Полиция подполковнигі Сұлтан ҮСІПБЕКОВ: Елге қызмет ету үшін жаралғанбыз

Полиция қызметінде қызығы мен шыжығы араласып жататын, уақытпен санаспай күн-түн демей, кеудесін оққа тосып жүрген қызметкерлеріміз бар. Алайда, олардың ерлігін бірі білсе, бірі білмес.
Ауыр қылмыс жасап, тергеуден бой тасалап қашып жүрген, хабар-ошарсыз жоғалғандарды іздеп, қылмыскерлермен бетпе-бет кездесіп, олармен табанды күресетін азаматтар туралы сыр шертсек деп отырмыз. Осы қызметте 15 жылға жуық тынбай абыройлы қызмет істеп жүрген Түркістан облыстық Ішкі істер департаменті Шымкент қалалық ІІБ әл-Фараби ПБ бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Сұлтан Үсіпбековті әңгімеге тартқан едік. «Генерал болуды армандамаған солдат – солдат емес» демекші, әр адам арманмен, алдына қойған мақсатпен өмір сүреді. Жастайынан полицей болуды армандайтын Сұлтанның ішкі істер органдарына келуге себепші болған да – сол абыройлы мамандықтың иесі атану болатын.
«Жас кезімнен полицей болуды армандадым. Нағыз қылмыскермен бетпе-бет келіп, қылмыс орын алған жерге шығып, анықтау, қылмысты ашу мені қызықтырған бағыт екенін түсіндім. Қиындық, әрине, кездесті. Кейде жеке басыңа тиісетіндер, кейде аяқтан шалғысы келетіндер де болады. Десек те, бұл жұмыс сол қиындығымен қызықты. Әрбір қылмысты ашқан сайын халықтың алғысын алған кездер мені шабыттандырады», – дейді біздің кейіпкеріміз.
Сұлтан Шымкент қаласы, әл-Фараби полиция бөлімінің жедел уәкілі ретінде алғашқы еңбек жолын бастайды. Жақсы жұмысымен көзге түскен жас маман Шымкент қалалық Абай ПБ-нің аға жедел уәкілі қызметіне көтеріледі. Жедел ізкесушілердің барлық қыр-сырын меңгерген Сұлтан Үсіпбеков 2012 жылдан бастап Шымкент қаласы, Абай аудандық полиция бөлімінің Криминалдық полиция бөлімшесінің бастығы болып тағайындалады. Ал, 2014 жылы Оңтүстік Қазақстан облыстық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі болып ауысады. 2016 жылы облыстық ІІД Криминалдық полиция басқармасының жеке тұлғаларға қатысты бөлім бастығы болады. 2017 жылдан бері Шымкент қалалық әл-Фараби ПБ бастығының бірінші орынбасары қызметін атқаруда.
Уақытпен санаспай жұмыс істеп жүрген полиция подполковнигі Сұлтан Үсіпбековтің қажырлы еңбектері арқасында бірталай қылмыстар ашылды. Мысал келтірер болсақ, 2018 жылдың ақпан айының 10 жұлдызында Шымкент қаласындағы мейрамханалардың бірінің алдында тұрған «Тойота Ланд Крузер» автокөлігінің терезесін сындырып, ондағы 5 000 000 теңге ақшаны ұрлап кеткен оқиға орын алды. Ұрланған ақшаға күдікті «Мерседес бенц» автокөлігін сатып алған. Ағымдағы жылдың мамыр айында белгісіз біреулер күдікті азаматты үйінен алып кетіп, қаладан тыс айдалаға апарып, ұрып-соғып, «автокөлікті ұрлаған ақшаға алғансың» деп бопсалап, «Мерседес бенц» автокөлігін өз иеліктеріне алған. Жедел ізкесушілердің тыңғылықты жұмыстарының нәтижесінде аталған жайт бойынша бұрын-соңды ұрлық және тонау жайтымен бірнеше рет сотты болған Шымкент қаласының 28-30 жастағы тұрғындары анықталып, құрықталды. Күдіктілер ұсталып, қазіргі таңда ҚК-нің «Бопсалау» бабымен жасаған қылмысы дәлелденіп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүргізілуде. Бүгінде тергеп-тексеру жүргізу барысында ұрлық және тонау баптарымен бірнеше рет сотты болған, күдікті 20 жастағы азаматтың автокөліктердің терезелерін сындырудың 12 жайтына қатысы бары анықталып отыр.
Жұмыс десе ішкен асын жерге қоятын осындай ержүрек полицейлеріміз барда біздің қоғамда тәртіп орнайтыны сөзсіз. «Қылмыскерлерді ұстап, тұтқындаған кезде, кез келген қылмыс жасаған адам өз жазасын алатынына көз жеткізесің. Сол арқылы қоғамға пайдаң тиіп жатқаныңа қанағаттанып, өз ісіңе деген сүйіспеншілігін арта түседі», – дейді полиция подполковнигі Сұлтан Үсіпбеков.
Оның отбасында бұрын-соңды полиция қызметінде ешкім жұмыс істемеген екен. Ішкі істер органдарында оның әулетінен бірінші болып тыңнан түрен салған Сұлтанның өзі. Алдағы уақытта оның балалары бұл дәстүрді жалғастыруы мүмкін.
Орда бұзар отыз беске жақындаған Сұлтан бүгінде үш баланың әкесі, бір үйдің отағасы. Бос уақытында спортпен айналысқанды ұнатады. Әрине, оның бәрі сол сымбатты қалпын сақтаумен қатар, полиция қызметкері қажетті күш-қуаты мол болуы үшін. Қылмыскерлермен бетпе-бет келгенде оларға дес бермес үшін. Қарапайым халықты қылмыскерлерден қорғау үшін әрқашан шымыр да жинақы болу керек.
Басшылық тарапынан да үлкен марапаттауларға ие болып жүр. Атап айтқанда, Ішкі істер министрі мен облыстық ІІД бастығының алғыс хаттары мен грамоталарының иегері. Қылмыстық іздестіру саласына сіңірген еңбегі ескеріліп, «Қайсар ІІ» медалімен марапатталған. «Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгісімен марапатталған. Әрине, оның бәрі өз ісін адал орындағаны үшін. Сондай-ақ, ішкі істер органдарында «Үздік қызметі үшін» медалінің иесі.
Қызметте білікті маман, өмірде қарапайым адам. Полицей деген атқа дақ түсірмеуді өзіне міндет еткен тәртіп сақшысы. Жедел уәкілдің бойынан табылуы тиіс қасиеттерді көптеп тізе беруге болады. Біріншіден, жедел уәкіл әділдік, адамгершілік, шынайылық қасиеттерін бойына сіңіруі тиіс. Істің ақ-қарасын әділ саралап, адал қызмет етуі үшін адамгершілігі жоғары болғаны да абзал. Елбасымыз өз сөзінде: «Біз жұмыс істемейміз, біз елге қызмет етеміз», – деп қадап айтқан болатын. Расымен де, құқық қорғау органы қызметкерлері еліне адал қызмет етуі үшін ең әуелі осы қасиеттерді бойына сіңіруі керек. Сонда ғана халық қызметіңе жоғары баға береді.

Ақмаржан МЫРЗАХМЕТОВА, Түркістан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*