Милиция генерал-майоры Өмірзақ БОЛСАМБЕКОВ: Қызметіңе адалдық – Отаныңа адалдықты білдіреді

Ішкі істер саласының қым-қуыт тірлігіне жастық жалынын, құрыш қайратын,бейнетіне арқасын төсеп, бүкіл ғұмырын арнаған, ұзақ жылғы төккен тер, сіңірген еңбегінің өтеуіне бүгінде абыройдың шыңынан көрініп, зор құрметке бөленген тұлға –Ішкі істер органдары мен Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майорыӨмірзақ Болсамбеков. Ол – қызмет жолын милиция бөлімшесінде тергеуші қызметінен бастап, ІІМ-нің штаб бастығы, Ақмола облысы атқару комитеті Ішкі істер басқармасының бастығы деген белестерге адал еңбегімен жеткен қажырлы адам.
Ішкі істер саласына нағыз берілген Өмірзақ Қоспанұлы зейнетке шыққаннан кейін де қол қусырып отырмай, «Динамо» орталық кеңесінің төрағасы болды. Соңғы 11 жылдан бері ІІО және Ұлттық ұлан ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы. Полиция күні қарсаңында милиция генерал-майорыӨмірзақ Болсамбековтен сұхбат алған едік. Келелі істердің басында жүретін, үнемі жиналыстар мен іссапардан босамайтын ардагер ағаның әңгімесі де тағылымға толы.
– Өмірзақ аға, әуелгі әңгімеміз отаншылдық рух жөнінде болсын. Жеңіс күні қарсаңында Бауыржан батыр ескерткіші қасында атамекеннің топырағы салынған капсуланы Ресейге жіберерде сіз ұрпаққа тәлімі мол әңгіме айтып едіңіз. 2 миллиондай сарбаз, 2 жарым мыңдай танк, 3 мыңдай ұшақ қатысқан Сталинград майданының Жеңіске қосқан үлесі жайлы айтқан сіздің әңгімеңіз бізге біраз ой салды. Расында да тарихты бұрмалағысы келетіндер бар ғой, енді бір 50 жылда келер ұрпақ бабаларының осы ерлігін қалай бағалауы мүмкін?
– Биыл 3ақпанда Сталинград шайқасының жеңісіне орай бір топ генерал Волгоградқа барып, үш күн болдық. Мамаев қорғанында жерленген біздің батырларға тағзым еттік. Бұл – тарих, кез келген адам «осы біз кімбіз, аталарымыз қандай болған, олардың басында қандай қиыншылықтар болды» дегенге ойлануы керек. Кез келген сарбаз осы тарихты білуі тиіс. Қайтып келе жатып, Орал қаласында болып, батыр апамыз МәншүкМәметованың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, музейіне бас сұқтық. Мамай қорғанында 40 мыңдай әскер қаза тапқан. Соның ішінде Кеңес Одағының батыры НүркенӘбдіров, маршал Чуйков бар.
Қарағандылық Нүркен Әбдіров 1942 жылдың 19 желтоқсанында Боковская-Пономаревка ауданындағы әуе шайқасында өзінің отқа оранған ұшағын шоғырланған жау танкілерінің ортасына апарып құлатып, ерлікпен қаза тапты. Сталинградты қорғаушы батыр, екі Даңқ орденінің кавалері Ізғұтты Айтықовқа Кеңес Одағының батыры атағы берілді. Дон мен Еділ жағалауында жау бөлімдерін қоршауға алу операциялары кезінде тағы бір қазақстандық Кеңес Одағының батыры, подполковник Тимофей Позолотин (Ақмола облысынан) қолбасшылығындағы 17-ші гвардиялық танк полкі ерекше көзге түскен еді. Сондай-ақ, Салинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан минометші Қарыспай Спатаев пен лейтенант Гаяз Рамаевқа да Кеңес Одағының батыры атағы берілді. «Павлов үйі» гарнизонының құрамында болған оңтүстікқазақстандық батыр Толыбай Мұрзаевтың ерлігі де ел есінде. Шәкір Алпыспаев, К. Көшербаев, Рашид Мерғалиев, Нұртаза Сұлтанов, Қасымбек Естаев сияқты тағы көптегенжауынгерлер Салинград шайқасындағы ерліктері үшін ордендермен марапатталды. Осының бәрі – ұрпаққа насихаттайтын жағдай.
