Ескерткіш тақта ашылды

Жуырда Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінде Қазақстан полициясының 26 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Шараға ішкі істер органдарының ардагерлері және барлық жеке құрамы қатысты. Салтанатты шара ішкі істер саласында, оның ішінде көліктегі ішкі істер жүйесінде ұзақ жылдар бойы қызмет атқарған полиция генерал-майоры, еңбек ардагері, ҚР Ішкі істер министрлігіне еңбек сіңірген қызметкер Кеңшілік Жұмабаевтың құрметіне арналған ескерткіш тақтаны ашу рәсімімен басталды.
Оған Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімінің бастығы, полиция полковнигі Сарыбай Сәрсенов бастаған бір топ қызмет басшылары және ішкі істер органдарының құрметті ардагерлері мен жаңа буын жас қызметкерлер қатысты. Полиция подполковнигі Ақмадин Құдайбергенов Кеңшілік Сәттібайұлының өмірбаянымен таныстырып өтті.
Ол 1947 жылдың 4 шілдесінде Ақтөбе облысы, Ленин ауданы, Ақай аулында дүниеге келген. Қызметін ішкі істер органдарында 1969 жылдың тамызында Ақтөбе облысы Ленин аудандық атқару комитеті Ішкі істер бөлімінің жол қадағалау инспекторынан бастады. 2001 жылы қайта ұйымдастыру-штаттық өзгерістерге байланысты 3-ші көліктегі ІІБ Астана қаласында дислокацияланған көліктегі Ішкі істер Бас басқармасы болып қайта құрылды. Ол осы басқарманы басқарды.
Оның басшылығымен қысқа уақыт ішінде көліктегі Ішкі істер Бас басқармасының жаңа әкімшілік ғимараты салынды. Кеңшілік Жұмабаев ішкі істер органдарында 30 жылдан аса уақыт қызмет еткен кезде қызметтік борышын орындауда көпке үлгі болды және жас буынды таңдаған мамандықтарына сүйіспеншілікпен қарауға тәрбиеледі.
Ескерткіш тақтаның ашылу құрметіне ұйымдастырылған жиынға генералдың қызы Сәуле Жұмабаева және жақындары мен замандастары ол туралы естеліктермен бөлісті. Шараның екінші бөлігі мерекелік концертке ұласты.
«Бұл мерекені еліміздегі ішкі істер органдары деп аталатын қуатты құрылымды құру жолында аянбай еңбек етіп, тер төккен қадірлі ардагерлерімізді құрметтеу үшін атап өтеміз. Айтулы датаны әрбір жас маманның бойына Отанға деген шынайы сүйіспеншілік ұялату мақсатында дәріптейміз. Ішкі істер органдары тарихының беттеріне қызметтік міндетін өтеу кезінде ерлікпен көз жұмған полицейлердің есімдері алтын әріптермен жазылды. Біз олардың рухы алдында тағзым етеміз», – деді құттықтау сөзінде Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ бастығы, полиция полковнигі Сарыбай Сәрсенов.
Мерейлі мереке қарсаңында ҚР полициясының 26 жылдығына орай ІІО-ның ардагерлері және қызметтегі жетістіктерімен көзге түскен полиция қызметкерлері Көліктегі ІІД және Ақтөбе стансасындағы Ішкі істер желілік бөлімі басшылығы атынан алғыс хаттармен марапатталды.

Ақтөбе стансасындағы ІІЖБ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*