Ұлы дала елордасы

Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ЛА-155/6 мекемесіндегі кәмелетке толмаған сотталғандар арасында да зор қуанышпен аталып өтті.
Мерекелік шараға қатысқан Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасының қызметкерлері Шарайна Құрманова мен Роза Қозбекова Астана қаласының тарихы мен болашағына арналған баяндама жасады.
Кітапхана қызметкері Шарайна Файзуллақызы баяндама барысында слайд-шоу арқылы Астана қаласының көрікті жерлері туралы толық мағлұмат берді. Жазалы балаларға қуаныш сыйлаған көріністер – Цирк, «Думан» орталығы, Мұхит аралы, Бәйтерек, Велотрек, «Астана арена» стадионы, «Алау» мұз айдыны, Назарбаев Университеті, «Хан Шатыр» сияқты ғимараттар болды.
Кітапхана қызметкерлерінің балаларға деген үлкен қамқорлығы – Астана қаласының 20 жылдық мерекесіне арналған «Астана – Ұлы дала елордасы!» атты кітап көрмесі болды.
Өз кезегінде мекемедегі жасөспірімдер де қонақтарға өз өнерлерін көрсетіп, ән мен жырдан шашу шашты. Сондай-ақ, Е. Ермұхамет, Д. Абиев, Ә. Сабыр Қ. Қоңыратбай, Н. Даражанов, А. Салов Астана туралы өз жүректерінен шыққан өлеңдерін жатқа оқыса, С. Жақыпбек және Ж. Малдыбаев «Астана», «Байтақ елім», «Қазақ жастары» туралы әндерін орындап берді.
Астана қаласының мерейтойына арналған көңілді шара соңында ЛА-155/6 түзеу мекемесінің кітапханашысы Гүлжанат Ермекова келген қонақтарға зор алғыс білдірді.

Е. ЖЕҢІСХАН, Алматы қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*