«Сегіз қырлы, бір сырлы» құтқарушылар

Таяуда Оқушылар сарайында Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының ұйымдастырумен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және Елорданың 20 жылдық мерейтойы аясында қала аумағындағы мекемелер арасында «Сегіз қырлы, бір сырлы» қалалық тапқырлар сайысы өтті.
Іс-шара қоғамның барлық саласында мемлекеттік тілдің қолданылуын арттыруға үлес қосу, әр салада қызмет атқаратын мамандарды отансүйгіштікке баулу және олардың интеллектуалдық ой-өрісін дамытуға ықпал ету мақсатында өткізілді.
Тіл сайысына Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаменті атынан көздерінде от ойнаған, бойларында күш-қуаты тасыған, жастық жалыны алаулаған «Алау» тобы қатысты. Топтың мүшелері: №9-ӨСБ өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау кіші сержанты Нұрсұлтан Ильяс, №15-ӨСБ аға өрт сөндірушісі, азаматтық қорғау сержанты Әбілбек Айдарбеков, №2-МӨСБ аға өрт сөндіруші-құтқарушысы, азаматтық қорғау сержанты Досқали Құлахметов төтенше жағдайлар саласындағы мамандардың намысын қорғады.
Сайыс «Таныстыру», «Асыл сөз», «Жүйрік тіл», «Зерде», «Өнер» атты 5 айналымнан тұрды. Бұл сайысты белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлерінен, қаламгерлер мен ғалымдардан, қоғам белсенділері мен танымал жастардан құралған қазылар алқасы бағалады.
«Таныстыру» айналымында топ мүшелері өздерін және мамандықтарын әнмен таныстырды, арнайы дайындалған слайд пен бейнеролик көрсетілді. «Асыл сөз» және «Жүйрік тіл» айналымдарында мақал-мәтелдерді, жаңылтпаштарды жаңылмай жатқа айтуларымен ерекшеленді. Сайыстың ең негізгі бөлімі «Зерде» айналымында экранда көрсетілген «Тіл», «Тұлға», «Салт-дәстүр» тақырыптарындағы ұяшықтарды таңдап, берілген сұрақтарға жауап берді. Топ мүшелері сұрақтарға толық жауап беріп, бұл айналымнан да сүрінбей өтті. Соңғы айналымда әр адамның патриоттық рухын көтерер «Мен қазақпын» әнін шырқады.
Адам өміріне араша түсіп, жалындаған тілсіз жаумен күресте өз өмірін құрбан етер өрт сөндірушілеріміз бұл сайыста ұлттық құндылықтарымыз бен рухани қазыналарымызды қастерлейтіндіктерін, өз ана тілін, әдебиеті мен мәдениетін меңгергендіктерін дәлелдеді.
Қазылар алқасының шешімімен сайыс қорытындысында «Алау» тобы жүлделі 2-орынды иеленіп, дипломмен марапатталды және бағалы сыйлыққа ие болды.

Қ.АТАҚБАЕВА, Астана қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*