Шежірелі Шардара

Өңірдің көші-қон тынысы туралы

Шардара өңірі – тарихы мен мәдениеті, өркениеті мен дамуы қатар ұштасқан киелі де шежірелі мекен. Аудан орталығы – Шардара қаласы атауының өзі ғалымдардың пайымдауынша, парсы тілінен аударғанда «төрт қақпа» деген ұғымды білдіреді екен. Яғни, ертеде бұл жер – керуен жолдарының түйіскен жері болған.
Қазіргі уақытта Шардара ауданы – ауыл шаруашылығы мен өндірісі қатар дамыған нарықтық экономикаға толық бейімделген аймақ. Ауданның жер көлемі 13 мың шаршы шақырымды алып жатыр. Ал халық саны – 76 мыңға жуық. Сонымен қатар, бұл өңірде 23 ұлттың өкілі мекен етеді.
Аудан аумағындағы тыныштық пен қауіпсіздікті сақтауда бүгінгі таңда 120-дан астам полиция қызметкері талмай еңбек етуде. Соның ішінде 6 полиция қызметкері аудандағы көші-қон тынысын жіті бақылауда ұстап отыр.
Шардара аудандық Ішкі істер бөлімінің көші-қон қызметі өкілдері өңір аумағында заңсыз көші-қонның алдын алу және болдырмау, сондай-ақ, заңсыз көші-қонды ұйымдастыру дәйектерін анықтау мақсатында жұмыс пәрменділігін арттыру үшін үздіксіз жұмыстар атқарып келеді. Олар аудандағы елдімекендер мен Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекаралық аймақтарда орналасқан ауылдарға шетел азаматтарының келу, болу заңдылықтарын тексеру шараларын ұдайы жүргізіп отырады.
Мәселен, 2018 жылдың 5 айында көші-қон полиция қызметкерлері аудан аумағында барлығы 71 әкімшілік құқық бұзу дерегін анықтаған. Соның ішінде еліміздің аумағына келу, болу және жүріп-тұру ережелерін бұзған барлығы 37 шетел азаматын әкімшілік жауапқа тартқан.
Анықталған құқық бұзушылықтар бойынша 27 шетел және ҚР азаматтарына жалпы 442 мың теңге мөлшерінде әкімшілік айыппұл салынып, бұл қаражат толығымен мемлекет қазынасына түскен. Сонымен қатар, көші-қон қызметі өкілдерінің құзырына жататын мемлекетке борышкерлерді анықтау жұмыстары бойынша 2018 жылдың 5 айында 2 іздеу ісі жүргізілген. Нәтижесінде, борышкер 2 азамат та табылған.
Ал халықты құжаттандыру және тіркеу жұмыстары бойынша барлығы 1848 азамат құжаттанған. Соның ішінде 399 азамат ҚР төлқұжатына, ал қалғаны жеке куәлікке құжаттандырылған. Сондай-ақ, Шардара ауданының аумағында тұрғылықты тұруға 3421 азамат тіркеуге алынса, 40 азамат тіркеуден шыққан.
Ағымдағы жылдың 5 айында аудандық ІІБ-нің көші-қон тобына жергілікті азаматтармен келісімшартқа тұрып, жұмыс істеуге өтініш білдірген 357 шетелдікке рұқсат берілген.
Тарихи өңірдің полицейлері алдағы уақыттарда көші-қон мәселесі бойынша жұмыстарды бұдан әрі жандандырып, тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуына барынша күш саламыз деген нық сенімде.

Түркістан облыстық ІІД-нің баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*