Оларды қызмет табыстырды

Ақтөбе облысында жиырмаға жуық ерлі-зайыпты полицей қызмет етеді. Солардың бірі – Жанболат пен Айгүл Байдәулетовтер. Қос тәртіп сақшысы Ақтөбе облыстық ІІД-де еңбек етеді. Олар – қызметке деген адалдығымен және отбасындағы сыйластығымен өзгелерге үлгі.
Ерлі-зайыпты полицей Байдәулетовтер 9 жылдан бері жұптары жазылған емес. Үйде де, қызметте де бірге. Таңертең жұмысқа бірге келіп, қызметтен үйге бірге қайтады. Алайда, міндеттері басқа. Жанболат Байдәулетов – есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының бөлім бастығы, полиция майоры.
– Бұл салада 2002 жылдан бері еңбек етіп келемін. 2002 жылы Ақтөбе заң колледжін бітірген соң, Қызылорда облысы, Қазалы аудандық Ішкі істер бөлімінде медициналық айықтырғышта кезекші инспектор болып еңбек жолын бастадым. 2007 жылы Батыс аймақтық көліктегі Ішкі істер басқармасында есірткі бизнесіне қарсы басқармасында жедел уәкіл болып қызметке орналастым. Содан 2001 жылы Орал желілік стансасына аға жедел уәкіл болып қызметке ауысып, кейін қызмет бабымен Ақтөбеге келдім. Менің міндетім – есірткі бизнесіне қарсы күресу, есірткі затын тасымалдаушыларға тосқауыл болу, қылмыстардың алдын алу, – дейді ол.
2013 жылы Жанболат қылмыскерлерді құрықтауда ерлік танытып, көзге түсті. Ақтөбеге Қызылорда облысынан сату мақсатында есірткі заттарын жеткізген қылмыстық топты құрықтады. 12 шақырым бойы қашқан есірткі тасымалдаушы қылмыскерлердің «БМВ» маркалы көлігінің капотына мініп, жедел топ келгенше соңдарына түсіп, ұстауға талпынды. 2013 жылы қызмет бабында көрсеткен өжеттігі үшін Ақтөбе облысы әкімінің шешімімен «Жыл адамы» атағын иеленді.
Зайыбы Айгүл Ахметова да тәртіп сақшысы. Ақтөбе облыстық ІІД Ақпараттық-аналитикалық орталығының аға инспекторы. Тәртіп сақшысы болу Айгүлдің бала күнгі арманы. Жасөспірім кезінде Ақтөбе заң колледжінде оқитын апасына қарап, қызыққан. Арманы алға жетелеп, 2003 жылы заң колледжіне оқуға түседі. Еңбек жолын Батыс аймақтық көліктегі ІІД-де бастаған. Қос полицейді қызмет табыстырған.
– Қызмет барысында Жанболаттың алғырлығы мен жұмысқа тиянақтылығын байқадым. Еңбекқорлығы әкеме ұқсайды. Түркістан, Қызылорда қалаларына дейін бірге барып жүрдік. Кішкентай кезімнен таэквондомен айналыстым. Жас кезімде жарыстарға да қатыстым. Мен үшін ең бастысы – отбасымның амандығы. Жанболат екеуміз бір-бірімізге әркез түсіністікпен қарап, қолдау танытып, балаларымыздың болашағы, еліміздің тыныштығы үшін тер төгіп келеміз. Айына екі рет бір күнді «Отбасы күні» деп балаларымызға арнаймыз. Оларды паркте серуендетіп, еркелетіп, қолдан келгенше мереке ұйымдастыруға тырысамыз. Мен үшін балалардың бақытты болуы – ата-ананың мейіріміне, өзара сыйластығына байланысты. Махаббат пен сүйіспеншілік бар жерде татулық та, береке де болады, – дейді Ақпараттық-аналитикалық орталығының аға инспекторы, полиция майоры Айгүл Ахметова.
Қызметте қатал тәртіп сақшылары отбасында – мейірімді ата-ана. Айгүл мен Жанболат бос уақыттарын балаларына арнайды. Екі бала өсіріп отыр. Іскер маман, аяулы жар, ибалы келін Айгүл балаларының көп болғанын қалайды.

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*