Көне жәдігерлер – музей сәні

 

Музей – тәрбие құралы. Кеншілер қаласы полицейлерінің жүріп өткен жолынан сыр шертіп, құнды жәдігерлерді көзінің қарашығындай сақтап келе жатқан Қарағанды облыстық ІІД музейінің тарихы тереңде жатыр. Өлкеге сапарымыз барысында музей меңгерушісі Айжамал Айтжанова өңір полицейлерінің қызметіне арналған музей туралы баяндап, шағын экскурсия ұйымдастырды.
Қарағанды облыстық ІІД музейі 1981 жылы ашылған. Оның ашылуына қызмет ардагерлері мұрындық болған. Бұл орайда, бұрынғы музей басшысы, Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Иван Васильевтің есімі ерекше атап өтіледі. Себебі, Иван Алексеевич өз күшімен осы музей жәдігерлерін жинап, оның бой көтеруіне себепкер болған. Бүгінгі күні музей сөресінен соғыс жылдарында Иван Васильевті өлімнен құтқарған әмиян да орын тепкен. Бұл әмиянның құдыреттілігі сонда, Иван Васильевтің жүрек тұсына атылған оқ соның ілгегіне тиіп, аман қалған. Ол 20 жылдан астам уақыт музейге жетекшілік еткен. Одан кейін музейге Георгий Князев басшылық еткен. Георгий Николаевичті бүгінгі музей бастығы Айжамал Айтжанова ерекше еске алады. Ішкі істер органдарының тарихы туралы алғашқы еңбектің, бірнеше кітаптың авторы Георгий Князев парасаты мен мәдениеті жоғары азамат болған деседі.
Айжамал Бекішқызының Қарағанды облыстық ІІД мұражайына жетекшілік етіп келе жатқанына да биыл 10 жыл болып отыр. Музейде бүгінде тағылымды кештер өткізіледі. Екінші дүниежүзілік соғыстың және ІІО ардагерлері осында жас ұрпақпен кездесіп, жалындап тұрған жастарға жол көрсетіп, бағыт-бағдар береді. Мұнда ерлік пен батырлық сабақтары, ардагерлерді ардақтау шаралары жүйелі өткізіліп тұрады. «Биыл біз мәдени бұқаралық іс-шараларды Қазақстан полициясы күні мен Қылмыстық іздестіру қызметіне – 100 жыл ұранымен өткізіп келеміз. Бүгінгі күні музейде сирек кездесетін экспонаттар орналастырылған. Алайда, қолда бар экспонаттардың бәріне бірдей музейден орын беру әзірге мүмкін болмай тұр. Жәдігерлердің көптігіне байланысты, жуық арада музейдің шаршы көлемі ұлғайтылмақ», – дей келе, Айжамал Бекішқызы бізге кішігірім экскурсия ұйымдастырды.
Музейде тарихтан сыр шертетін көне жәдігерлер орналастырылыпты. КСРО ІІМ-нің горнизондық қызыл туы, сонау жылдары жарық көрген басылымдар, қызметтің қалыптасуына еңбегі сіңген басшыларға жеке сөрелер арналған. Экскурсия барысында Айжамал Айтжанова Қарағанды полициясы қалыптасу кезеңінің басында тұрған басшыларға жеке-жеке тоқталып, әңгімеледі. Қарағанды аудан статусын алғанда, бірінші милиция басшысы болған Омарбек Галиулин, арада 3 ай өткенде Қарағанды қала статусын алған жылдары бірінші милиция басшысы Александр Григорьевич болған.
«Биыл Қылмыстық іздестіру қызметінің 100 жылдығын тойлап жатырмыз. Осы орайда, қиын-қыстау соғыс жылдары (1943-1947) Қылмыстық іздестіру қызметінің басшысы Александр Некифров болғанын айта кеткім келеді. Неге оны бөліп-жарып айтып отыр десеңіз, 1944 жылы азық-түлік дүкеніне шабуыл жасалып, азық-түлік карталары ұрланады. Тарихтан білесіздер, КСРО халқы карта жүйесіне ауыстырылып, қажетті заттардың барлығы картамен берілді. Бұл карталар бір айға берілген. Оны жоғалтып алсаң, аштан қатасың. Бұл сұрапыл соғыс жылдары еді. Міне, осы Александр Некифров және Шайка Коғабаев және тағы бір топ адам 3 күннің ішінде қауіпті қылмыстық топты құрықтап қана қоймай, 88 мың адамның картасын тапты», – деді музей меңгерушісі.
