Ақпарат жеделдікті ұнатады

27 маусымда Ішкі істер министрлігінде Байланыс және ақпарат қызметкерлері күніне орай өткен салтанатты шарадан кейін Ішкі істер министрінің орынбасары, полиция генерал-майоры Ерлан Тургумбаев ІІМ аумақтық бөліністерінің баспасөз хатшыларымен кездесті.
Шара барысында әңгіме арқауына айналған басты мәселелер – бүгінгі ақпарат ғасырында қоғамда орын алған қылмыстық, құқық бұзушылық оқиғалар туралы қажетті ақпаратты жедел әрі дұрыс бере білу, полиция қызметін насихаттау үшін имидждік мақалалар жариялау, сондай-ақ, әлеуметтік желілерде полиция қызметіне қатысты көтерілетін негізсіз сыни посттарға қарсы шаралар қабылдау, т.б. өзекті жайттар.
Тілшілер қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтаған Ерлан Заманбекұлы: «Бүгінгі ғасырда ақпаратты кім бірінші берсе, сол ұтады. Біз полиция қызметіне қатысты негізсіз теріс ақпараттың қоғамға таралып кетуіне жол бермеуіміз керек. Ол үшін ішкі істер бөліністеріндегі баспасөз қызметінде отырған мамандарымыз жедел жұмыс істеуі қажет. Ел аумағында ішкі істер органдарының ұйымдаструымен жиі өтіп жататын жедел-профилактикалық іс-шаралардың бәрін ақпарат құралдарында жариялай берудің қажеті жоқ. Сонымен бірге, полиция қызметкерлерін әсіре дәріптеуден де аулақ болу керек. Егер белгілі бір бөлініс басшылары халық арасына шығып, тұрғындармен кездесулер өткізіп жатса, бұл – оның қызметі. Мұндай жағдайларды жаппай бұқаралық ақпарат құралдарына жариялаудың қажеті шамалы», – деді.
Облыстардан келген ІІД баспасөз хатшылары Ерлан Заманбекұлына өздерін толғандырып жүрген сауалдарын қойып, Ішкі істер министрінің орынбасары нақты жағдайларда қалай әрекет етіп, қандай ақпарат беруге қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Ескендір ТАСБОЛАТ, суретті түсірген Қанат КӨЛБАЕВ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*