Әр бала бақытты болуға лайық

Бүгінде шаңырағы шайқалған отбасылар, тастанды сәбилер, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар саны аз емес. Кез келгеннің көкейінде жүрген «Жетімдер үйі қайтсе азаяды?»,«Неге олардың саны артып барады?»,«Тоғыз ай құрсағында көтерген бауыр еті баласын қаннен-қаперсіз қаржы үшін аналары неге саудаға салады?»,«Өз баласын өлімге қиып, қолын қанға малып жүрген тасжүректер, әкелік міндетінен қашып, туған сәбиіне аналық махаббатын сыйлай алмағандар қайдан шықты?» деген сұрақтар көпті мазалайтыны сөзсіз. Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында, біз ата-анасының мейірімі мен жан жылуына мұқтаж балаларды тәрбиелеп отырған «SOS Астана балалар қалашығы» білім беру мекемесіне арнайы бассұққан едік.
Елордамыздың оң жағалауындағы Абылай хан көшесінде орналасқан білім беру мекемесіне келгенімізде, бізді мекеме директоры Зәуреш Сәкенқызы қарсы алып, балалар қалашығының бүгінгі тыныс-тіршілігі, бүлдіршіндердің бос уақытында немен айналысатыны, тәрбиешілер мен SOS-аналардың жұмысы, өткізіліп жатқан әртүрлі мәдени іс-шаралар жөнінде әңгімелеп берді. Мекемеге кірген бойда жап-жасыл ағаштар мен гүлдерді көзің шалады. Кішкентай қалашық секілді шағын жеке-жеке үйлер орналасқан. Балаларға ыңғайлы спорт алаңы, жаттығуға арналған жабдықтары да бар. Қалашық түріндегі мекемеде балалар жеке-жеке үйде өздерінің SOS-аналарымен тұрады. Олар үшін барлық жағдай жасалған. Тағдырдың жазуымен ата-анасыз өскен балалар мекенінде жүрген жәутеңдеген қаракөз жеткіншектерді көріп,көңілің босайды…
Балалар ауылы – жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды отбасылық жағдайға жақын тәрбиелеу жүйесі болып табылады.Жалпы, мұндай типтегі балалар үйі алғаш рет 1949 жылы Австрияның Имсте қаласында ашылған екен. Оны дәрігер Герман Гмайнер ұйымдастырған. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін жетім қалған балалар өте көп болған. Дәрігер Герман сол жетімектерді аш-жалаңаш қалдырмай, аман-сау азамат етіп өсіруді көздеп, сол мақсатта балалар ауылын аша бастайды.
«Жетім көрсең, жебей жүр» демекші, бүгінде мұндай балалар үйі шамамен әлемнің 132 елінде жұмыс істеуде. Ал Қазақстанға бұл жобаны 1995 жылы Сара Назарбаева алып келген еді. Қазақстан Үкіметі мен «SOS KINDERDORF INTERNATIONAL» халықаралық қоры арасында келісімшарт жасалып, 1997 жылы Алматы қаласында, 2000 жылы Астанада ең алғашқы SOS балалар ауылы балаларға кең құшағын ашқан.Одан кейін 2004 жылы Теміртау қаласында да ашылды.
Бірінші кезекте, бұл – отбасылық типтегі 14 үйден құралған ауыл. Әр үйдің тұрғындары – бір отбасы болып саналады. Оларға қамқор болатын ананы SOS-ана деп атайды. SOS-ана ретінде жалғызбасты немесе балалары есейіп кеткен әйелдер жұмысқа алынады екен. Өйткені, олар 24 сағат осында тұрады және қарамағындағы балалардың күнделікті тіршілігі мен тәрбиесі, жүріс-тұрысы үшін жауапты. Әр отбасында 3-4 баладан 5-6 балаға дейін бар. Туған бауырлар бір отбасында ғана өсіп-жетіледі жәнеолар бір-бірінен ажыратылмайды.
Балалар SOS-ананың тәрбиесіне, жас ерекшелігіне, ұлтына емес, психологиясына, болмысына қарап беріледі.Қай анаға қай баланы беру керек екенін, қай балалардың бірге сыйысып тұра алатынын психологтар анықтайды.
«Бүгінде қалашығымызда 54 бала тәрбиеленуде. Олар – жетім және ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар.Оларды мұнда Астана қаласының білім басқармасы жолдамамен жібереді.Одан өзге, бізде Жастар үйі бар.27 бала сол жерде колледждер мен университеттерде білімін жалғастырып жатыр. Қуантатын жағдай – бізден түлеп ұшқан әрбір төртінші баланың жоғары білімі бар. Бүгінгі таңда олар ЖОО-да оқуда. Ересек өмірге қадам басқан жас түлектеріміз өз бетінше шаңырақ көтеріп үлгерді», – дейді балалар ауылының директоры Зәуреш Сәкенқызы.
Балалар қалашығында тәрбиеленіп жатқан жас жеткіншектер елордамыздағы №37, №32, №5, №22 мектептерде оқиды. Мекеме директоры өте дарынды балалардың бар екенін де айта кетті. Астана қалалық білім басқармасы, «Самұрық Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамы, «Еуразиялық топ» ЖШС бірнеше жылдан бері балалар қалашығына қолдау көрсетіп келеді. Ұлттық ұлан, ІІМ Астана қаласындағы Оқу орталығының басшылығы мен курсанттары, тағы да өзге мекемелер қайырымдылық шараларын жиі өткізіп, әрқашан балаларға қуаныш сыйлап келеді.
«Бүгінде қалашығымызда 4 және 5 жастан бастап,18 жасқа дейінгі балалар тәрбиеленуде. Ата-аналарының құқығынан айырылған балалармен және олардың биологиялық аналарымен жұмыс істейміз.Оларды туыстары алғылары келмесе, отбасылар асырап алуын қадағалаймыз. Сөйтіп,жақсы отбасыларға орналастыруға тырысамыз», – деді директор Зәуреш Арыстанова.
Ата-анасынан айырылған балалардың статусы әртүрлі. Балаларды көбінеәке-шешесі жағдайының нашарлығына байланысты уақытша тастап кетеді екен. Ал тастанды балаларды асырап алуға болмайды. Тек тұл жетім статусына ие болған балалар ғана болашақ отбасынан үміттене алады.
Балдырғандарға жетіспейтін бір-ақ нәрсе –ата-ананың махаббаты мен аялы алақаны. Бейкүнә сәбилердің мөлдіреген көздеріне қарап, жүрегің елжірейді. Жылу аңсаған балалардың болашақтағы тағдырына қатты алаңдайсың. Бөбектеріміз бақытты болса, толыққанды отбасында тәрбиеленсе, кім көрінгеннің қолында кетпесеекен деген ой мазалайды.
Қалашықтағы балалардың барлығы тәрбиелі. Оған біз мекемеге кірген бойда көзіміз жетті. Олар жанымыздан қалмай, сұрақтарын қойып,бізбен бірге түрлі ойындар ойнайды. Фердаус деген баланы сөзге тартқанымызда,ол осы балалар қалашағына өзінің отбасылық жағдайына байланысты келгенін айтты. Өзімен бірге 6 жасар қарындасы бар екен. Мекемеге орналасқанына бірнеше күн ғана болса да, Фирдаусқа бұл балалар қалашығы ұнайтындай көрінді. Өзінің сабақ үлгерімі де жақсы екен, өткізіліп жатқан түрлі іс-шаралаға қатысқанды ұнататынын айтты. Фердаустың әкесі жоқ, ал анасы сотталып, Қарағанды қаласындағы абақтылардың бірінде жазасын өтеп жатыр. Кішкентай Фердаус анасының қамқорлығынан айырылғанын әлі де түсінбейтін сияқты.Ол:«анам түрмеден шыққаннан кейін қарындасым екеумізді алып кетеді», – деп, балалармен ойнауға асығып жүгіріп кете барды…
Сөз соңы. «Жерде жетім жыласа, көкте періште күңіренеді» демекші, шамасы жеткенше жетім-жесірге қамқор болып, жылуды да, жақсылықты да отбасынан іздеген сәбилер үшін бойындағы бар махаббатын мейірімді көздері жәутеңдеген балақайларға арнап, ешқашан да ол үшін өкінбей жүрген балалар қалашығының басшылығы мен қызметкерлеріне,қамқорлығына алған жандарға алғыс білдіруден басқа айтарымыз жоқ.