Қызмет барысында болған осы сияқты қанқұйлы оқиғаларды суретшілер саз балшықтан бейнелеген. Шынайы етіп жасағандары соншалық, қарап тұрып оқиға сюжетіне қанық боласың. Мысалы, 1985 жылы Қарағанды қаласында жастар көп баратын «Сарыарқа» ресторанына кавказ ұлтының өкілі граната тастамақшы болған. Алайда, екі милиционер оның бұл қастандық әрекетіне қарсы тұрып, талай адамның өмірін құтқарып қалған. Осы оқиға саз балшықтан сәтті бейнеленген. Қарағанды полициясының ішінде қызмет бабында қаза тапқандар – 26 адам. Оның ішінде ең қатігездікпен өлтірілгені – Алданыш Тайғожин. 2003 жылы 3 қыркүйекте Топар полиция бөлімшесі Қылмыстық атқару қызметінің бастығы Алданыш Тайғожин қаскөйлердің қолынан қаза тапқан. Қатыгез деп отырғанымыз, оны арқасына пышақ сұғып, балғамен бастан ұрып өлтіріп, мәйітін өртеп жіберген. Сол қанды оқиға да бейнеленген. Музейге экскурсия барысында Қарағанды қаласы бойынша қызмет бабында қаза тапқан Алданыш сияқты қайтпас қайсар батырлардың есімдерімен таныс болдық.
Сондай-ақ, музейдің қақ ортасынан Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарына арналған тақтаға орын берілген. Онда Қарағанды қаласы бойынша соғыс және ІІО ардагерлерінің аты-жөндері, суреттері, қару-жарақтары, сол жылдардағы сарбаздар формасының үлгісі қойылған. Музей экспонаттары қатарында Максим пулеметі, патифон, далалық-әскери телефон, майданнан хаттар сақталған. Сондай-ақ, музейде ұрпақ сабақтастығын жалғап келе жатқан полиция династияларына да сөре арналыпты. Бұл тізімде Адамбековтер, Алғожиндер, Ериковтер, Махамбетовтер династиялары бар.
«Біз алғаш рет полиция формасын киген жас ұрпақ үлкендердің даналығы мен тәжірибесіне сүйенулері үшін барлығын жасап жатырмыз. Осы мақсатта атқарылып жатқан жұмыс көп. Айталық, қызмет бабында ерлікпен қаза тапқан Ғазиз Байтасовтың рухына арналған автошеруге де қатыстық», – дейді музей жетекшісі. Айжан Бекішқызы, сондай-ақ, Қарағанды облыстық ІІД мәдениет орталығының жетекшісі. Департаменттің музейімен қатар, мәдени өміріне де жауапты. Биыл өзі жетекшілік етіп отырған «Нұр-Орда» вокалдық тобының да құрылғанына 5 жыл толып отыр екен. «Нұр-Орда вокалдық тобы – Қарағанды қаласына белгілі топ. Осы жылдың 23 маусымында бұл топтың құрылғанына 5 жыл толды. Қарағанды ІІД-нің вокалдық ансамблі, 55 адамнан тұратын хоры бар. Жалпы, Қарағанды полициясы қатарында халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаттары бар. Оның ішінде ерекше атап өтетін алтын дауыс иесі – Меруерт Тойбекова. Полиция демесең, дауысы Б. Төлегенованыкіндей. Жанат Мусин есімді жұлдызымыз бар. Өзі әрі актер әрі әзілкеш. Арамызда әнші де, әртіс те, ақын да, композитор да бар. Бір сөзбен айтқанда, Қарағанды облыстық ІІД таланты әрі талапты тәртіп сақшыларына бай»,– деп түйді сөзін Айжамал Айтжанова.

Жадыра МЫРЗАХМЕТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*