Бұл жеңіске қазақстандықтардың үлесі өте көп. Атқыштар дивизиясы, атты әскер дивизиясы бар, 8 дивизия қатысқан, оның ішінде бір дивизия Ақмолада жасақталған. Киім-кешек, азық-түлікпен көмектесіп, мыңдаған жан окоп пен траншея қазды. Ресейліктердің де қазақстандықтарға көңілдері өте дұрыс болды. Қоғамдық кеңеске Волгоградтың мэрі мен губернаторы қатысты. Негізі бұл үкіметтік деңгейде болуы керек еді, жиынға 27 елден делегат келді. Германияның 7 делегаты сөз сөйлеп, өздері басқа буынның ұрпағы болса да, сол соғыс үшін барша халықтан кешірім сұрады. Біз де келгеннен кейін Қазақстанның топырағын жіберейік деп, Бауыржан батырдың ескерткішінің жанында шара өткізіп, капсулаға салып, атамекеннің топырағын жөнелттік. Мұның мақсаты – бүгіннің өзінде тарихты бұрмалаушылар бар. Сондықтан ұрпақ жадына тарихты мықтап сіңіру керек.
Бүгінде қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыстың алдын алу, тергеу істерін жаңғырту, жетілдіру заман талабына айналып отыр. Реформалар сол үшін керек. Дегенмен, кейде нәтижеге мән бермей жатамыз.Құқық қорғау органдарының қызметінде мына мәселеге баса назар аударылса деп мысал айта аласыз ба?
– 1958 жылдан бастап ІІО қызметіндемін. Ол кезбен салыстырғанда, бұл саланың жұмысы әлдеқайда дамыды, арасы жер мен көктей деуге болады. Омбының арнаулы орта мектебінен соң Ақмола желілік бөлімнің жедел уәкілі болып қызметке кірістім. Ол кезде көлік тапшы. Атпен жүреді. Бір мотоцикл.Газ-69 деген көліктердің өзі санаулы. Қолдағы бар құралымыз – портфель, «Зенит» фотоаппараты. Ал дактилоскопияға гипсті қолданушы едік, оның әуресі де көп. Қазір цифрлы техника жақсы дамыды ғой. Соғыстан кейінгі уақытта форма да жүдеулеу болды.
Қазір қылмыстың түрі де өзгерді. Кейін ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес бөлімі, тапсырыспен кісі өлтіруге байланысты арнайы салалар ашылды. Негізі ІІМ үш киттің арқасында тұрады. Ол – іздеу, меншікті жымқырумен күрес, тергеу ісі.Ең негізгісі – ішкі істер саласы қызметіндегі кадр мәселесі. Кадр тәрбиелеу – әруақытта күн тәртібінде. Ол замандағы менталитет басқа, бұл салаға келгендер ант қабылдайтын, мораль басқаша болатын. Ол кезде адам октябрят, пионер, комсомол, коммунист деген баспалдақтан өтетін, одан қалса, халықтық бақылау деген секілді саяси тәрбие жұмыстары жүргізілетін.
Меніңше, біздің салада да тәрбие жұмысын күшейте түсу керек. Жақында жас тәртіп сақшыларының слетіне қатысып, батамды бердім.«Біздің кезімізде сендер қолданып жүргендей жаңа заманғы техника да, оқулық та арман болды. Ал бүгінде оқимын, адам боламын, нағыз маман боламын деген адамға барлық жағдай жасалған. Білім жағынан біздің сақшыларға тең келер ешкім жоқ. Алайда, сол теорияны практикаға ұштастыру жағы кемшін түсіп жататыны өтірік емес. Сондықтан да көп іздену керек», – дедім.
