Балалар үйірмелерге жазылды

Көкшетау жасөспірімдері ақмолалық полиция қызметкерлері жаттығатын спорт кешеніне экскурсия жасады.
Көкшетау қалалық ІІБ ЖПҚ ювеналдық полиция бөлімі 12-15 жас аралығындағы аз қамтылған отбасы жасөспірімдеріне, есепте тұрған балаларға және қала мектептерінің балаларына арнап «Динамо» ДШСҚ-да ашық есік күнін ұйымдастырды.
Аталған іс-шараның мақсаты – балаларды саламатты өмір салтына, уақытты пайдалы өткізуге тарту. Жаттығу залына келген балалар бірден тәжірибелі жаттықтырушылардың бақылауымен әртүрлі жаттығуларды орындады.
Бүгінгі таңда «Динамо» ДШСҚ-да қоян-қолтық айқас, самбо, ауыр атлетика, кроссфит, шағын футбол сынды тегін үйірмелер бар. ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Батырбек Оздоев, ауыр атлетикадан халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Мария Грабовецкая, шағын футбол жаттықтырушысы Қайрат Амрин, самбодан халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ардақ Мадимұхаметов жаңадан келушілермен сабақ өткізетін болады.
Жаттығулар демалыс күндері өтеді. Шағын футбол жексенбі күні жүреді. Ашық есік күні жаттықтырушылар балаларға шеберлік көрсетіп, спортқа келу жолдары, дұрыс тамақтану жайлы әңгімелеп, жетістіктерімен бөлісті.
Іс-шара соңында балалар спорт үйірмелеріне жазылды.

Ақмола облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*