Бексұлтан – түйе балуан

Жуырда Қостанай қаласында татар ұлт өкілдері жыл сайынғы дәстүр бойынша «Сабантой» мерекесін өткізіп, онда әртүрлі ұлттық ойындар мен спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды.
Оған ІІМ Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай Академиясының курсанттары да қатысып, «Белбеу күресінен» азулы қарсыластарын жеңіп қайтты.
Жарыс 75 келіге дейін және +75 келі – абсолюттік салмақ дәрежесі бойынша өтті. Академия курсанттары түгелдей жүлделі орынға ие болды. Ақтық сынға 75 келі салмақ дәрежесінде академияның екі бірдей курсанты шықты. Тартысты күрес нәтижесінде, белді балуанымыз, 3-курс курсанты Ошақбай Айбар жеңіске жетсе, оған жол берген 2-курс курсанты Сарымсақ Темірхан жүлделі 2-орынға ие болды.
75 келіден жоғары абсолюттік салмақ дәрежесінде 3-курс курсанттары Күдірбек Болат және Оразымбет Бексұлтан ақтық сында жолықты. Нәтижесінде, Оразымбет Бексұлтан басым түсіп, «Сабантой-2018» түйе балуаны атанды. Жеңімпазға татар ұлт өкілдері тарапынан қара қошқар табысталды.
Академия белбеу күресі құрамасын ЖжДД кафедрасының аға оқытушысы, белбеу күресінен ҚР спорт шебері Ержан Кабидуллинов бастап барған. Естеріңізге сала кетсек, Ержан 2017 жылы ірі көлемде өткен «Сабантой-2017» мерекесінде белбеу күресінен абсолюттік чемпион атанып, «Лада Гранта» автокөлігін жеңіп алған болатын.

Тұрсынбай ДУМАНЖАН, Қостанай қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*