Соғыста шыңдалған сақшы

Ұлы Отан соғысы және ІІО ардагері Данил Надырбаев жуырда асқаралы 91 жасқа толды.
Осыған орай, облысымыздың құрметті ардагерін құттықтау үшін Оқу орталығының (Қостанай қаласы) мәжіліс залында офицерлер құрамы мен арнайы алғашқы оқыту курсының тағылымдамашылары жиналып, үлкен кездесу кешін өткізді.
Данил Айтмұханұлының ішкі істер органына сіңірген еңбегі мол. 90 жастан асса да, әлі күнге дейін Оқу орталығының қабырғасында өтетін барлық мәдени іс-шараларға үнемі қатысып отырады.
1943 жылы 16 жасында Данил Надырбаев өз еркімен соғыс майданына аттанып, сол уақыттан бері Отан үшін қызмет атқарған. Соғыстан кейінгі жылдары ішкі істер органдарында әртүрлі лауазымдарда 38 жыл бойы қызмет жасап, полиция майоры шенімен зейнеткерлікке шықты.
Кездесу барысында Данил Айтмұханұлы болашақ полиция қызметкерлеріне сонау сұрапыл жылдар, Ұлы Отан соғысы кезінде бастаған қызметтік жолы, көптеген тарихи оқиғаларға толы өмірінен сыр ақтарды. Жаңа қанаттанып келе жатқан сұңқарларға болашақта адал да абыройлы қызмет атқарулары үшін ақ батасын берді.
Осындай кездесулер арнайы алғашқы оқыту курсының тағылымдамашыларын отансүйгіштікке, патриоттыққа және адамгершілікке тәрбиелейді.
Кездесу соңында Оқу орталығының басшылығы, жеке құрамы және тағылымдамашылары Данил Надырбаевты 91 жасқа толған туған күнімен құттықтап, зор денсаулық, қажымас қайрат тілеп, ескерткіштік фотоальбом мен гүл шоқтарын сыйға тарты.

А. ДҮЙСЕНБАЕВА, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*