Салтанатпен өткен жарқын сәттер

Жылдағы дәстүрге сай, 23 маусым – Қазақстан полициясы күні биыл да еліміздің әрбір өңірінде кең ауқымда аталып өтті. Құрылғанына 26 жыл толуын тойлап отырған ел сақшылары осы мереке күні өздерінің бір жұдырық болып жұмылып, кез келген қауіпке тойтарыс берердей күш екендіктерін паш етті. Енедеше, сол мерекелік шаралардың бірқатарына назар салып көрсек.

Көліктегі ІІД
Көлік сақшылары биыл құрылғанына 26 жыл толып отырған Қазақстан полициясы күнін атап өтті.
Салтанатты мерекенің құрметті қонақтары ретінде ішкі істер органдарының ардагерлері және қызметтік борыштарын өтеу кезінде қаза болған қызметкерлердің туыстары шақырылды.
«Мәңгілік есімдер» ескерткішіне гүл қою рәсімін Көліктегі ІІД бастығы, полиция полковнигі Аманжол Қабыловтың өзі бастады. Плацқа жиналғандар Отан алдындағы өз міндеттерін өтеу кезінде қаза болған әріптестерінің рухына бір минуттық үнсіздікпен тағзым етті.
«Өткен жылдардағы қиындықтарға қарамастан, біз ішкі істер органдарының қуатты жүйесінің тұрақты іргетасын берік қалай білдік. Үш он жылдыққа жуық уақыт өтсе де, біздің қызметіміз өз маңызын жойған жоқ. Қоғамдық қауіпсіздікті, мемлекеттің тұтастығы мен азаматтардың мүдделерін құқыққа қарсы қолсұғушылықтардан қорғау біздің басты міндеттеріміз болып қала бермек», – деді А. Қабылов. Оның айтуынша, департамент құрылған жылдардан бері қызметтік борышын өтеу кезінде 11 көлік сақшысы қаза тапты. «Бүгін біз бейбіт күнде өз өмірін қазақстандықтардың тыныштығы мен қауіпсіздігі үшін қиған азаматтардың ерлігіне бас иеміз», – деді полиция полковнигі.
Аманжол Жайғалиұлы ІІО ардагерлеріне жас қызметкерлердің тәрбиесіне және ішкі істер органдарындағы өміршең дәстүрді сақтауға қосқан өлшеусіз үлестері үшін өз алғысын білдірді. Бас көлік полицейі барша жиналғандарға мықты денсаулық, отбасылық бақыт, қызметтерінде табыстар тіледі.
Салтанатты шара барысында жарқын істерімен және қызметке деген адалдығымен түрлі мақтауларға лайық азаматтардың есімдері аталып өтті. Олардың қатарында үздік жедел уәкілдер мен тергеушілер, криминалистер мен анықтаушылар бар.
Өз кезегінде ІІО ардагерлері де құттықтау сөздерін арнады. «Сіздердің еңбектеріңіз әрқашан үлкен абырой мен азаматтардың құрметіне лайық. Антқа адал бола жүріп, өздеріңіздің кәсіби міндеттеріңізді мінсіз атқарып, қылмыспен күресте ерлік пен батырлық таныта білдіңіздер», – деді ІІМ құрметті ардагері Жұмабек Жақсылықов.
Осыдан кейін ІІО ардагерлеріне салтанатты түрде құрмет наградалары табыс етілді. Сондай-ақ, мерекелік медальдармен және грамоталармен жеке құрамның 200-ден аса қызметкері марапатталды.
Салтанатты шара соңы департамент ұжымы дайындаған мерекелік концертке ұласып, полиция қызметкерлерінің орындауында Отанға деген махаббат, полиция қызметі, сондай-ақ, ана туралы әндер шырқалды. Үздік орындауларға конкурс жарияланып, жеңімпаздар мен барлық қатысушылар бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Павлодар облыстық ІІД
Биыл павлодарлық полицейлер салтанатты мерекені Орталық алаңда атап өтті.
Іс-шараға департамент басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері, қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болған полиция қызметкерлерінің отбасылары, ІІО жеке құрамы, сондай-ақ, қала тұрғындары қатысты.
Көпшілік алдында Ішкі істер министрі, полиция генерал-полковнигі Қалмұханбет Қасымовтың барлық сала ардагерлерінің халық және Отан алдындағы адал қызметтік міндеттеріне және тәлімгерлік еңбектеріне деген алғысын білдіретін құттықтау хаты оқылды.
Жеке құрамды кәсіби мерекелері – Қазақстан полициясы күнімен облыстық Ішкі істер департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Амантай Әубәкіров құттықтап:
– Сіздер күн сайын қылмысқа қарсы күресіп, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауды қамтамасыз етесіздер. Олардың тыныштықтартын сақтай отырып, қоғамдық орындар мен көшелерде қоғамдық тәртіпті сақтауда еңбек қыласыздар. Осы адал еңбектеріңіздің арқасында бүгінде халықтың полицияға деген сенімі артуда. Атаулы мереке күні Сіздерге тек зор денсаулық, мол бақыт, отбасыларыңызға құт-береке тілеймін! – деген тілегін білдірді.
Қызметтік міндеттерін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция қызметкерлерін еске алуға бір минуттық үнсіздік жарияланды. Олар бейбіт уақытта Отан және халық алдында өз өмірлерін қиды.
Полицейлерді кәсіби мерекелерімен ішкі істер органдарының ардагерлері құттықтап, өз тілектерін айтты.
Қазақстан полициясы күні қарсаңында қызметтік міндеттерін үздік атқарған өңіріміздің полицейлері ведомстволық марапаттармен, Құрмет грамоталарымен және сыйлықтармен награтталды.
Жұмыста жоғары жетістіктерге жеткені үшін және Қазақстан полициясы күнін мерекелеуге орай, Ішкі істер министрінің бұйрығымен Май аудандық ІІБ бастығының бірінші орынбасары Бауыржан Жұмабаев «полиция полковнигі» шенін алды.
«Қазақстан полициясына – 25 жыл» төсбелгісімен 25-тен аса полиция қызметкері марапатталды.
Салтанатты іс-шара полиция қызметкерлерінің қатысуымен концерттік бағдарламамен аяқталды. Дарынды полицейлер Отанға деген сүйіспеншілік, полиция қызметі туралы әндер орындап, өз өнерлерін көрсетті.