Сіз не дейсіз?
Айсұлу АЙТҚҰРМАНҚЫЗЫ, SOS-ана:
– Менің бұл мекемеге келуімнің өзі де тағдыр шығар.Оған Алматыдағы балалар қалашығында жұмыс істейтін сыныптасым себепкер болды.Сол құрбымнан Астанада жұмысқа қабылдап жатыр дегенді естіп, осында келдім.Мен мұнда2000 жылы ашылғаннан бері 18 жыл жұмыс істеп келемін.
Алғашқы кезде балалардың саны көп болатын.Бір қуантарлығы – бүгінде балалар саны азайды.Ол – асырап алушылар мен қамқорлығына алушылардың арқасында болып жатқан жағдай.18 жылдың ішінде қаншама баланы тәрбиеледім.Әлі де тәрбиелеуге күшіміз жетеді. Ең көбі 9 баладан тәрбиелеген кездеріміз де болған.
Тәрбие беру оңай емес.Әр баланың мінезі әртүрлі. Біреуіне ғана көңіл бөліп қана қоймай, барлығына бірдей көңіл аударуың, барлығын бірдей қолдауың қажет.Тәрбие – тал бесіктен басталады.Біз өзіміз тәрбиелеп отырған балалардың өмірі мен болашағына жауаптымыз.Кішкентай кезінен берілген тәрбие – болашақтарына бағдар беретін жол деп есептеймін.
Біздің қалашық ашылғанда 36 тастанды бала перзентханадан келіп түсті.Солардың ішінде бес ағайындыны мен тәрбиеледім.Олар бүгінде өсіп-жетілді,бірі отбасылы болса, екіншісі білім алып жүр.Үлкен қызым Венера ІІМ-нің Алматы қаласындағы Академиясын аяқтап шықты.Бүгінде Астана қаласындағы Алматы аудандық Ішкі істер басқармасында жұмыс істейді.Екінші ұлым Павлодар қаласында тұрады.Өзінің жеке бизнесі бар.Үшіншісі Rixos қонақ үйінде жұмыс істейді.Осы біздің қалашықтың қызымен шаңырақ көтерді. Бүгінде бір немерем бар.Мен балаларымның әрбір жетістігіне қуанып отырамын.Олар – менің мақтаныштарым.
Мұнда осы мекемеде жұмыс істеп, зейнетке шығып жатқан қызметкерлер де бар.Олардың жылдар,айлар бойы өмірлері осында өтіп жатыр. Зейнет жасына жетсе де, өз қамқорлығындағы балаларын тастап, қиып кете алмайды.Мұнда тек жетім балалар ғана емес, ата-ана қамқорлығынан айырылған балалар да бар.Олар өздерінің туған ата-аналарымен араласып тұрады.Біз ол кісілермен де жұмыс істейміз.