Сыбайлас жемқорлық дүниежүзінде бүкіл елде бар, оны ешкім толық жеңді деген дерек жоқ. Бірақ, көреген саясат пен зайырлы басқару тетіктерін тиімді пайдалану арқылы күресті күшейтіп, біраз нәтижеге жеткен мемлекеттер баршылық. Ал біздегі ахуал шынымен алаңдатарлық. Сіз ішкі істер саласының белді ардагері, сонымен бірге, көшелі азаматы ретінде қайтсек осы кеселдің алдын алуға болады деп ойлайсыз?
– Жуырда Ішкі істер министрі халық алдында есеп беріп, бізде қылмыстың ашылу деңгейі жоғары екенін айтты. Дегенмен, 137 қылмыстың біздің полицейлердің қолымен жасалғаны, оның 97-сі жемқорлыққа қатысты болғаны көңілге қаяу түсіреді. Біз қайтсек полицияның имиджін көтереміз деген мақсатта жұмыс істеуіміз керек. «Ішкі істер органдарына адал қызмет етсеңдер, абырой да болады, Үкіметтің уәкілі ретінде қамқорлық та болады» дегенді үнемі жас қызметкерлерге айтып жүремін. Президент айтқан 100 қадамның 4 қадамы кадр мәселесіне, жергілікті полицияны халыққа жақындатуға арналған. Біздің министрдің есеп беруі де осы мақсатты көздейді, халық оның жұмысының ашықтығын көреді.
1989-1999 жылдар аралығында Ақмола облыстық Ішкі істер басқармасын басқарып отырғанда, үйі жоқ қызметкерлерге 6 бірдей үй салып бергізуге ықпалыңыз болыпты. Бүгінде ардагерлер арасында баспанаға зәрулері бар ма? Болса, ол мәселе қалай шешімін тауып отыр?
– Бүгінде жас мамандардың баспана мәселесі күрделі екені рас. Бұрын да бүгін жұмысқа кірдің, ертең пәтер беріледі деген болған емес. Бірақ, біртіндеп шешілетін. Сол кездегі Целиноград облысында 10 жылдай басшылық еткенде, біз бұл мәселені шешудің тиімді жолдарын қарастырдық. Реті келгенде айта кетейін, 10 жылда 6 тұрғын үй мен бір балабақша салдық. Ол кезде СМУ, құрылыс басқармасы бар, бюджеттен және бюджеттен тыс қаражаттар болды, осылай мәселені шешіп отырдық. Бұрын ардагерлердің тұрғын үй тұрмыстық мәселелері шешілетін. Кейін оларды тізімнен шығарып, әкімдіктің кезегіне қойды. Қылмыстық атқару өндірістері жабылды, одақ құлап, қиындықтар басталған кезде де бұрынғыдан қалған құрылыс алаңдарын тауып, жұмысты жалғастырдық. Н.Власов 11 құрылыс салды, сол кездегі ІІМ министрдің орынбасары А.Бейсенов 98 пәтердің кілтін табыстады.