Солтүстік Қазақстан облыстық ІІД
Қазақстан полициясы күніне орай, Петропавл қаласындағы басты алаңға 700-ден астам офицерлер мен сержанттар жиналды. Мерекелік іс-шаралар әдеттегідей қызметтік міндеттерін атқару кезінде қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлеріне арналған ескерткішке гүл шоқтарын қоюдан басталды. Солтүстікқазақстандық полицейлер қылмысқа қарсы күресте жан берген әріптестерін еске алды.
Петропавл қаласындағы басты алаңда ішкі істер органдары қызметкерлері жеке құрамының салтанатты сап түзуі өтті. Облыстық ІІД мен Петропавл қалалық ІІБ аппараты, саптық бөліністер, мамандандырылған күзет қызметі басқармасы, әскери институттың және ІІМ Ұлттық ұланы 6637 әскери бөлімінің әскери қызметшілерінен құралған 26 сап түзелді. Ордендері мен медальдарын омырауларына таққан ішкі істер органдарының ардагерлері де бөлек саппен өтті.
Қызметте жоғары нәтижелерге қол жеткізген полиция қызметкерлеріне облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров дәл осы жерде наградалар табыстады. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың құрмет грамотасымен және алғыс хаттарымен ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин, Жамбыл аудандық ІІБ бастығы, полиция полковнигі Арман Құтұшев, ІІД Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы, полиция майоры Руслан Мұхамбетжанов, Шал ақын аудандық ІІБ бастығы, полиция майоры Қабидолла Нұрахметов марапатталды.
Кәсіби мерекенің жалғасы салтанатты жиынға ұласты. ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Берік Біләлов 100-ден астам полиция қызметкері мен ішкі істер органдарының ардагеріне наградалар табыстады. Қызметте, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде және қылмысқа қарсы күресте жоғары көрсеткіштерге қол жеткізгені үшін 3 полиция қызметкері шендерін мерзімінен бұрын алды. Сондай-ақ, 13 полиция офицері осы күні кезекті шендерін алды.
«Жас қызметкерлерді тәрбиелеуге және полиция дәстүрлерін сақтауға қосқан үлестері үшін ардагерлерге ерекше алғыс білдіремін. Өңір полицейлері бұдан былай да құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуде өз қызметтерін мінсіз әрі адал атқарады деген сенімдемін», – деді облыстық ІІД бастығының бірінші орынбасары, полиция полковнигі Қайрат Оразалин, іс-шараға жиналғандарды құттықтау кезінде. Іс-шара мерекелік концертпен аяқталды.

