Саламатты өмір – жарқын болашақ

Бүгінде есірткі заттарын қолдану – кең етек жайып бара жатқан әлемдік ғасыр дерті. Саламатты өмірге кері ықпалын тигізетін есірткінің алдын алу және Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы «Сау болу – өмірдің сәні» тақырыбында «Хан шатыр» сауда орталығында іс-шара өткізді.
Іс-шараға Астана қаласы әкімдігі мен «Жас Отан» жастар қанатының, мемлекеттік емес ұйымдар, Астана қаласы Саламатты өмір салты орталығы, «Құқық» қоғамдық қоры, «Наркология және психотерапия» орталығы қызметкерлері қатысты.
Акция қоғам назарын нашақорлық мәселелеріне аударуға, жасөспірімдер мен жастар мәселелерін кешенді түрде шешу қажеттілігін түсіндіруге, саламатты өмір салтының тұрақты принциптерін ұстануға, есірткіге тәуелді жандарға медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуге бағытталды.
– Халықаралық нашақорлықпен күрес күні Қазақстанның барлық аймағында есірткіге қарсы күрес жолында саламатты өмір салтын сақтау мақсатында шаралар өтеді. Біз бұл акцияны Астана қаласы аумағында бірнеше жылдан бері өткізіп келеміз. Олимпиада чемпиондарын, өнер адамдарын, жалпы жоғарғы жетістікке жеткен азаматтар қатысып келеді, – дейді Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция подполковнигі Сергей Ильиних.
Астана қаласы ЖИТС-ке қарсы күрес орталығы ұйымдастыру-әдістемелік бөлімінің меңгерушісі Жанна Айтмағанбетқызы: «Біздің орталықтың атқаратын мақсаты – инъекциялық есірткі тұтынатын азаматтарға зияндылықты сейілту бағдарламасын жүргізу, оларға ақпараттық білім беру материалдарын тарату. Біздің қаламызда үш сенім пункті жұмыс атқарады, оның екеуі стационарлы, біреуі жылжымалы сенім пункті. Бұл өткізіліп жатқан іс-шараға жыл сайын біздің мекеме қатысады. Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасымен бірлесе жұмыстар атқарып, рейдтерге шығып отырамыз, – деді.
Заңсыз есірткі айналымына жауапкершілікті күшейту мәселесі бойынша 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап «Қазақстан Республикасының Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданып, күшіне енді. Жаңа заң теріс қылық және есірткі қылмысын жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікті күшейтеді. Есірткі, психотроптық заттарды немесе олардың аналогтарын қоғамдық орындарда мақсатсыз қолданғаны үшін, ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, тасымалдау немесе сақтау, дайындау, өңдеу және жөнелткендерге айыппұл салынып, бас бостандығынан айырылады.
Өткен жылы Астана қалалық ІІД Есірткі бизнесіне қарсы күрес қызметтері есірткіге байланысты құқық бұзушылық жасағаны үшін 620 адам және есірткі заттарын Астана қаласының аумағында сатқаны үшін 68 адам жауапкершілікке тартылған. «Ішкі бақылап тасымалдау» әдісі бойынша екі арнайы операция өтіп, нәтижесінде елордамызға әкелу жолдарына тосқауыл қойылған.
Іс-шара барысында нашақорлықтың алдын алу мақсатында түрлі викториналық сұрақтар қойылып, АИТВ жұқпасын анықтау үшін тегін тексеруден өтуге, психолог, нарколог пен құқық қорғау органдарының кеңесін алуға мүмкіндік болды. Шара соңы концерттік бағдарламаға ұласып, ән мен би көрермен назарына ұсынылды. Белсенді қатысушыларға сыйлықтар таратылды.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*