығымен жұмыс істеп келеді.
Қордың негізгі мақсаттарының бірі – қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан тәртіп сақшыларының артында қалған отбасыларына жан-жақты қолдау көрсету. Азаматтардың қауіпсіздігі мен қоғамның тыныштығы үшін от пен оқтың астында жүретін полицейлердің қызмет бабында қауіпті қылмыскерлермен және террористермен бетпе-бет келіп жататын кездері де аз емес. Бүгінде елімізде осындай сын сағаттарда өз өмірін құрбан еткен полицейлердің жүздеген отбасы өмір сүріп жатыр.
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі мен Қытай Халық Республикасының Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі арасында жасалған меморандум негізінде аталған қордың мұрындық болуымен жыл сайын қаза тапқан тәртіп сақшыларының жұбайлары мен балалары үшін Қытай қалаларына ұйымдастырылатын саяхат – елімізде теңдесі жоқ бағдарлама. Биыл осы алты күндік саяхат үшінші жыл қатарынан қолға алынды.
Жалпы, меморандум бойынша бұл сапарды ҚХР-дің Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі жанындағы Қызмет бабында қаза тапқан полицейлерді қолдау қоры қаржыландыратынын айта кеткен жөн. Біздің қордан ерекшелігі – оларға қаражат мемлекеттік бюджеттен бөлінеді.
Сонымен, биыл Қытай турнесіне бару үшін еліміздің әр аймағындағы қаза тапқан 9 тәртіп сақшысының отбасылары тізімге еніпті. Атап айтар болсақ, олар – астаналықтар Айтолқын Аумаққызы мен Еркеназ Сағындық, Гүлкен Байзақова мен Гүлім Русланқызы, көкшетаулық Гауһар Әскерова мен Аружан Әскерова, алматылықтар Әсел Баймұхамбетова мен Аружан Әбілдаева, Жанар Дабылова мен Алмат Ералы, Майкүл Кәшкенова мен Алмас Ержанов, қостанайлық Гүлжан Жаппасбаева мен Дәулет Жаппасбаев, ақтөбеліктер Гүлфия Жақсылықбаева мен Сұлтан Жақсылықбаев, Жансая Мұхитова мен Шахназ Нұрлан. Сондай-ақ, делегация құрамында ІІМ Кадр жұмысы департаментінің ерекше тапсырмалар жөніндегі инспекторы, полиция подполковнигі Рүстем Сәдуақасов, ІІО қызметкерлерін әлеуметтік қолдау қорының төрағасы Кемел Жұмашев, Қазақстандағы Қытайдың Төтенше және өкілетті елшісінің кеңесшісі, ҚХР Қоғамдық қауіпсіздік министрлігінің Қазақстандағы ресми өкілі, полиция аға полковнигі Дай Сюйкуй, Қытай елшілігі виза бөлімінің қызметкері Исмаил Гуйахунов пен осы жолдардың авторы болды.
Біздің сапарымыз Қытайдың мыңдаған жылдық тарихының куәгері, өздерінің ұлттық стиліндегі тарихи ғимараттары мен заманауи үйлер керемет үйлесім тапқан Сиань қаласынан басталды. Шэньси провинциясының орталығы – Сиань қаласы соңғы жылдары ерекше қарқынды даму үстінде. Оны соңғы екі жылда ғана 1,5 миллион адамға көбейіп, бүгінде 10 миллион адамды құрап отырған халқының санынан ғана емес, қала көшелерінде көптеп салынып жатқан көпқабатты үйлер мен көпірлер секілді құрылыстардан да анық байқау қиын емес.
