Топ жарған тастүлектер

Әзербайжан Республикасында «Жас құтқарушы» клубтары арасында өткен VI Халықаралық балалар-жасөспірімдер жарысы маусымның соңында аяқталды. Жамбыл облысы, Талас ауданының «Укротители огня» жас құтқарушылар командасы аталмыш жарыста жоғары нәтиже көрсетті.
Баку қаласындағы «Ататүрік» әуежайына қонған команда мүшелерін Әзербайжан ТЖМ өкілдері күтіп алды. Мұнан әрі жас құтқарушылар әзербайжан халқының жалпыұлттық көсемі Гейдар Алиевтің қабіріне гүл шоқтарын қойып, қаланың көрнекті орындарын аралады.
Бакудегі ресми шарадан соң балалар Гябяль қаласында өтетін жарысқа жол тартты. Әзербайжан Республикасы ТЖ министрінің орынбасары, медициналық қызмет генерал-лейтенанты Фаиг Таги жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, өз сөзінде: «Жарыс барысында жинақтаған білім мен тәжірибе бойларыңызға батылдық, шыдамдылық, патриоттық сезімдерін құйып, Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, табысқа жетуге деген ұмтылыс пен жігерді дамытуға септігін тигізері сөзсіз», – деп атап өтті.
Байқау бағдарламасы дәстүрлі түрде үш кезең бойынша өтті. Бұл байқауда біздің балалар «Өзін-өзі таныстыру» және «Қабырға газеті» кезеңдері бойынша жүлделі орыннан көрініп, тек үшінші «Кедергілер жолағы» кезеңі бойынша 10 секундтық айырмамен алдыңғы командаларға жол беріп, үздік үштіктер қатарынан көрінді.
Жарыстың барлық кезеңінің қорытындысы бойынша қазақстандық «Укротители огня» тәрбиеленушілер клубы командасы Әзербайжан, Ресей, Беларусь, Грузия, Молдова, Пәкістан, Румыния және Түркия елдерінің ішінде жүлделі үшінші орынды жеңіп алды. Балалар жарыс барысында экстремалды жағдайда қалып қойған зардап шегушілерге көмек қолын созып, кедергілері бар жолақты бағындырып, жауынгерлік киіммен өрт сөндіру эстафетасынан өтті. Сондай-ақ, құнды жүктерді іздеу бойынша іздестіру-құтқару жұмыстарына қатысып, барлығы бір кісідей жұмыла білді. Жарыс қорытындысы бойынша айтар болсақ, жергілікті ел қожайындары, яғни Әзербайжан құрама командасы жеңімпаз атанса, Беларусь құрама командасы жүлделі 2-орыннан көрінді.
Жарысты өткізудегі негізгі мақсат – түрлі сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде құтқару және өзін-өзі құтқару дағдыларын меңгеру, қоғамда қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыру. Жалпы шара осы бағыттағы мемлекеттік, қоғамдық және халықаралық салалармен қызметтестік пен әріптестікті нығайтуға бағытталған. Балалар бұл жарыста слетқа қатысқан өзге де спортшылармен кездесіп, таныстығын арттырып, тәжірибелерімен бөлісіп, жан-жақты білімдерімен алмасты.
«Укротители огня» командасы 7 баладан құралған: команда капитаны – Н. Ходыко, А. Рязанов, М. Мырзағалиев, Д. Өзбекова, К. Юсков, А. Шайкрамов, Н. Құлмахамбет және тәлімгерлері – К. Маркс атындағы мектептің директоры, топ жетекшісі Әсем Абдразақова, директордың тәрбие жұмыстары жөніндегі орынбасары И. Закира. Команда жаттықтырушысы – ЖҚЖ бас құтқарушысы В. Рүстемов болашақ ұжымдастарымен өткен шаққа айналып үлгерген жарыс кезіндегі қызықты сәттерімен бөлісті.
Жарыс бағдарламасы өте қызықты өрбігендігін атап өткен жөн. Сондай-ақ, балалар түрлі қалалар мен есте қалатын орындарда болды. Балаларды Жамбыл облысы ТЖ департаментінің басшылығы мен Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының өкілдері салтанатты түрде құттықтады. «Укротители огня» командасы дипломдар мен сертификаттарға ие болды.
Тәлімгер, азаматтық қорғау подполковнигі Г. Бекбергенова: «Біздің команда халықаралық жарысқа өте жоғары деңгейде тыңғылықты дайындалды. Біз халықаралық жарыста балалардың тек жақсы қырынан көрінуіне үлкен күш салдық. Қатаң тәртіп, әрбір жаттығудың әр минутына дейін өлшенген қысқа күн тәртібі кестесі, команданың ауызбіршілігі және ең басты меже – нәтиже көрсету, міне, тек осылардың арқасында біздің команда биік белестерді бағындыра білді», – деп сөзін қорытындылады.
Қазіргі уақытта Жамбыл ауданының «Самсон» жас құтқарушылар командасы 2018 жылғы 9-12 шілде аралығында Көкшетау қаласы Көкшетау техникалық институты базасында өтетін республикалық жарысқа тұңғыш рет қатысқалы отыр.

Жамбыл облысы ТЖД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*