Түлектер таңдауы

Өңіріміздегі мектептердің 78 түлегі ішкі істер органдарының қатарын толтыруды жоспарлап отыр. Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарында полиция мамандығын алып шығамын дегендердің басым бөлігі ауылдық және аудандық мектептерден келген оқушылар. Құжаттарды тапсыруға аттанғанға дейін ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов пен ішкі істер органдарының ардагерлері оларға сәт-сапар тіледі.
Облыстық ІІД мәжіліс залына Ішкі істер министрлігінің жоғары оқу орындарына оқуға түсуге дайындалып жүрген талапкерлер жиналды. Олар тергеушілердің, жедел уәкілдердің, криминалистердің, учаскелік полиция инспекторларының мамандықтарын алып шығуды жоспарлап отыр. ІІД бастығы Берік Біләлов полиция қызметіндегі мүмкіншіліктер мен болашақ курсанттар үшін қарастырылатын әлеуметтік жағдай туралы айтып берді. Мұндай кездесулер дәстүрге айналып, осымен төртінші рет өтіп отыр. Талапкерлердің саны жыл сайын артып, бүгінде 70-тен асты.
Ардагерлер кеңесінің төрағасы Сұраған Көпеев пен Консультативтік-кеңесші органның төрағасы Жасұлан Ахметов те болашақ мамандарға лебізін айтып, ақ жол тіледі. Талапкерлердің ата-аналары кездесуді ұйымдастырушыларға балаларын дайындауда көмек көрсеткені үшін алғыстарын айтты.
Асадбек Жұманазаров полиция қызметкері боламын деп бірден шешім қабылдаған. Мамлют ауданында мектепті тәмамдаған соң, ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өткен. Ол Алматы Академиясында білім алуды жоспарлап отыр. Ендігі кезек – денешынықтыру дайындығын көрсету.
Айта кету керек, Ішкі істер министрлігінің Қарағанды, Алматы, Қостанай қалаларындағы Академиялары мен Ақтөбе заң институтын тәмамдаған түлектер тұрғылықты мекенжайларына, туған өлкелеріне оралып, оларға жұмыс беріледі.

Нұрбек БАЕКИН, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*