Елбасы өңірлердің тартуын тамашалады

Кеше Қазақстан Президенті Астана қаласының сол жағалауында орналасқан 240 орындық «Almaty balabaqshasy» деп аталған жаңа балабақшаны аралап көрді. Бұл білім мекемесінде балалар шығармашылығын дамытып, олардың демалысын ұйымдастыру үшін музыка залы мен ойын алаңдары бар.
«Almaty balabaqshasy» 12 топтан тұрады. Әрбір топтың Алматы қаласымен байланысты тақырыптық атаулары бар. Балабақша интерьерінің дизайны Алматының белгілі көшелерімен және даңғылдарымен танысуға, сондай-ақ, қала тарихы жөнінде мағлұмат алуға мүмкіндік береді.
Сондай-ақ, осы күні Мемлекет басшысы «Өңірлердің Астанаға тартуы» жобасы аясында Қызылорда облысы салған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясын аралап көрді. Қазақстан Президенті экспозиция аумағында Қызылорда облысының жұртшылық өкілдерімен әңгімелесті. Елбасыға ғарыш аппараттарын құрастыру-сынау кешенінің мүмкіндіктері таныстырылды.
Мемлекет басшысы ғылым мен жаңа технологияларды дамыту ісіндегі ғарыш өнеркәсібінің маңыздылығын атап өтті.
«Менің тапсырмам бойынша француз тарапымен бірлесіп, жасанды жер серігін құрастыратын зауытты іске қостық. Жуырда өзіміздің жер серіктерімізді құрастыруға кірісеміз. Бізде зымыран ұшыратын құрылғы бар, 2022 жылға қарай «Зенит» зымыраны дайын болады. Осылайша, ғарыш өнеркәсібі жаңа технологиялық деңгейге көтеріліп, Қазақстан толыққанды ғарыш державасына айналатын болады», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Музей «Қазақстан Ғарыш Сапары» ұлттық ғарыш орталығының аумағында орналасқан. Астананың 20 жылдығына сыйға тартылған зымыран-ғарыш техникасы музейінің ашық экспозициясына «Союз», «Протон», «Зенит» зымыран тасығыштарының, сондай-ақ, «Боран» орбита кемесінің үлгілері қойылған.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*