Сианьның өзге қалалардан негізгі үш ерекшелігін атап айтуға болады. Біріншіден, ол ежелгі дәуірде әлемнің ең үлкен қаласы болған деседі. Екіншіден, Сиань – Таң империясы кезінде елдің астанасы болған. Үшіншіден, қазіргі Қытай басшысы Си Цзиньпиннің туған қаласы. Одан бөлек, Сиань – Қытайдың Шанхай мен Бейжіңнен кейінгі мәдени астанасы деп есептеледі. Бізді осы қалада қарсы алып, жол бастап жүрген Инна есімді гидтің айтуынша, Сиань – қытай стиліндегі ғимараттары ең көп сақталған қала екен. Расында аттап басқан сайын қытайша оюлармен өрнектелген, ұштары қайқы келген шатыры бар үйлерді көптеп кездестіріп отырдық.
Сап-салқын Астанадан келген біздің ең алғашқы байқағанымыз – бұл жақта ауа райының қатты ыстықтығы. Қазіргі жаз мауымында күн экватордың солтүстік жағына қарай ойысатындықтан, Қазақстанға қарағанда экваторға әлдеқайда жақын орналасқан Сианьда тал түс кезінде күн тура тас төбеге келеді екен. Қытай бейресми түрде «Аспан асты елі» деп аталса, Сианьды «Күн астындағы қала» деуге әбден болардай. Дегенмен, Қытайдың үлкен өнеркәсіпті қалаларына тән проблемалардың бірі сианьдықтардың сорымен қатар, бағы да болып отырған секілді. Ол – Алматыдағыдай көкті тұмшалаған көк түтін. Ең алғаш көргенде біз оны бұлт деп ойлаған едік. Сөйтсек, жыл он екі ай көк түтін қала аспанын жауып жатады екен. Яғни күннің көзі үнемі сол түтіннің артында жүретіндіктен, ыстығы да жерге толық жете бермейді. Егер ол болмағанда, бұл жердің ыстығы қандай болатынын шамалай беріңіз.
Сианьда тағы бір байқағанымыз – өте таза қала екендігі. Көшеде жатқан бір қоқысты көзің шалмайды. Айнадай жалтыраған жолдары мен жасыл желекке оранған көшелері қалаға керемет көрік беріп тұр. Қалада тек жаңа көліктерді ғана кездестіресің. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өнеркәсіпті шахарда көліктің бірнеше түрімен қоса, бүгінде Қазақстан қалаларының көшелерін ерсілі-қарсылы кезіп жүрген «Shacman» атты жүк көлігі (яғни қытайдың «КамАЗ-ы» деп жатамыз) осы қаладан шығады екен.
Жалпы, Қытай – өз-өзін толықтай автокөлікпен қамтамасыз етіп отырған ел. Мәселен, мұнда такси қызметін атқаратын автокөліктердің басым көпшілігі немістің «Фольксваген» маркалы көліктері екенін байқадық. Бірақ, моделі – қытайша. Яғни, осы елде құрастырылатын өзіндік өнім. Одан бөлек, біз бұрын-соңды түр-түсін көрмеген, маркасын түсініп болмайтын таза қытай автокөліктері де қаптап жүр. Олардың ішінде «Byd» деген маркалы көліктер осы Сиань қаласынан шығатынын білдік. Әрине, Қазақстанға өзінің жартылай арба автокөліктерін өткізіп қойып отырған Ресей сияқты билігін жүргізетін ешкім болмаған соң, Қытай секілді алып елдер тек өз өнімдерін ғана пайдаланатыны таңданатын нәрсе емес. Ал, таза шетелдік маркалы автокөліктер әрі кетсе 5 пайызды құрайды екен.
Сианьдағы біздің саяхатымыз қала орталығында орналасқан «Жабайы қаздардың үлкен ғибадатханасы» деп аталатын буддалық мұнара жанындағы музыкалық фонтандар шоуынан бастау алды. Бұл – Азиядағы ең үлкен музыкалық фонтандар кешені. 100 мың шаршы метр аумақта орналасқан 150 фонтан 50 метр биіктікке дейін атқылап, әртүрлі кейіпке еніп, билегенде шынымен таңғаларлық көрініс көз алдыңа келеді. Оған осы жердегі арнайы акустикалық жүйе мен жарқ-жұрқ еткен жарық шамдарды қосыңыз.
