Әуелеген оркестр әуендері

Астанада елордамыздың 20 жылдық мерейтойына арналған Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлделері үшін әскери оркестрлердің VІІ халықаралық «Әскери керней» фестивалі мәресіне жетті.
Үш күнге созылған әскери-музыкалық фестивальге бірқатар адуынды өнер ұжымдары атсалысты. Олар – Ұлттық ұланның Үлгілі-көрсетімді оркестрі, Мемлекеттік күзет қызметінің (Президенттік оркестр) әскери оркестрі, ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен оркестрі және Қорғаныс министрлігінің Орталық оркестрі. Сондай-ақ, фестиваль қонақтары ретінде Ресей Федерациясы Ұлттық ұланының әскері Оңтүстік округының әскери оркестрі мен Қытай Халық Республикасы Халықтық қаруланған полициясының оркестрі келіп, фестивальдің ажарын ашты.
Фестивальдің екінші күні «Барыс арена» мұз айдынында Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының жүлдесіне арналған VІI халықаралық «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалінің салтанатты ашылуы өтті. Онда Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары, генерал-майор Альберт Маткаримов сөз сөйлеп, фестивальге қатысушыларға сәттілік тіледі. Оның айтуынша, фестиваль – тек музыкалық сайыс емес, жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу құралының бірі. Шынында да, өңірлік қолбасшылықтардан келген әскери оркестрлер өзара тәжірибе алмасты. Бірінің білмегенін бірі толықтырып, шеберліктерін шыңдады. Ал ашылуға қатысқан жауынгерлер болса, әскери музыкамен рухтанып, жігерлерін жанып қайтты. «Әскери керней» әскери-музыкалық фестивалі тек қана Ұлттық ұлан муканттарының емес, халықаралық қарым-қатынастың тәжірибе алмасу алаңына айналды.
Халықаралық фестивальді өткізу аясында Ұлттық ұлан әскери оркестрлер арасында байқау-сайыс өткізілген болатын. Оның нәтижесі бойынша 3-орынды Қарағанды қаласынан келген «Орталық» өңірлік қолбасшылығының және Петропавл қаласының Ұлттық ұлан Әскери институтының әскери оркестрлері иеленді. Екінші орынды «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының бірлескен әскери оркестрі алса, бірінші орын «Батыс» өңірлік қолбасшылығының бірлескен әскери оркестрінің қанжығасына байланды. Ал «Әскери керней» байқауының бас жүлдесін «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының бірлескен әскери оркестрі ұтып алды.
«Биылғы ән сайысына біз бар ынтамызбен дайындалдық. Біздің бірлескен әскери оркестр құрамында Алматы, Тараз, Шымкент қалаларының әскери оркестрлерінде өнер көрсететін музыканттар бар. Барлығымыз бір атаның баласындай дайындыққа кірістік. Біздің репертуарда әскери-патриоттық, қазақ ұлттық әндерінен бөлек, шетел әншілерінің шығармалары бар. Біз осы жолы танымал әнші Beyonce-тің «Crazy in love» әнін орындадық. Бұдан бөлек, тыңдармандарымызға отандық танымал әнші, марқұм Батырхан Шүкеновтің «Отан-Ана» әнін ұсындық. Барлық шығармалар қазылардың көңілінен шығып, бас жүлдені ұтып алдық», – дейді «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы бірлескен әскери оркестрінің дирижері, аға лейтенант Жарас Нұрмаханов.
Маусымның 23-і күні «Барыс Арена» спорт сарайында VІІ халықаралық «Әскери керней» фестивалінің Саптық концерті өтті. Бұл шара Астана қаласының 20 жылдығымен қатар, Қазақстан полициясы күні кәсіби мерекесіне арналды. Кешке отандық эстрада жұлдыздары Маржан Арапбаева мен Серік Ибрагимов та қатысып, өз әндерін тарту етті.
Шара соңында Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы, генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов фестиваль қатысушылары – Қорғаныс Министрлігі, Мемлекеттік күзет қызметі, ҰҚК Шекара қызметі және Ресей мен Қытайдан келген қонақтарға арнайы сыйлықтарды табыс етті.
– Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы және барлық жеке құрамы атынан барлық қатысушыларды тамаша әуеннің мерекесі және фестивальдің мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, шығармашылық табыстар мен бейбіт өмір тілеймін, – деді өз сөзінде генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов.

Ұлттық ұланының баспасөз қызметі

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*