Жетістік тек медальмен бағаланбайды

Халқымыз ежелден денсаулықтың қадірін жете түсініп, оны басты байлыққа балаған. Осы қағиданы берік ұстанған мемлекетіміз халқының ойы сергек, дені сау болуы үшін қолда бар мүмкіндіктің бәрін жасауда.
Әлемге аты әйгілі, өзінің адалдығы және кәсібилігімен көпті тәнті еткен қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының атындағы Оқу орталығы да болашақ офицерлерді даярлауда тек біліктілігіне мән беріп қана қоймай, бәсекеге қабілетті, жан-жақты жетілген маман дайындауға бар үлесін қосуда. Осы тұста спортпен шұғылдану, саламатты өмір салтын қалыптастыру, дене даярлығымен қатар, ішкі түйсікті, төзімділік пен беріктікті дамытып, құқық қорғау қызметкерін рухани да байытады.
Спорт – елдің мерейін асырып, абыройын тасытатын сала. Әлемді мойындатып, халық қошеметіне бөленіп жүрген азаматтар елімізде баршылық. Б. Момышұлы атындағы Оқу орталығы басшылығының бастамасымен ер-азаматқа тән қайсар қасиеттер мен күш-жігер танылатын, төзімділік пен табандылық сыналатын спорт саласында жүрген Мырзағали Айтжанов және Қайрат Ералиев мырзалармен тұрақты және ерікті құрамы кездесу өткізді.
Әлем төрінде жеңіс туын желбіретіп, шаршы аламанда топ жарып жүрген қос азамат спорт саласындағы жетістіктері және алдағы жоспарларымен бөлісті. Құқық қорғау саласында қызмет ететін әрбір азамат табанды болуы үшін спортта шыңдалғаны абзал екендігін түсіндірген бас бапкер Мырзағали Құланұлы: «Спортшылар тек физикалық тұрғыда емес, рухани жағынан да шыңдалады. Бір жетістікке жету үшін жылдар бойы шынығып, жаттығасың. Ал оның жемісін халық қолдап, сенім артқанда сезінесің. Сіздер таңдаған жауапты қызмет түрі де спорт секілді. Әрдайым өз бабында болуды және тығырықтан ұтымды әрі тиімді шығуды қажет етеді. Халық сенімі сіздерге де маңызды. Себебі, сіздер олардың құқықтық бостандықтары мен қауіпсіздіктеріне жауап бересіздер», – деді.
Мырзағали Құланұлы – 8 халықаралық дәрежедегі спорт шеберін, 10 спорт шеберін дайындаған үздік бапкер. Олардың қатарында олимпиада чемпиондары Бекзат Саттарханов, Ермахан Ибраимов, Мұхтархан Ділдәбеков, Нұржан Сманов, Бақтияр Артаев, Данияр Елеусінов, т.б. бар.
Ал бүгінгі жүйріктерінің бірі Қайрат Ералиев – жеңіл салмақта жетістікке жетіп жүрген қазақстандық боксшы. Әлем чемпионы (2017), әлем чемпионатының қола жүлдегері (2013) және Азия чемпионаттарының қола жүлдегері (2015, 2017). Халықаралық дәрежедегі Қазақстан Республикасының спорт шебері. Жас та болса, талай белестерді бағындырып жүрген боксшы: «Спортпен айналысу ешқашан кеш емес. Өзін дамытқысы келетін әр азамат ішкі жан-дүниесімен қатар физикалық қуатын да арттыра білуі керек. «Тәні саудың – жаны сау» демекші, біреуге қызмет ету үшін әрдайым қалыпта жүру сіздер үшін міндет», – деп, тыңдаушыларға демеу беріп, спортпен тыңғылықты айналысудың сырларымен бөлісті.
Уақыттарының тығыздығына қарамастан, тыңдаушылармен кездесуге келген спортшыларға Оқу орталығы бастығының міндетін атқарушы, полиция подполковнигі Иса Құрманов алғысын білдіріп, естелік сыйлықтарын табыстады. «Жетістіктер санмен, не медальмен өлшенбейді, ол – халық сенімі, елдің ризашылығы мен қошеметі. Бүтін бір ұлттың сенімін ақтап, намысын қорғау үлкен жауапкершілік пен күшті талап етеді. Осы талаптарды мүлтіксіз орындап келе жатқан спортшыларымыз біздерге үлгі», – деген И. Құрманов залда отырған барша қызметкерлер мен тыңдаушыларды саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Тамаша спорттық дәстүрлерді сақтау арқылы адамгершілікке тәрбиелеуге, ұлт денсаулығын жақсартуға, өскелең ұрпақты шыңдауға тікелей әсер етуге болады. Спорт пен дене тәрбиесі тек денені ғана шынықтырып қоймай, рухты шыңдайды, табанды болуға үйретеді, бәсекелестік қабілетін арттырады.

А. ӘЗТАЙ, Шымкент қаласы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*