Мұндай шоу күн сайын кешкі сағат 9-да болып тұрады екен. Шынын айтқанда, бір іс-шараға осынша көп адам жиналғанын бірінші рет көруім. Құмырсқадай өрген қытайлықтардың көптігіне де осы жерде көз жеткізгендейсің. «Бұл Сиань халқының ең жақсы көретін жерлерінің бірі», – дейді жолбасшымыз Инна.
Азияның ең үлкен фонтандарын көрген біздің топ адамдары одан айрықша әсер алғандарын жасырмады. Әсіресе, балалардың қуанышында шек жоқ.
«Маған бұл фонтандар өте қатты ұнады. Бізге осындай саяхат ұйымдастырып жатқан адамдарға үлкен рахмет. Достарыма Қытайда көрген қызықтарды айтып жүретін боламын», – дейді астаналық 10 жастағы Еркеназ Сағындық.
Еркеназдың анасы Айтолқын Аумаққызы – Астана қалалық ІІД Жедел басқару орталығының кезекші инспекторы, полиция капитаны. 2004 жылдан бері ішкі істер органдарында қызмет етеді.
«Бізге Қытайға саяхатқа барасыңдар деп айтқанда қатты қуанғанымнан жылап жібердім. Өйткені, басшылардың бізді ұмыт қалдырмай, күйеуімнің артында қалған отбасына осынша қолдау көрсетіп жатқаны көңілді толқытады. Қызым Еркеназ үшін де бұл сапардың әсері ерекше. Бұл өмір бойына есте қалатын күндер», – дейді ол.
Айтолқын қоғам тыныштығын сақтау жолында өмірін қиған жолдасы Асылбек туралы да айтып берді. «Күйеуім Асылбек екеуміз 2004 жылы Астанадағы ІІМ Оқу орталығында оқып жүргенде танысқанбыз. Кейін бірге қызметке тұрдық. Мен Жедел басқару орталығына келсем, ол жол полициясы полкінде еңбек жолын бастады. Үш жылдан кейін отбасын құрдық», – дейді ол.
Айтолқынның жолдасы Асылбек Сағындықұлы 2010 жылы 25 жасында жедел шақыруға бара жатқан жолда жүк көлігімен соқтығысып, қызмет бабында қаза болған. Артында 2 қызы қалды. «Күйеуімнің қызметтестері, басшыларымыз әрдайым жағдайымызды біліп, қолдан келген көмегін аямайды. Мейрамдарда іс-шараларға шақырып, құттықтап жатады. Оларға әрдайым менің алғыстан басқа айтарым жоқ», – дейді Айтолқын Аумаққызы.
Сонымен, келесі күнгі саяхатымыз Сианьның әлемге әйгілі тарихи кешені – ежелгі қытай императоры Цинь Шихуандидің мавзолейі жанындағы терракоттық жауынгерлер орналасқан жерге саяхатпен жалғасын тапты. Терракот – күйдірілген саз деген сөз. Бұл кешенді Цинь Шихуандидің өзі біздің заманымызға дейінгі 200-жылдары арнайы жасатыпты. Кешенде қазіргі күні 8 мыңнан астам саздан жасалған жауынгер мен олардың жылқылары тұр. Олардың бет-әлпеттері бір-біріне ұқсамайды. «Бұлар императордың өмір сүрген жауынгерлерінің шынайы көшірме мүсіндері болуы да мүмкін. Өйткені, әрқайсы өзінше бір бөлек адам. Бірақ, қытайлықтардың бойлары орташа болса, бұл саз жауынгерлер ұзындау. Өйткені, «келешекте біздің әскеріміз осылар сияқты бойшаң болса» деген арманнан туса керек», – дейді Инна.
Гидтің айтуынша, бұл кешенді күніне 200 мыңдай турист келіп тамашалайды екен. Кіру билетінің құны – 150 юань. Біреудің ақшасын санағанды жақсы көріп тұратын қазақы калькулятор-әдетімізге салып кеп жіберсек, 200 000 х 150 = 30 000 000 юань. Ал мұны теңгеге айналдырса, бір күндік табысы шамамен бір жарым миллиард теңге болады екен. Яғни, кез келген ортанқол зауыт-фабрикаңды он орап алады деген сөз.
