Әлімжан ЖАРЫЛҚАҒАНОВ: «Сақшы» – сақшылар үшін тәрбие мектебі еді

85 жылдан бері ішкі істер саласының айнасы болған «Сақшы» – «На страже» газеті – ХХ ғасырдың талай қилы оқиғаларының куәсі болған шежірелі басылым. Осынау тарихи жолда ол милиция, кейінгі полиция мен бұқара халық арасында алтын көпір орнатты. Біз аталған басылымдардың пайда болған кезден бергі тарихын тереңнен зерттеп, осы тақырыпта ғылыми зерттеу еңбек жазған филология ғылымдарының кандидаты, 1995-2009 жылдары Ішкі істер министрінің баспасөз хатшысы болған Әлімжан Жарылқағановпен сұхбаттасып, құнды деректерге қаныққан болатынбыз.
Әлімжан Мұратбекұлы, сіз ішкі істер саласында ұзақ жыл еңбек еттіңіз. «Сақшы» газетінің тарихын тереңнен зерттеген адамыз. Жалпы, осы басылымның пайда болуы туралы аз-кем мәлімет бере кетсеңіз?
– Алдымен, еліміздің ішкі істер органдарының қызметі – ең ілгері салалардың бірі екенін айта кеткім келеді. Қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық қорғау міндеттерін мойнына жүктеген ішкі істер қызметінің жұмысы насихатталудан кенде болып көрген жоқ. Бұл үшін толық жағдай жасалған. Министрліктің баспасөз қызметі, облыстық Ішкі істер департаменттерінің баспасөз хатшылары саланың күнделікті жұмысын жұртшылыққа тұрақты түрде таныстырып отырады.
Ішкі істер министрлігі – барлық бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс орнатқан мемлекеттік орган. Сала қызметінің жеделдігінің өзі осыған міндеттейді. Ішкі істер қызметінің сипаты, құқық қорғауға, қоғамдық тәртіпті сақтауға бағытталған шаралардың ұйымдастырылу барысы, жедел әрекет жасайтын полицияның іс-қимылы жөніндегі ақпараттар жұртшылыққа мол таратылады. Барлық бұқаралық ақпарат құралдарының бұл салаға арналған арнайы бағдарламалары мен айдарлары бар. Әйтсе де, ішкі істер саласының өз басылымының жөні бөлек. Мұндай басылымда салаға әбден маманданған, полиция қызметіндегі журналистер қызмет істейді. Сондықтан олардың кәсіби деңгейі жоғары. Бір тақырыпты тереңдете жазуға төселген журналистердің мектебі осындай ортада қалыптасады.
1933 жылғы қаңтар айынан шыға бастаған «Сақшы» – «Страж» газеті Қазақстан өлкелік милиция басқармасының Саяси бөлімінің органы ретінде жарық көрген. Бұл басылым сол күннен бастап милиционерлерді және командалық құрамды кәсіби және саяси жағынан шыңдап, мәдениетке тәрбиелеу міндетін атқарып келеді. Қазақстан милициясының қалыптасу жылдарында жігерлі талап, ерекше энтузиазм болғанын басылым беттерінен көреміз. Осыған орай Ішкі істер министрлігі музейінде сақталған газет нөмірлерінен мынадай мәліметтерді ұшырастырамыз: «Заметкалар, очерктер, өлең жолдары сәт сайын өмірге келіп жатты… Газеттің әрбір санын тағатсыздана күткендер қолдан-қолға тигізбей, үтір-нүктесіне дейін оқып шығатын. Жұмысшы-шаруа милициясы басқармасының қызметкері И. Быстров «Страж» газетінің 1933 жылғы 30 қазандағы санында: «Страж» газеті Қазақ АССР ЖШМ қызметкерлері үшін бағалы дүние болып саналады. Облыстардың аудандарын аралаған кезде жергілікті жерлердегі қызметкерлер газетке қатты қызығатынына, әрбір мақаланы өз жұмыстарына тиімді пайдаланатынына көз жеткіздім», – деп жазады».
