Атыраулық полицейлер баспана алды

Қазақстан полициясы күніне орай, Атырау облысында 30 полиция қызметкеріне пәтер кілттері табыс етілді.
Қаладағы бас алаңда өткен салтанатты шарада облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сөз сөйлеп, тәртіп сақшыларының өңірдегі қылмыстық ахуалды тұрақтандырудағы еңбегін жоғары бағалады. Сонымен бірге, облысқа кірме күре жолдарда құрылысы жүріп жатқан 4 полиция бекетінің маңыздылығына тоқталып, қоғамдық тәртіпті бақылау кешенді жүргізілуі керектігін тапсырды. Мерекелік лебізін қорытындылаған өңір басшысы қызметке шыққан әр полицейдің отбасына аман оралуына тілектестік білдірді. Бұдан кейін 5 полицейдің отбасына пәтер кілттерін табыс етті.
Облыстық ІІД бастығы, полиция полковнигі Аян Дүйсембаев құттықтау сөзінде баспанамен қамтуда көпбалалы, пәтер кезегін ұзақ жыл күткен, сонымен қатар, жалғызбасты әйел қызметкерлер алғашқы кезекте ескерілгенін айтты. Ішкі істер құрылымдарына айрықша көмек көрсетіп жүрген облыс басшысына құрмет білдіріп, алдағы уақытта облыс көлемінде пайдалануға берілетін жаңа 34 учаскелік полиция бекеті тыныштықты қамтамасыз етуге сеп болады деп сендірді. Әзірге Атырау республика бойынша қылмыстың тіркелуі сиреген, ахуалы тұрақты өлкелер қатарында.
«Береке» ықшам ауданынан баспаналы болып, кеуде керген қуаныштан толқығандардың бірі – ІІД Көші-қон полициясы басқармасының қызметкері, полиция капитаны Ақмарал Ахметова. 2008 жылы полиция кіші лейтенанты болып қызметін бастаған ол көп жылдар пәтер кезегін күткен. Қуаныштан көз жасына ерік берген ол өз баспанасының кілтін алудан артық ынталаныру тетігі жоқ деп біледі.
Жақында ғана шаңырақ көтерген полиция кіші лейтенанты Азамат Сағынғалиевтің жұбайы жолдасының жауапты жұмыста жүргенін ескеріп, біраз қиындыққа бірге төтеп беруге дайын болғанын айтады. «Алайда, пәтер алғанымыз күтпеген жаңалық болды», – дейді қуанышын жасыра алмаған жастар.
Мерекелік шара барысында біраз қызметкерге ІІМ тарапынан жолданған марапаттар тарту етіліп, төсбелгілер тағылды. Кеш соңы ІІД шығармашылық ұжымдарының концетіне ұласты.
Айта кетейік, өткен жылы Жергілікті полиция қызметінің 21 қызметкеріне пәтер кілттері табыс етілген болатын. Сонымен қатар, ІІД 80 қызметкердің жалға алып отырған тұрғын үйлеріне өтемақы төлеп отыр.

Атырау облыстық ІІД баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*