Ең алғаш Алматыда 1970 жылдары құрылған Ардагерлер ұйымы орталық аппаратының рөлі Кеңес өкіметі кезінде жоғары болған деседі. Сіздің кеңес те бірталай шаруаға бастамашыл болып келеді. Жұмыстардың бір парасын айта кетсеңіз…
– Алматы қаласында 1970 жылдары құрылған Ардагерлер ұйымының орталық аппараты қырық жылдан астам уақыт жұмыс істеп келді. 1992 жылы бәрін қосып, ІІО ішкі әскер және ардагерлер кеңесі деп ұйымдастырып, әр облыста ардагерлер кеңесі ашылды. 2007 жылы мені пленумда сайлады. 50-60 филиалымыз бар. ҚАЖ,ТЖ салаларының зейнеткерлерін қосқанда, 60 мыңнан асатын мүшеміз бар. Қаржылық жағдайына келсек, бюджеттен көк тиын жоқ. Жеңіс күні қарсаңында әскеріміз бір күндік жалақысын жинап береді. Бастапқы ашылған жылдары демеушілік көмек сұрап, 12 мекенжайға хат жаздым. Сол кезде «Қазақмыс», ҚТЖ,«Соколов-Сарыбай», «Қазақалтын» сияқты мекемелер әжептәуір қаражат жинап берді. Ол қаражатқа спорткешенінің алдынан 2013 жылы монумент қойылды. Егемендік алғалы бері ішкі істер органдарының 688 қызметкері қызмет бабында қаза тапқан екен. Биіктігі 8 метрлік, жалпақтығы 15 метрлік ескерткіш Кеген ауданының мраморынан қашалды.
Сондай-ақ, Жеңістің 70 жылдығында Ақтөбе заң институтына М. Бөкенбаев есімін, Қостанайдағы оқу орнына Ш.Қабылбаевтың, Қарағандыдағы оқу орнына Б.Бейсеновтің есімін бердік. Солтүстік Қазақстан облысында Березовка деген ауылда Ф.Чижиков деген батыр ағамызға ескерткіш қойдық, мектепке есімін бердік. Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында «Жеңіс жолдары» деген кітап жарық көрді.
– Біздің газетімізге ардагерлердің тікелей қатысуымен жер-жерде әртүрлі дәрежедегі қылмыстар ашылып жататыны туралы мақалалар келіп тұрады. Бұл – шынымен де жас полицейлерге үлгі болатын іс.Сонымен бірге, кеңестің алдағы жоспарын білсек…
– Қазіргі уақытта ІІО Ардагерлер кеңесі қоғамдық ұйымының алдында бірнеше мақсат бар. Алдағы жылдың жоспарына келсек, 20 мүсін орнатылған Даңқ алаңын ашпақпыз. ІІМ қызметкерлерінің ішінен 5 мың адам соғысқа қатысқан. Оның 16-сы – Кеңес Одағының батыры, 2-еуі – «Даңқ» орденінің толық кавалері. Біз ардагерлердің ота жасатуларына, мүгедек арбасын алуларынажәрдемдесеміз. Жеңіс мерекесінде мүмкіндігіне қарай 30,50 мың теңгеден сыйақы бөлеміз. Еңбек майдангерлеріне, соғыс ардагерлері дүниеден озғанда, олардың жесірлеріне көмек береміз.
Жалпы айтқанда, Қазақстанның ішкі істер органдарында 60 мыңнан астам ардагер бар десек, соның 200-ден астамы – соғыс ардагері, 400-ге жуығы – еңбек ардагері. Одан бөлек,Чернобыль апатына қатысқан ардагерлер, олардың ішінде жасы 100-ден асқан 100 адам бар. Орал қаласында С.Данилин деген ақсақал 104 жасқа толғанда, біз – Ұлттық Ұланның ардагерлер Кеңесінің төрағасы, генерал-майор Қ. Тоқышев, Ж. Адаев ақсақал бар, үшеуміз сыйлығымызды алып, арнайы барып қайттық. Біздің барғанымызға өзі де, қызы да толқып, көздеріне жас алып, риза болысты.
Мереке қарсаңында ішкі істер органдарының жас қырандарына қандай тілек айтасыз?
– Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан бастап біздің қызметкерлер қоғамдық қауіпсіздікті сақтауда, азаматтарды қылмыстық қолсұғушылықтан қорғауда қалтқысыз қызмет етіп келеді. Жалпы, еліміздің дамуында ішкі істер саласының да орны ерекше. Ендігі меже – озық 30 елдің қатарына қосылу. Соған күш салуымыз қажет. Ол үшін біздің жігіттер, жас қызметкерлер мықты болуы тиіс.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Жадыра ШАМҰРАТОВА

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*