«Сақшы – Страж» газетінен бұрын да ішкі істер басылымдарының алғашқы үлгілері болған. 1930-32 жылдарда әртүрлі атпен облыстық жұмысшы-шаруа милициясы басқармаларының газеттері шығып тұрған.
Сол уақыттарда газет беттерінде негізінен қандай тақырыптар көтерілетін еді?
– Ішкі істер министрлігі музейінде Қарағанды облыстық жұмысшы-шаруа милициясы басқармасының «На охране» газетінің 1932 жылғы 10 қарашадағы сегізінші саны сақталған. Осы «На охране» газетінде жарияланған Порошин деген автордың «Построем самолет «Милиционер Казахстана» деген мақаласынан үзінді оқып көрелік: «Кеңестер Одағының қорғаныс қабілетін арттыра отырып, Қарағанды милициясының қызметкерлері «Қазақстан милиционері» атты тегеурінді ұшақ жасау қорына екі күндік жалақысын аударды… Милиционерлер мен комсомолдар құрамы елдің қорғанысын және социализм құрылысын нығайту жолында одан әрі күш біріктіре түсетін болады». Басылымда сипаты осындай ақпараттар өте көп.
Отызыншы жылдарда кеңестік милиция бандитизммен күресті, кулактарға қарсы шапты, ұрлықшылардың жолын кесті, барымташылармен тіресті. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары сауатсыздықты жоюға белсене атсалысты, ауылдардың мәдени деңгейін көтеруге үлес қосты. Жұмысшы-шаруа милициясының сан-салалы жұмыстары «Сақшы – Страж» газетінің бетінде жан-жақты көрініс тапты.
«Сақшы – Страж» алғашқы шыққан күннен бастап оқырмандарын саяси мәліметтерден кенде қылған жоқ. Отызыншы жылдарда кеңес елінде жаппай репрессия жүргені белгілі. Мемлекет билігінде болып, жоғары лауазымды қызмет атқарған тұлғалардың көпшілігі осы репрессияның құрбаны болды. Сол кездегі барлық бұқаралық ақпарат құралдары «халық жауларының» есімдерін күн сайын жариялап жатты. Жұмысшы-шаруа милициясының органы «Сақшы – Страж» басылымы да бұл міндетті үнемі орындап отырды.
Репрессия құрбандарының арасында есімі де елге кең танымал тұлғалар да, соларға көмектескен қатардағы азаматтар да жетерлік. Жазықсыз жапа шеккен мұндай кісілердің аттары отызыншы жылдардағы газеттердің әр бетінен ұшырасады. Азаматтардың атын қаралап жазған мақалалардың сипатына қарап, оның ел үшін, халық үшін қандай іс тындырғанын аңғару қиын емес.
«Сақшы» – «На страже» газетті тек ақпарат құралы емес, сақшылар үшін тәрбие мектебі болған секілді…
– Әрине, тәртіп сақшыларының танымын кеңейтіп, білігін арттыруға ден қойылды. Бұл – қай кезде де күн тәртібінен түспеген міндет. Отызыншы жылдарда милиция қызметкерлері үшін жалпы пәндерді игеру басты мақсат саналды. 1938 жылы жарияланған мынадай мәлімет осыны аңғартады: «Қаңтар айынан бері барлық милиция қызметкерлері ересектерге арналған мектептерде дәріс алуда. Олар орыс тілін, арифметиканы, географияны және партия тарихын оқу үстінде». Газет тек милиция қызметкерлерінің білімін көтеру тақырыбын ғана емес, жалпы халық арасында сауат ашу жұмыстары қалай жүргізіліп жатқанын тұрақты түрде баяндап отырған.
Басылым жеке милиционерлердің тәртібіне ұдайы назар аударғанын байқаймыз. Олардың негізгі қызметіне қоса, қоғамдық жұмыспен қалай айналысып жатқаны үнемі қадағаланған. Қоғамдық жұмыстан бойын аулақ салатын қызметкерлердің ісі сорақы нәрсе ретінде бағаланған. Газет оларды айыптап, өткір сынаған. Мысалы, Щербанкин деген автордың мынадай хабары жарияланған: «Бөлімше командирі Солуянчев көркемөнерпаздар үйірмесіне қатыспайды. Өзіне бағынышты жеке құрамға тәлім-тәрбие көрсетпейді және өзі қоғамдық үрдістен кейін қалды. Ол тәуліктік кезекшілігімді бітірсем болды, ал қалған екі тәулікті мәдени демалыссыз, қайда болса, сонда өткізсем болды деп есептейді. Сондай-ақ Солуянчев жалпыға бірдей қоғамдық жұмыстан да сырт қалды».
Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда әскери саланың айнасы ретінде «Сақшы» – «На страже» газеті де майданнан әрбір жаңалықты қалт жібермей, елге жеткізіп отырғаны белгілі. Бұл турасында мұрағаттан қандай деректер кездестірдіңіз?
– Ішкі істер басылымдарының сол жылдардағы сандарына Екінші дүниежүзілік соғыс тақырыбы да негізгі арқау болған. Соғыс алдындағы халықаралық ахуалға байланысты газет шолушылары бірнеше мақала жариялағанын көреміз. Әлемдік мәні бар оқиғалардың әрі қарай қалай өрістейтіні туралы өзіндік болжамдарын айтқан. Халықаралық жанжалдардың түпкі себептеріне өз көзқарасы тұрғысынан үңіліп, байыптама жасайды. И. Борисов деген автор былай деп жазады: «Германия фашизмі кәзір Шехословакиаға қарсы шабуыл жасауға талпынуда… Ар жағында Венгрия бар. Мұнда азық-түлік запасы орасан көп. Зат байлығы көп. Көп заманнан бері ашығып, тарығып келе жатқан Германия фашизмі бұл елдердің байлығына ынталы болып отыр…».
Мұндай сипаттағы мақалалар соғыс басталғанға дейін арагідік беріліп тұрған. Сол арқылы біріншіден, елді халықаралық жағдай туралы мәліметке қанықтыру, екіншіден, милиция қызметкерлердің саяси танымын арттыру мақсаты көзделген. Оқырман осындай хабарлардан фашизмнің одақтастары, іс-қимылының барысы, түпкі мақсаты жөнінде мағлұмат алады.
Ұлы Отан соғысы басталғанда жедел ақпарат таратқан Информбюродан бастап, барлық бұқаралық ақпарат құралдары майдан мәліметтерін елге кідіріссіз ұсынып отырды. Үкімет шешімімен майдан газеттері жарық көріп тұрды. Барлық газеттер кеңес елі азаматтарының соғыстағы жанқиярлық ерлігі мен тылдағы жанкешті еңбегін үзбей баяндады. Бұл міндетті орындау барысында «Сақшы – Страж» газеті де ешқандай басылымнан қалысқан жоқ. Майданға көмекке жұмылған ел азаматтарының атқарған істерін дерек тілімен нақты көрсетіп отырды.
Елдің жаппай майданға назар аударып, бар күш-жігердің осы мақсатқа жұмсалуы барлық салаларда қиындық туғызған. Жұмысшы-шаруа милициясының да төрт құбылыстары сай болмаған. Бұл саланың жұмысында қай жағынан да жеткіліксіздік байқалған. Кейбір милиция қызметкерлері осыған байланысты ойларын ашық айтып, басылым бетінде жариялап отырған. Жүйе қанша қатал болғанымен қатардағы қызметкерлер өзінің мұқтаждығын баяндап, еркін пікірін білдіре алған. Бұл жағынан «Сақшы – Страж» газеті милиционерлерге қорғау болу міндетін атқарған. Мәселен, А. Еңсебаев деген автор былай жазады: «Арал аудандық бөлімінде милитса қызметкерлеріне керекті киімдер осы күнге дейін жеткілікті болмай келеді. Бөлім қызметкерлерінің көбісі аралас киім киеді. Мен 1939 жылы Сырдария милитсасымен Арал аудандық бөліміне (Қызылорда облысы) кіші милитсионер болып орналастым. Маған берілген киімнің бәрі ескі болды. Сол киімдерімді осы күнге дейін киіп жүрмін. Жалғыз мен ғана емес, менімен бірге қызмет істейтін қызметкерлердің көбісі осындай халде. Біздің бөліміздегі қызметкерлердің жағдайымен санасып, Сырдария милитсасы мен Қызылорда облыстық управлениесінің шаруашылық бөлім нәшәндігі тиісті көмек көрсеткені жөн болар еді».
