Тыңдаушылар арасындағы тартыс

ІІМ Бауыржан Момышұлы атындағы Оқу орталығының «Әскери пәндер және дене шынықтыру даярлығы» циклы оқытушыларының ұйымдастыруымен ауыспалы құрам арасында жарыстар өтті. Жарыс арқан тарту, кір тасын көтеру, Макаров тапаншасын толық емес бөлшектеу және жинау кезеңдерінен тұрады.
Жалпы, дене мәдениеті мен спорт денсаулықты нығайтудың, еңбекке қабілеттілікті арттырудың, шығармашылық жолды ұзартудың және жеке тұлғаның үйлесімді дамып қалыптасуы, қысылтаяң жағдайда дене күшін заңды қолдану мен басқа да әлеуметтік мәселелерді шешудің тиімді құралы болып табылады. Осыған байланысты, дене тәрбиесі мен спорт проблемаларына жарық түсіретін ғылыми білімдерге көп назар аударылып отыр.
Іс-шара барысында өздерін жоғары деңгейде көрсеткен және белсенді қатысқан тыңдаушылар грамоталармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Атап айтар болсақ, арқан тарту сайысында 1-топ тыңдаушыларына тең келер ешкім табылмады. Ал Батыс Қазақстан облысынан келген тыңдаушы Мират Бауыржанұлы 116 мәрте кір тасын көтеріп, жүлделі орынға ие болды. Сонымен қатар, 9 мм Макаров тапаншасынан нормативтер орындауда өзінің ептілігімен көзге түскен тыңдаушы, Түркістан облыстық ІІД-ден келген Бахытжан Данышпанұлы жоғары нәтиже көрсете білді.
Жоғары деңгейде ұйымдастырылған жарыс арнайы бастапқы оқыту курсы тыңдаушыларына өнегелі бағыт береді және отаншылдыққа, патриоттыққа тәрбиелеуде мәні зор.

М. ШОҚЫБАСОВ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*