Сақшыларды сергіткен семинар

тренингОрал қалалық Ішкі істер басқармасында «Күйзелістен шығудың жолы» атты семинар-тренинг өтті. Тренинг кезінде Орал қалалық ІІБ-ның инспектор-психологы, полиция капитаны Жанар Нұрмақова суициалды актілердің алдын алу мен жол бермеудің тиімді шараларын күшейту мақсатында жеке құрам арасында суициалды оқиғалардың профилактикасы және оны болдырмау шаралары бойынша дәріс оқыды.
Семинарға белсенді қатысқан басқармадағы барлық бөлімше қызметкерлері тренинг кезінде түрлі ойын шарттарын жарыса орындап, үлкен қызығушылық танытты. Уақытпен санаспай, сыртта қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етіп, іште қағазбастылық пен хаттама толтырудан бастарын бір-уақ көтермейтін полицейлер бұл күні сергіп, көңілдері бір мезет ауланды. Ал шараның көздеген басты мақсаты – жеке тұлғаның ішкі жандүниесі мен қабілетін ашу, мінез-құлқындағы ерекшеліктерді ашу, полицейлерге психологиялық қиындықтардан шығу жолдарын үйрету, жедел қызмет барысында оны орынды пайдалану. Сонымен қатар, мамандар шара шеңберінде психологиялық мәдениетті көтеру, психологиялық-педагогикалық білімді насихаттау, психологиялық икемділік пен күйзеліс жағдайларынан шығу міндеттерін де алға қойған болатын.
тренинг2Сақшылардың қабілет-қарымдарын байқау үшін психологтар тренингке қатысушылардың әрқайсысына ақ қағаз бен қарындаш таратып, тақта мен есте сақтау қабілетін тексеруге арналған аудиожазба, музыкалық орталықты көрнекілік құралы ретінде ұтымды пайдаланды. Күнделікті күйбең қызметтен қолдары босамайтын тәртіп сақшылары семинар-тренинг соңында ой-пікір алмасып, алған әсерлерімен бөлісті. Біраз сергіп, демалған полицейлер мұндай семинар-тренингті алдағы уақытта да жиі ұйымдастырып тұруға жөнінде ойларын білдіріп, ұсыныс тастады. Жалпы ұжымның моральдік-психологиялық ахуалы, қызметкерлердің қоғамдық көзқарасы, бағыт-бағдары, күйзелістегі жағдайын анықтау және өз-өзіне қол жұмсаудың алдын алу мақсатында мамандар жеке құрам арасында психологиялық зерттеулерді ұдайы жүргізеді. Әдістеме нәтижесі бойынша анықтамалар дайындалып, бөлімше басшыларына кеңестер беру де оң жолға қойылған. Қазіргі күні ішкі істер органдары қызметкерлерімен күнделікті жұмыс жүргізу үшін психолог-мамандардың жеке жұмыс кабинеттері іске қосылған. Орал қалалық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Манарбек Ғабдуллиннің қолдауымен арнайы техникалық талапқа сай жабдықталып, безендірілген психологиялық сауықтыру релаксация бөлмесі қазіргі таңда қызмет көрсетуде.

Гүламан ИСМАҒҰЛОВА, Орал қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*