Үміт МАҒАУИДЕНҚЫЗЫ, тәрбиеші:
– Балалар қалашығына 2008 жылы жұмысқа келдім.Басында қызметімдіәлеуметтік педагог болып бастадым. Міндетім – балаларға жеке куәлік, төлқұжат және өзге де құжаттарды дайындау.Қазіргі таңда тәрбиелеуші болып жұмыс істеймін.
Бұрын біздің қалашыққа еліміздің әр аймағынан балаларды қабылдайтынбыз, қазір тек Астана қаласы бойынша орналастырылады.Оларды әр үйге, мектепке, жоғарғы оқу орындарына жібереміз.Бізде балаларды дамыту орталығы бар.Онда балалар мектепке дейінгі білім ала алады. Ментальді арифметика, ағылшын тілі курсатарын оқытады.Тәжірбиелі әрі білімді педагогтар балалармен жұмыс істейді.Ұжымымызда өте тату,ашық жүзді, мейірімді жандар қызмет етеді.

Дерек пен дәйек
Білім және ғылым министрлігінің өкілдері берген мәліметтерге сүйенсек, балалар үйлері мен ондағы тәрбиеленушілер саны 11 мыңнан 6 мыңға, яғни 57%-ға қысқарған. Соңғы 5 жылда қазақстандықтар балалар үйінен 5 мыңға жуық баланы асырап алған. 2051 бала туған ата-аналарына қайтарылған. Есеп бойынша, елімізде жетім балалар мен ата-анасының қарауынсыз қалған балаларды тәрбиелейтін 58 ұйым жабылған.
Білім және ғылым министрлігі мен балалардың құқығын қорғау комитеті,халықаралық және қазақстандық «ЮНИСЕФ», «РRI», «Жанұя», «Үй», «Аналар үйі», «Отбасылық академия», «Право», «Союз кризисных центров» балалар құқығын қорғау ұйымдарымен меморандумға қол қойды.

Ақжан РҮСТЕМБЕКҚЫЗЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*