Мұндай өтініш түріндегі хат-хабарлар газетте көптеп жарияланған. Мақала авторларының бәрі де қызметіне қатысты мәселелерді ортаға салады. Мұндай дүниелерде негізінен қызметтің мүддесі басым тұратынын аңғарту қиын емес.
Бүгінде біз «Полицияның имиджі» деген тіркесті көп айтамыз. Ол кездері бұл басылым милиция қызметкерінің беделін көтеруге атсалысқан ба?
– Әлбетте, «Сақшы – Страж» газетінің басты міндетінің бірі – елдің санасында милиция қызметкерінің үлгілі бейнесін қалыптастыруға жете мән беру еді. Қоғамдық тәртіп үшін күресетін милицонерлердің тынымсыз жұмысын, қызмет барысындағы ерліктерін ұдайы насихаттаған. Басылым милиция қызметіне жұрт жаппай қызығатындай ахуал орнықтыруды мұрат тұтқан. Газет кейін «Қазақстан милициясы» деп аталған жылдарда да бұл міндет абыроймен орындалып отырған. Милиция қызметкерлерінің бұзақыларымен шайқастағы ерлігінен бастап, жауапкершілігі мен адамгершілігі жөніндегі мақалалар бұл мамандық иелерінің беделі биік болуына үлес қосты.
Өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдарында милиция қызметіне деген құрмет айрықша болды. Өйткені, қоғам бұл жылдарда таршылықтан арылып, елдің жағдайы қалыпқа келе бастады. Қоғамда тұрақтылық орнықты. Заң қызметкерінің мәртебесі артты, милиционер мамандығын қалайтын жастардың қатары көбейе түсті. Бұған ішкі істер баспасөзінде жарияланған мақалалардың да ықпалы аз болған жоқ. Милиция қызметінде атқарылған істердің ірілі-ұсақтығына қарамастан елге үлгі болатын жақтарының бәрі де тұрақты баяндалып тұрды.
«Сақшы» – «На страже» газеті 85 жылдық тарихында көбіне орыс тілінде ғана шыққаны мәлім. Тәуелсіздік алғаннан кейін ғана қазақ тіліндегі беттер қосылды. Осы туралы айта кетсеңіз?
– Жасыратыны жоқ, ішкі істер басылымдарында ұзақ жылдар бойы орыс тіліндегі материалдардың үлес салмағы басым болды. Кей кезеңдерде газет бірыңғай орыс тілінде жарық көрді. Тоталитарлық жүйенің сипатына мойынсұнған басылымды тәуелсіздік талаптарына бейімдеу оңайға түскен жоқ. Бұл үшін талай журналистер тынбай еңбек етті. Газеттің бұрынғы редакторы Базарбай Исаев былай деп жазады: «Он жылдай уақыт тек қана орыс тілінде шығып келе жатқан «На страже» газетінің бір бетін қазақша шығаруға министрлік алқасы 1990 жылдың сәуір айында шешім қабылдаған екен. Сол бетті шығару үшін мені шақырды. Ол кезде министрдің бірінші орынбасары Эрнест Басаров болатын. Қазақша бетті шығару сол кісінің бастамасы еді».
Осындай талпыныстардың нәтижесінде 1990 жылдың қыркүйек айынан бастап газеттің бір беті «Сақшы» болып шыққан. Министрлік алқасының шешімі бойынша осы бір бетті шығару үшін тілші, корректор, машинистка штаттары бөлінген. 1992 жылдың наурыз айынан Базарбай Исаевтың бас редакторлығымен «Сақшы» газеті төрт беті қазақша, төрт беті орысша болып шыға бастаған. Ал, 1992 жылдың қыркүйегінде «Сақшы» газеті қазақ тілінде дербес жарыққа шығып, ұзамай жабылып қалған. Кейіннен «Сақшы» және «На страже» газеттері өз алдына бөлек шығып, бүгінгі күнде іргелі басылымдарға айналып отыр.
– Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан Ескендір ТАСБОЛАТ

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*