Ауған алапатының куәгері

Көпшілігімізге «Жарияланбаған соғыс» деген атпен мәлім Ауған соғысында қаншама жас жігіттердің от пен оқтың ортасында қалып, қыршын кетіп мерт болғандары белгілі. Зардабы әлі күнге дейін жойылмаған, өшпестей ізін қалдырған, ауыртпалығы ауыр соққан бұл қанқұйлы соғыс 1979 жылы басталып, 2238 күнге созылды.
Біздің жауынгерлер ол елдің аумағынан 1989 жылдың 15 ақпанында толықтай шығарылды. Сол жылдары жат жер, жат ел саналып келген Ауғанстанда 22269 қазақстандық интернационалдық борыштарын өтеді. Солардың бір мыңға жуығына туған жеріне оралу бақыты бұйырмады. Сұрапыл сұм соғысқа 1500 солтүстікқазақстандық аттанса, 43-і қаза тапты.
Болат Майсатаев та ол елге өз еркімен емес, Кеңес Одағының сол кездегі «Интернационалдық көмек көрсетеміз» деген желеудің жетегінде жиырмаға да толып үлгермеген шағында сол қасіретке қатысқан жігіт. Ол Жамбыл ауданындағы Түлкіойнақ ауылының тумасы. Орта мектепті сонда бітірген. Ол кездегі ес біліп, ертеңін ойлай бастайтын жасөспірім балалардың ой-мақсаттары бүгінгілердікімен салыстырғанда басқаша болатын. Ата-анасынан алыстамай ауылда қалып еңбек етуді аңсайтын олардың арасында жүргізуші мамандығын қалайтындар да табылып жататын. Солардың бірі болып Архангелка ауылындағы кәсіптік-техникалық училищені бітірген Болат жүргізуші болып кеңшарда еңбекке араласқан. Ал 1979 жылдың көктемінде әскер қатарына шақырылып, Өскемен қаласындағы автобатальонда азаматтық борышын өтейді.
Әскери мектептің үйретері көп қой. Онда біріншіден бәрі бұйрық бойынша орындалатындықтан, қатаң тәртіпке бағынасың. Ел қорғаны болуға лайық ер жігітке ұқсағың келсе, жігерлі болуға тырысып, кездесетін қиындықтардың бәрін жеңуге тырысасың. Жастайынан жұмыс десе елгезек, еті тірі жігіт мұндағы өмірге де тез үйреніп, тез төселіп, жауынгерлік қабілетін жан-жақты көрсете білген.
– 15 қаңтар күні біздің батальон аяқ астынан дабыл бойынша көтеріліп, үш шақырылымдағы 160 жауынгер жедел түрде пойызға отырғызылып, жолға шықтық. «Қайда барамыз?» деген сұрағымызға, қысқа да нұсқа «Әскери бөлім ауыстырылады» деген жауап алдық. Терезелері тегіс жабылып тасталған пойызымыз үш тәулік бойына бір тоқтамай жүріп, Түркістан әскери округінің аумағындағы Термез қаласына келіп бір-ақ тоқтады. Жол бойғы тамағымыз – белгілі бір мерзімге өлшеп берілетін құрғақ азық. Дәретхананың өзіне жаныңда ере жүретін әскери қызметкермен бірге барасың. Келіп жетісімен жедел түрде әскери машиналарға жайғастық, – дейді өткен күндерінің ұмытылмас бір сәтін еске алған Болат.
Жауынгерлер алғашқы кезде казарма болмағандықтан «Қорған» деп аталып кеткен мотоатқыштар полкіне қарайтын әскери бөлімдегі бокста жатқан. Сондықтан алғашқы кезде бір-бір матрас пен тамақ салынатын бақырашқа ие болыпты. Ал бірер күннен кейін Сырдария өзеніндегі жиналмалы көпір арқылы Ауғанстанның шекарасын кесіп өткен. Хинджян провинциясы маңындағы шағын өткелден өтер кезде түнгі уақытта автоколоннаны дұшмандар оқтың астына алған. Бұлай боларын күтпеген жауынгерлер қорғану үшін бронетранспартерлердің астына жасырынып, жан сақтаған.
