Полицейлер отбасының мерейі

Кәсіби мереке қарсаңында «Мерейлі отбасы» байқауының аудандық кезеңінде жеңімпаз болып, облыстық кезеңде жүлдегер атанған Ақжар ауданында тұратын полицейлер отбасы отбасылық бақыттың кілті неде екенін айтты.
Ақжар аудандық Ішкі істер бөлімінің инспектор-кинологы, полиция аға лейтенанты Берік Әмренов пен оның жұбайы, кәмелетке толмағандар істері жөніндегі инспектор, полиция капитаны Жанар екеуі бес бала тәрбиелеп отыр. Әріптестерінің арасында сыйлы полиция офицерлері ата-аналық міндеттерді қызметпен қатар алып жүру оңай емес екенін айтады.
Отағасы Берік Сағынайұлы 2006 жылдан бері ішкі істер органдарында қызметте. Уақытша ұстау изоляторында кезекші болған. Ал қазір кинолог болып қызмет атқарып жүр. Өзінің төрт аяқты көмекшісімен бірге ондаған қылмысты ашуға көмектескен.
Балаларға деген ыстық махаббат пен сүйіспеншілік Жанардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына себепші болыпты. Өзі үнемі бас сұғатын аудандық мектеп оқушыларымен тіл табысу да оңайға түседі екен. Тәртібі мен үлгерімі төмен оқушылар да мектеп инспекторының кеңестерін тыңдап, бой түзейді.
«Мен балаларды бөліп-жарып қарамаймын. Олардың жаманы болмайды. Жұмысым өзіме ұнайды. Балаларды түсініп, оларға дұрыс бағыт беріп, тура жолға қоятын сәттер болғанда қуанамын. Бәлкім, менің ақыл-кеңестерім бір кездері олардың өмірлерінде болатын жағдайларды шешуге септігі тиер», – дейді Жанар Мерекеқызы.
Әмреновтер отбасының ең кішкентай мүшелері 2, 3 және 4 жаста. Қыздары Исламия мен Алуа, олардың ағалары Алан жауапкершілікті түсініп, ата-аналары жоқ кезде аға-әпкелерін тыңдап, үйде қалады. Қазір олардың үлкен ұлы Диас Сағынай Петропавл қаласындағы Әбу Досмұхамбетов атындағы мектеп-интернатта білім алуда. Ата-анасы оның оқудағы және спорттағы жетістіктерін мақтан тұтады. Үйде Диастың марапаттары мен медальдарына ерекше орын бөлініпті. Мектепте үздік, күрестен өтетін спорттық біріншіліктердің жүлдегері боп жүрген ағасының жетістіктері – кішкентай інісі үшін үлгі. 9 жастағы Ислам – ата-анасына ағасынан кейінгі қолғанат.
Берік пен Жанардың басты арманы – балаларын қамқоршы, елгезек және елдерінің патриоттары етіп тәрбиелеу. Жарасымды жұп бір кездері ата-аналарынан алған тәлім-тәрбие, отбасылық құндылықтар, үлкенді сыйлау, құрмет көрсету өз балаларының да өмірлік қағидаттарына айналады деген сенімде.

Динара САҒЫНДЫҚОВА, Солтүстік Қазақстан облысы

Алғашқы болып пікір жазыңыз

Пікір жазу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.


*