Домбыра – асыл мұра

Таяуда ҚР Ұлттық ұланының Астана қаласындағы №5573 әскери бөлім сарбаздары Ұлттық домбыра күніне орай флеш-моб ұйымдастырып, Құрманғазының «Балбырауын» күйін орындады.
Саптық алаңда бір мезетте 50-ден астам домбырашы сарбаз домбыра формасында қаз-қатар орналасып, қазақ күйшілерінің күйлерін орындаса, құрмет қарауыл ротасы сап түзеп, «01.07» санын бейнеледі.
Бұл күні домбыраның күмістей сыңғырлаған үні төгіліп, осы аспапқа құрмет көрсетілді. Сондай-ақ, саптық алаңдағы флешмобтан кейін әскери бөлімнің мәдени орталығында сарбаздар үшін домбыра құдіреттілігіне арналған тақырыптық кеш өтті. Шараның басты мақсаты – ұлттық аспаптар арқылы жас жауынгерлерді қазақстандық патриотизм негізінде тәрбиелеу, Отанға адалдық пен ержүректілік сезімдерін нығайту, ұлттық салт-дәстүр мен мәдениетке құрмет көрсету болып табылады.
Шараға Ұлттық ұлан қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар бас басқармасының бастығы, подполковник Әлішер Әбдірасыл қатысып, сөз сөйледі. «Елбасының Жарлығымен бекітілген «Ұлттық домбыра күні» қарсаңында өткізіліп жатқан негізгі іс-шарамыз – еліміздегі бірліктің, рухани жаңғырудың жарқын көрінісі. Бүгінгі флеш-моб – сарбаздардың өз идеясы. Флеш-мобтан кейін «Домбыра – асыл мұра» атты концерттік кеш ұйымдастырылып отыр. Оны бүкіл сарбаздарымыз және келген қонақтар тамашалайтын болады. Ұлттық домбыра күні – халқымыздың рухын, патриоттық сезімін көтеретін бір бастама», – деді полковник.
Мерекелік шара кейіннен Мәдени-демалыс орталығында жалғасын тапты. Онда Өнер академиясының оқушылары Н. Тілендиевтің «Әлқисса» күйін әуелетті. Сондай-ақ, көрермен «Туған жер», «Қазақ осы» «Сарыарқа», «Ерке сылқым» сияқты ән-күйлермен сусындады.

Бауыржан БЕРІКҰЛЫ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*