Жалпы, біз Қытайда туристер үшін барлық жағдай жасалғандығына көз жеткіздік. Қай тарихи жәдігерлік орынға барсаң да, ол жерлердің инфрақұрылымын да, тартымдылығын да көздің жауын алатындай етіп жасап қойған. Бұл Қытайда туризм өте жоғары дамығанының, сәйкесінше одан түсіп жатқан табыстың да орасан екендігін айғақтайды.
Сиань қаласындағы 7-14 ғасырлар арасында салынған Қалалық қорған да – туристер көп келетін тарихи жәдігерлердің бірі. Ең соңғы құрылысы осыдан жеті ғасыр бұрын тұрғызылған қорған толықтай сақталған. Қала орталығынан орын тепкен қорғанның үстіне шығып, жаяу айналып шығу үшін кемінде 2 сағат уақыт керек екен. Оның аумағында императордың отырған үйі, музейі орналасқан.
Осы күні кешкісін Сиань қаласының іргесіндегі су үстіндегі сахнада қойылған Вай Тюй И есімді автордың император Яң Июхуанның өмірі туралы операға адам өте мол жиналды. Бұл жер де сианьдықтардың жиі келетін көңіл сергітер орындарының бірі екен. Ал біз тамашалаған сахналық қойылым шынымен көңіл толқытты. Яң Ихуанның қалай таққа отырғаны, патшалығын қалай құрғаны, сүйген ғашығымен тағдыр қосып, бірге өмір сүргені, одан кейін басқыншылардың шабуылы, қиян-кескі ұрыс, империяның құлауы – бәрі-бәрі арнайы эффектілермен шебер қиюластырылып, шынайы болып жатқандай көз алдыңа ұсынылғанда, таңданбасқа шараң қалмайды. Кейін император мен оның жұбайы ана өмірге аттанып, жұмақта бір-бірімен кездесуімен қойылым әсерлі тәмамдалады.
«Бұл опера дәл біздің өмірімізден алынғандай. Қатты әсер алдым. Көріп отырып, көзіме жас алдым. Біздің де күйеулеріміз осылай ел тыныштығын қорғау жолында еңбек етті. Сол жолда өмірлерін қиды. Біз де бүгінгі қойылымда көрсетілгендей ана дүниеде табысатын шығармыз», – дейді Алматы қаласынан келген Әсел Баймұхамбетова.
«Мұндай көріністі өмірімде еш жерден көрмедім. Ашық аспан астында дәл осындай әсерлі қойылымды көру ғажап екен. Біздің елімізде де осы секілді су үстіндегі сахналар болса, үлкендерге де, біз секілді балаларға да жақсы болар еді. Біз сонымен мақтанар едік», – дейді Әселдің 13 жасар қызы Аружан Әбілдаева.
«Сабақты ине сәтімен» дегендей, осы жерде Әсел өзінің жолдасы Серік Әбілдаев туралы да кеңінен айта кетті. Ол 2016 жылы Алматы қаласында болған террористік актіге қатысқандардың бірі. Сол теракт кезінде оқ тиіп, ауруханада он екі күн жатып, өмірден озған. Әселдің айтуынша, жолдасы ішкі істер саласында 1994 жылы әскерден келгеннен 23 жыл табан аудармай қызмет атқарыпты. Шені – аға сержант болған. Тірі болса, биыл зейнеткерлік демалысқа шығатын еді. Алайда, 42 жасында сұм ажал оны орталарынан алып кеткен. «43 жасқа толған туған күні күйеуімнің жетісін беріп жаттық», – дейді Әсел.