Қатардағы жауынгер, минометші Болат Майсатаев үстіне «Васелек» деп аталатын миномет орнатылған «ГАЗ-66» маркалы әскери автокөліктің аға жүргізушісі ретінде соғыс өрті барған сайын өрши түскен Ауған елінде талай жан түршіктірер сойқан оқиғалардың куәгері болады. 1979 жылдың 23 ақпан күні дұшмандар жасаған лаңкестік әрекет Болаттың әлі күнге дейін көз алдынан кетпейді. «Саланг» өткеліндегі туннельден өту кезінде дұшмандар оның ортасында кеңес әскерлерінің автоколоннасын автокөліктермен бөгеп, қасақана қапаста қалдырады. Сол жерде 15 жауынгер газға тұншығып көз жұмған.
Тағы бір оқиға бүгінгі күнге дейін оның жанын жегідей жеп, есінен кетпейді. Мынадай қысылтаяң, жан беріп, жан алысқан соғыс жағдайында қалыптасатын достық қарым-қатынас кімге болсын өте қымбат әрі ыстық саналады. Болаттың сондай қимас досы Владимир Дрягин өзі жүргізуші мамандығын алып шыққан Архангелка ауылынан екен. 1981 жылдың мамыр айының бір күні азық-түлік әкеле жатқан колоннаны байқап қалған дұшмандар оған гранатометтен оқ жаудырған. Сол жердегі ұрыста Володия мерт болған.
Ауған еліндегі соғыстан кейін аман-есен үйіне оралған Болат еңбек жолын Жамбыл аудандық Ішкі істер бөлімінде жалғастырады. Кейін облыс орталығына ауысып, қаладағы ішкі істер органдарында абыроймен қызмет атқарып, құрметті демалысқа шыққан. Өлім мен өмір таласқандай қатар жүрген соғыс жағдайында жауынгерлердің басынан не өтпейді десеңізші?! Жамбыл ауданында қызмет етіп жүргенінде Болат Майсатаев бір күні аяқ астынан аудандық әскери комиссариатқа шақырылады. Сол жерде оның омырауына салтанатты жағдайда жоғары награда – «Ерлігі үшін» медалі тағылады. Марапаттың қандай ерлігі үшін беріліп жатқанын Болат кейін барып есіне түсіреді.
Жағдай былай болған. Әдетте, әскери көліктің қорабындағы миномет ұрыс кезінде жерге түсіріліп, оның орналасқан орны әлсін-әлсін ауыстырылып отырылады. Бір жолы ол бір сәт машинада тұра тұруы керек екен. Бірақ, Болат жауынгер жолдастарына «Сақтықта қорлық жоқ» екендігін ескерткен. Сөйтіп, миномет жерге түсіріліп, жүз метр алшақтау жерге қойылған. Мұны білмей қалған дұшмандар минометті жойып жіберу үшін автокөлікті нысанаға алады. Міне, осылай жерлесіміз соғыс жағдайында әскери қаруды сақтап қалған. Ал мұндай ерлікке тең батыл әрекет марапатқа әбден лайық саналады.
Сол соғыстың түрлі жағдайлардағы әсері кейбір сәттері әлі де еріксіз бойды да, ойды да билейтіндігін ол былайша білдіреді: «Әскери мерзімімізді өтеп, біз бір топ жауынгерлер Баграм қаласында Ташкентке ұшатын ұшақты күтіп үш тәулік жаттық. Неге дейсіз ғой?! Бұл жерде, шындықты өмір бойына жасырып қалуға болмайтындығын ескеріп, ақиқатын айтсам, алдыңғы кезекте біз сияқты азаматтық борыштарын өтеп болып, үйлеріне оралатын жауынгерлер емес, сол соғыста қазаға ұшыраған жап-жас қаруластарымыздың мәйіттері салынған табыттар жіберіліп жатты. Ташкенттің аэропортына аяғымыз тигенде ғана барып біз өзіміздің аман екенімізді сезіндік. Өзімізге-өзіміз сонда ғана келгендей болдық. Олай дейтінім, дұшпандар осындай ұшақтарды да атып түсіріп жатты ғой».

Қошан ҚАЛИ, Петропавл қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*