Жақсы сөз – жанның тынысы

Осындай тамаша атаумен Орал қаласындағы Хадиша Бөкеева атындағы қазақ драма театрында облыстағы барлық мекемелер мен кәсіпорындар арасында өткен байқауда облыстық Ішкі істер департаментінің «Парасатты полицей» командасы топ жарып, екінші мәрте бас жүлдені жеңіп алды.
Аталған шара «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Астананың 20 жылдығына орай ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, тіл саясатын жүзеге асыру, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру мақсатында өтті.
Бұл шарада облыстағы құқық қорғау органдары, өрт сөндіру, құтқарушылар қызметі, денсаулық сақтау, спорт, туризм, білім салаларынан 30-дан астам қатысушы бақ сынады.
Байқау бағдарламасындағы 4 кезеңнен де тәртіп сақшылары сүрінбей өтті. Атап айтсақ, «Мемлекеттік тіл – мемлекеттілік нышаны» атты таныстыру бөлімінде полицейлер кезекші жедел-тергеу тобының образын сомдап, қала шетіндегі саяжай аумағында орын алған қылмыс орнына жедел-тергеу тобының жедел жететінін көрсетсе, «Өнерлі өрге жүзер» бөлімінде полиция аға лейтенанты Ердәулет Бисенғалиев «Асқақтай бер, Астанам» атты авторлық әнін шырқап, көрерменнің ықыласына бөленді. Ал «Бас қалам – Астанам» тақырыбында эссе жазу, «Мақал – сөздің мәйегі» атты сұрақ-жауап сайысында мақал-мәтел айту, жағдаяттық мәселе бойынша «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуі» тақырыптары төңірегінде ой толғау кезінде де тәртіп сақшылары жүзден жүйрік шықты.
Сөз құдіретіне арналған маңызы зор бұл байқаудың қорытындысы бойынша «Парасатты полицей» командасы бас жүлдеге ие болды. Осы байқау алғаш рет 2017 жылы ұйымдастырылып, былтырғы жылы да бас бәйгені Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаменті ұтып алған болатын.
Жеңіспен оралған «Парасатты полицей» командасы мүшелерін облыстық Ішкі істер департаменті бастығының орынбасары, полиция полковнигі Бағдар Әбуов құттықтап, өздерінің тікелей міндеттері – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу және ашумен қатар, сөйлеу мәдениеті, тіл саясатын жүзеге асыру, өнер саласын да қамтып, тіл додасында облыстық мекемелер арасында оза шыққаны үшін алғыс білдірді.
– Тілге деген көзқарас – елге деген көзқарас. Мемлекет басшысының өзі Ту, Елтаңба, Әнұранымыз секілді мемлекеттік рәміздердің қатарына мемлекеттік тілді қосты. Бұл мемлекеттік тілге берілген зор мәртебе. Тіл – ұлттың жаны. Тілімізді дәріптеу – біздің басты парызымыз, – деп атап өтті полиция полковнигі Б. Әбуов.
Батыс Қазақстан облыстық Ішкі істер департаментінде іс жүргізу 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік тілге көшірілген. Сол уақыттан бері департаменттің ішкі бұйрықтары, кеңес шешімдері мемлекеттік тілде дайындалып, қабылдануда. Хат-хабарларды қабылдап-жөнелтумен айналысатын бөліністерге құжаттарды мемлекеттік тілде ғана тіркеуге қабылдау жөнінде нұсқау берілді. Қазіргі уақытта бұл талап бұлжытпай орындалуда.
Құжат айналымының үлес салмағына тоқталсақ, кіріс құжаттарының 91 пайызы, шығыс құжаттарының 98 пайызы мемлекеттік тілде. Бұл жақсы көрсеткіш.
Департамент бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов тікелей өзі іс қағаздарының мемлекеттік тілде сауатты дайындалуына қатаң бақылау жасап, «Қазтест» жүйесі бойынша курстар ұйымдастыру, қызметтік кеңестер мен отырыстарды, барлық мәдени шараларды мемлекеттік тілде жүргізу, қызметкерлердің мемлекеттік тілді үйренуіне баса назар аударып, оларға қатаң талап қою сияқты міндеттерді жүктеді.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД
Мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*