Әр мереке кезінде күйеуінің қызметтестері арнайы келіп, құттықтап тұратынын айтқан ол облыс әкімдігі тарапынан пәтер берілгенін де жеткізді. Сол кезде қалалық ІІД бастығы Серік Күдебаевтың өзі келіп, теледидар сыйлаған. «Біз Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовқа, Алматы қалалық ІІД бастығы С.Күдебаевқа, өзге де бізге көңіл бөліп, қолдап, қамқор болып отыратын басшыларға алғыс айтамыз. Ең алғаш Қытайға баратынымды айтқанда сенер-сенбесімді білмедім. Кішкене қызым жасы жетпегендіктен, үлкен қызыммен осында келдім. Баламыз ел аралап, жер көріп жатыр. Қытайдың Қоғамдық қауіпсіздік министрлігі басшыларына да алғысымыз шексіз. Бізді өзге елдің адамы деп бөліп-жармай, жақсы қарсы алып, асты-үстімізге түсіп жатыр. Бұл екі елдің арасындағы берік достықтың нышаны болса керек», – деп ойын түйіндеді Әсел.
Алматы қаласынан келген Жанар Дабылова да Сианьда қойылған су үстіндегі операдан өз өмірлерін көргендігін айтады. «Бұл елге келгенде өзіңнің Қытайда жүргеніңді толық сезінесің. Өйткені, олар өздерінің ұлттық стильдерін қатты ұстанады екен. Заманауи қалаларының көшелерінде қытай стиліндегі үйлер самсап тұр. Бүгін қойылған су үстіндегі операдан алған әсерім ерекше. Менімен бірге келген ұлым үшін де Қытай сапарының мәні зор. Шетел көрген адамның сана-сезімі де кеңейеді деп ойлаймын», – дейді ол.
Жанардың жұбайы да террористердің қолынан қаза болған. 2001 жылы ішкі істер саласында қызмет жолын бастаған жолдасы 2011 жылы қайтыс боларының алдында министр Қалмұханбет Қасымовтың қолынан мақтау қағазын алыпты. Жол-патрульдік полициясы қатарында еңбек еткен ол сол жылы кешке жақын Алматыдағы Райымбек көшесі бойындағы питакта тұрған жүк көліктерінің арасынан бір күдікті жеңіл машинаны байқайды. Оның ішінде бақайшағына дейін қаруланған 5 лаңкес отырғанынан бейхабар серіктесі екеуі олардан құжаттарын көрсетуді талап етіп жатқан уақытта ішінен біреуі бұларға оқ атып, оқиға орнынан тайып отырған. Жанардың жолдасы сол жерде тіл тартпай кетсе, қасындағы серігі үш оқ тигеніне қарамастан рациямен хабар беріп үлгереді. Алайда, жедел жәрдем жеткенше ол да бақилық болады. Бұл кезде Жанардың жолдасы 33 жаста еді.
Жиырма күннен кейін аталған террористерді Бұрындайдағы үйлерінде қоршауға алып, алайда лаңкестер атысып, берілуден бас тартқаннан кейін сол үйімен қосып жарып жібергені белгілі. Олардың ішінде біреуі әйел адам болатын.
«Осы сапарды ұйымдастырып, бізге керемет әсер сыйлап жатқан Ішкі істер министрлігінің, Ішкі істер департаментінің басшылықтарына, сонымен бірге, Қытайдың ҚҚМ басшыларына рахметімді айтамын. Аспан асты еліне бару, оның әдемі жерлерін тамашалау екінің бірінің басына бұйыра бермейтін бақыт. Аталған азаматтардың арқасында ол бақ бізге бұйырған екен. Ұлым екеуміздің, осы сапарға бірге келген мен секілді тағдырластарымның атынан алғысымды жеткізгім келеді», – деді Жанар.
Азиядағы ең ірі фонтанымен, терракоттық әскерлерімен, 7 ғасырдың куәгері болған қалалық қорғанымен және су үстіндегі операсымен тамсандырған Сианьды артқа тастап, біздің делегация Азияның жауһары – Шаңқай қаласына бет алды.
(Жалғасы бар)

Ескендір ТАСБОЛАТ,суреттер автордікі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*