Ақмолалықтар – алдыңғы қатарда

Ақмолалық тәртіп сақшылары қоян-қолтық айқастан еліміздің полиция қызметкерлері арасында өткен ІІМ Чемпионатында үздік атанды.
Дәстүрге айналған қоян-қолтық айқастан ІІМ Чемпионаты Щучинск қаласында ұйымдастырылды.
«Жақсы 2» спорт кешенінде өткен республикалық турнирге Қазақстанның 14 облысынан, сонымен қатар, Астана, Алматы қалаларынан 26 команда қатысты. ІІМ, Ұлттық Ұлан, Мемлекеттік күзет қызметі, Ұлттық қауіпсіздік, Мемлекеттік кірістер, Төтенше жағдайлар және Қылмыстық атқару жүйесі комитеттері, Бас прокуратура, Қаржы министрлігі, сондай-ақ, Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының командалары 9 салмақ санаттары бойынша жарысты. Жеңімпаздар командалық және жеке есепте анықталды.
Қатысушыларды Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары, полиция генерал-майоры Жанат Сүлейменов пен облыс басшысы Мәлік Мырзалин, Ақмола облыстық құқық қорғау органдарының, дене шынықтыру және спорт басшылары, республикалық спорттық ұйымдардың өкілдері, ішкі істер органдарының ардагерлері мен Ақмола облыстық ІІД жеке құрамы құттықтап, жеңіс тіледі.
Салтанатты рәсім барысында спортшылар мен жанкүйерлерді «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов құттықтап, облыс әкімі Мәлік Мырзалин мен Ақмола облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Ержан Саденовке «Спорттың және динамолық қозғалыстың дамуына зор үлес қосқаны үшін» медальдарын табыстады.
Ал қоян-қолтық айқастан үздіктерді 20 адамнан құралған қазылар алқасы анықтаса, оның ішінде чемпионаттың бас төрешісі, халықаралық дәрежедегі төреші Әділ Қайырбаев, бас хатшы, ұлттық дәрежедегі төреші Константин Помазай болды.
Чемпионаттың барлық қатысушысы өздерін таныстырған соң, қонақтар мен спортшылар алдында ІІД шығармашылық ұжымы «Чемпиондар әнін» орындап, аймақтың спорттық мектептері өз өнерлерін көрсетті.
Ақмола облыстық ІІД командасы қоян-қолтық айқастан әлем чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері, полиция аға лейтенанты Рахметулла Сатывалиев, әлем кубогінің жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Дәурен Назаров, Еуропа чемпионы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Нұрлан Мусинов, қоян-қолтық айқастан спорт шеберлігіне үміткер, полиция капитаны Аян Кәрімов, полиция капитаны Алтынбек Қазкенов, бокстан спорт шебері, қоян-қолтық айқастан спорт шебері, полиция аға лейтенанты Нұрсұлтан Көшеғұлов, бокстан спорт шебері, қоян-қолтық айқастан спорт шеберлігіне үміткер, полиция лейтенанты Сәкен Сыдықов, қоян-қолтық айқастан спорт шеберлігіне үміткер, полиция сержанты Құрмет Қабдеш сынды спортшылардан құралды.
70 келі салмақта алтын медальді полиция аға лейтенанты Рахметулла Сатывалдиев, күміс медальді 65 келі салмақта Дәурен Назаров, 60 келі салмақта Құрмет Қабдеш, 55 келі салмақта Нұрсұлтан Көшеғұлов жеңіп алды. Қола медаль 85 келі салмақта Аян Кәрімов пен 55 келі салмақта Сәкен Сыдықовқа бұйырды.
Медаль, кубоктар мен грамоталарды жеңімпаздарға «Динамо» орталық кеңесі төрағасының бірінші орынбасары А. Омарқұлов, Астана қаласы «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Д. Темірханов, Ұлттық ұлан денешынықтыру дайындығының бастығы Д. Ахметов, чемпионаттың бас төрешісі А. Қайырбаев, «Динамо» ДШСҚ Атырау филиалы төрағасының бірінші орынбасары Х. Есенхалиев, ІІМ төрағасы Е. Цыганков, «Динамо» Орталық Кеңесінің бастығы Н. Князев, ақмолалық «Динамо» ДШСҚ төрағасының бірінші орынбасары Ж. Досуров, Ақмола облыстық ІІД бастығының орынбасары В. Букреев табыстады.
Ақмолалық спортшылардың жүлделі орындары арқасында команда 1-орынды жеңіп алды. Ал 2-орыннан елордалық полиция қызметкерлері көрінсе, 3-орынды Алматы облысының командасы алды.
Салтанатты марапаттау рәсімі соңында жеңімпаздар мен қатысушыларды «Динамо» ДШСҚ қоғамдық бірлестігі төрағасының бірінші орынбасары Асқар Омарқұлов пен ІІМ өкілі Евгений Цыганков құттықтады.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*