Ардагер рухына тағзым

ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы Академиясында Қазақстан полициясы күніне арналған салтанатты шара аясында ҚСРО ІІМ-нің құрметті қызметкері, милиция генерал-майоры Мақан Есболатұлы Есболатовқа арналған бюсттің салтанатты ашылу рәсімі болды.
Оған ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясының бастығы, полиция генерало-майоры Т.А. Құлыбаев, Ұлттық ұлан және ішкі істер органдары ардагерлері қазақстандық кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры Өмірзақ Болсамбеков, милиция генерал-майоры Р. Қайдаров, полиция генерал-лейтенанты В. Симачев, Алматы қалалық ІІД Ардагерлер кеңесінің төрағасы, милиция генерал-майоры С. Асыл-Кеней қатысты.
Қазақстан полициясы күнімен қонақтар мен әріптестерін және сап түзеген курсанттарды құттықтаған ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы Академиясының бастығы, полиция генерал-майоры Т. Құлыбаев милиция генерал-майоры Мақан Есболатұлына арналған бюсттің ашылуы жайлы айта келе: «Қазақстан полициясындағы генералдар ішінде Мақан Есболатовтың есімі ерекше зор құрметпен аталады. Ішкі істер саласында ол 45 жылдай қызмет атқарды. Өз қызметіне әрқашан адал, Отанын сүйген нағыз азаматтықты көрсетті. Мақан Есболатұлы өзінің 11 жылын бүгінгі біздің Академияда ішкі істер саласына кәсіби мамандар дайындауға арнады. Оның басқаруы кезінде 1980-1991 жылдары КСРО ІІМ-нің Алматы арнайы милиция мектебі өзінің материалдық базасын нығайтып, жоғары милиция мектебі дәрежесін иеленуге мүмкіндік алды.
Милиция генерал-майоры М. Есболатовтың есімі Академияға берілуін оқу орнының оқытушылары мен курсанттары бір ауыздан қолдады. Атақты милиция генерал-майорына арналған бүгінгі ескерткіштің ашылу салтанаты өскелең ұрпақты өткенді құрметтеп, олардың өмірлерінен үлгі алып, жақсы маман болып шығуға септігін тигізеді деген сенімдеміз, – деді.
Сонымен қатар, келген қонақтар М. Есболатов жайында өздерінің естеліктерін айтып, гүл шоқтарын қойды.
Шара барысында Академия курсанттарынан құралған жиынтық жасақ өздерінің жауынгерлік өнерлерін көрсетіп, жаппай бассыздық пен тәртіпсіздік орын алған кездегі жедел әрекет етудің амалдарын орындады. Сонымен бірге, автокөлікпен жүрген лаңкестерді тоқтатып, дереу қолға түсіру тәсілдерін көпшілік назарына ұсынды.
Шара соңында Академия клубында Қазақстан полициясы күніне арналған мерекелік концерт өтті.

Алматы Академиясының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*