Қызылорда облыстық ІІД
Сыр өңірінде Қызылорда қаласының Орталық алаңында тәртіп сақшыларының басын қосқан мерекелік жиын болып өтті.
Мерекелік бағдарлама аясында полицияның дәстүрлі түрде болатын саптық шеруі өтіп, қаз-қатар тізілген 7 қораптан тұратын сап түзелді.
Саптық шеру полиция қызметкерлерінің саптық машығы мен саптық жарғы ережелерін меңгеруін көрсету мақсатында жүргізілді. Қызметкерлер өздерінің жүріс-тұрысымен, киім киісімен сақшыға лайық мәртебеге сай екендігін көрсетті.
Кәсіби мерекеге орай, департамент бастығы, полиция полковнигі Қайрат Болатұлы мінсіз қызметі мен жоғары кәсібилігі үшін бірқатар полиция қызметкерін марапаттады.
Салтанатты жиын барысында ішкі істер органдарына жұмысқа жаңадан қабылданған жастар қызметті адал және абыроймен атқаруға, ел азаматтарының құқықтары мен бостандықтарын қорғауға салтанатты түрде ант берді.
Полиция қызметіне жаңадан қосылған жас буынды департамент басшылығы құттықтап, азаматтық борыштарын абыроймен атқарылуына тілектестік білдірді. Жас сарбаздар енді елінің тыныштығын күзетуге күш салмақ.
Одан әрі мерекелік жиында жедел ахуалды жақсартуға атсалысып жүрген департаменттің Жылдам қимылдайтын арнайы жасағының сарбаздары кәсіби шеберліктерін паш ететін көрініс қойып, өздерінің ұрыс және қорғаныс кезіндегі әдіс-тәсілдерін де жұртшылық назарына ұсынды.
Сондай-ақ, Қызылорда облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының қолдауымен жас өрендер каратэ әдіс-тәсілдерін көрсетті.
Одан әрі мерекелік шара велошеруге ұласты. Велосипед тізгіндеген 150 спортшы «Сыр Ана» монументінен бастап, қаланың орталық алаңына дейінгі қашықтықты бағындырды. Мерекелік шара аясында әртүрлі спорттық шаралар ұйымдастырылды.

Батыс Қазақстан облыстық ІІД
23 маусымда Орал қаласындағы Абай алаңында Ішкі істер департаментінің ұйымдастыруымен Қазақстан полициясы күніне және Мемлекеттік қызметшілер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Салтанатты шараға облыс және қала басшылығы, мемлекеттік органдардың басшылары, ішкі істер органдарының ардагерлері мен қызметкерлері және олардың мүшелері, сондай-ақ, қала тұрғындары қатысты.
Шараның тұсаукесер рәсімінде осынау кәсіби мерекемен тәртіп сақшыларын құттықтаған облыс әкімі Алтай Көлгінов: «Қазақстан полициясы – елімізді және халқымызды қылмыскердің құрығынан қорғайтын сенімді жасақ. Ал осы жасақта қызмет ету – құрметті әрі игі іс», – деп атап өтті. Одан кейін жұмыс бабында үздік деп танылған полиция қызметкерлерін алғыс хатпен марапаттады.
Облыстық ІІД бастығы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов: «Облыс көлемінде криминогендік ахуал тұрақты жағдайда. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ізін суытпай ашу бойынша республика көлемінде біздің департамент алдыңғы қатарда. Бұл көрсеткіш – тәртіп сақшыларының қызметке байланысты қиындықтарға шыдамдылықпен төзе біліп, адалдық, батылдық, қырағылық танытып, антына берік болып, өзіне жүктелген қызметтік міндеттерін мінсіз атқаруының нәтижесі. Біз – ел қорғаушысымыз. Сондықтан халық бізден кәсіби сауаттылықты, адалдықты әрі инабаттылықты күтеді. Тәртіп сақшысы деген атқа лайық болып, халыққа берген антты орындай біліңіздер!», – деген тілек айтты.
Департамент бастығы жас мамандарды тәрбиелеуге, полиция қызметкерлерінің бойында жоғары адамгершілік құндылықтарын, патриоттық сезімді және Отанына деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға қосқан үлесі үшін сала ардагерлеріне ерекше алғысын білдіріп, аға буын өкілдеріне медальдар табыс етті. Сондай-ақ, бұл мерекеде жұмыс бабында үлгілі атанған бірнеше жас қызметкердің ата-аналарына да алғыс хаттар табыстады.
Егемендік алған жылдар ішінде Батыс Қазақстан облысында қызметтік міндетін орындау кезінде 32 қызметкер қаза тапқан. Әріптестеріміздің есімі біздің жүрегімізде мәңгі сақталады. Қаза тапқан қызметкерлердің отбасылары да назардан тыс қалған емес. Осынау мереке қарсаңында ІІД басшылығы мен әріптестері олардың отбасыларына құрмет білдіріп, естелік сыйлықтар үлестіріп, материалдық көмек көрсетті.
Батыс Қазақстан облыстық ІІД қызметкерлері өздерінің 26 жылдық кәсіби мерекелері қарсаңында әлем, Азия, Еуропа біріншіліктерінде, Олимпиада ойындарында талайды тізе бүктірген спорттағы әріптестеріне алғыс білдірді.
Дәл осы күні спорттық шаралар ұйымдастырылып, полиция қызметкерлері арқан тарту, армрестлинг, кір тасын көтеру бойынша күш сынасты.
Сондай-ақ, Орал қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің дауылпаздары мен жол қозғалысының жас инспекторлары салтанатты шерумен жүріп өтті.
Мерекелік шара облыстық ІІД вокальды-инструментальдық хоры мен филармония көркемөнерпаздар ұжымының бірлесе ұйымдастырған концерттік бағдарламаға ұласты.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*